Ұшақта тәртіп бұзған жолаушыларға кісен салу керек пе?
«Эйр Астана» әуекомпаниясы «Бізбен бірге мансапқа жету» бағдарламасын жүзеге асыруды бастады. Оның негізгі мақсаты – авиациялық мамандықтарды насихаттау, компанияға инженерлер, ұшқыштар, бортсеріктер секілді біліктілігі жоғары мамандарды тарту. Бағдарлама бойынша аталмыш компания медиа-турлар өткізуді жоспарлап отыр. Онда әуекомпания қызметкерлері журналистерді авиакәсіптің қыр-сырымен жіті таныстыратын болды.
Осы ретте «Эйр Астананың» Алматыдағы бас ғимаратында жауапты кәсіп болып саналатын бортсеріктердің күнделікті өміріне арналған бірінші меди-тур болып өтті. Әуекомпания қызметкерлері журналистерге бортта экипаж талаптарын орындау қаншалықты маңызды екенін, құтқару желеткелері не үшін қажет және бортта шылым шегуге неге қатаң тыйым салынғандығы жөнінде кеңінен әңгімелеп берді.
Әрбір жолаушы ұшақ қауіпсіздігін сақтауы тиіс
Дамир ТҰРҒАНОВ, «Эйр Астана» әуекомпаниясының қызметкері:
– Біздің жұмыста ең бірінші қауіпсіздік мәселесі басты назарға алынған. Бізге алғаш жұмысқа келген әрбір бортсерік екі ай бойы қауіпсіздік төңірегінде арнайы дайындықтан өтеді. Теория мен практика қатар жүріп, ұшақ суға құласа не істеу керек, жерге құласа қалай әрекет еткен жөн, егер өрт шықса нені басты назарда ұстауы тиіс – осының барлығы үйретіледі. Мысалы жолаушылар ұшаққа отырғанда ең бірінші бортсеріктер апат болған жағдайда қай есіктен шығу керек, құтқару желеткесін қалай кию керек, арнайы оттегімен жарақтандырылған масканы қалай кию керектігін толық түсіндіреді. Жалпы жолаушылар оттегі маскасын не үшін киюі тиіс? Өйткені ұшақтар аспанға көтерілген сайын молекулалар мен оттегінің таратылуы сирей бастайды. Мәселен жерде жүргенде өзіңізге қажетті жарты литр оттегі керек болса, бір терең демалсаңыз, жетіп жатыр. Ал осы қажетті оттегіні 12 шақырым биіктікте алу үшін 20 рет терең демалуыңыз тиіс. Демек, жоғарыда адамға оттегі жетіспей тұрады. Ал бұл өз кезегінде ең бірінші мидың жұмыс істеу функциясын тежейді. Тіпті аспанда жүргенде оттегі жетіспесе, айналдырған 43 секундтың ішінде мидың жұмыс істеуі тоқтап қалуы мүмкін. Сондықтан ұшақ ұшардың алдында жолаушылар бортсеріктің айтқанын ұқыпты тыңдап, оны орындауы тиіс. Алайда көпшілігі мұны орындамайды, «қойшы, неғылар дейсің, бірінші рет ұшып жүрген жоқпыз ғой» деп немқұрайдылық танытады. Бұл рет жолаушылар өз денсаулықтарын ойлап, ұшу талаптарын орындаса екен дейміз.
Ұшақта темекі тарту – өте қауіпті
«Эйр Астана» әуекомпаниясының қызметкері Дамир Тұрғановтың айтуынша, 1983 жылы Канада әуекомпаниясының бір ұшағында өрт шығып, 23 адам жанып кеткен екен. Негізі, бортта 46 адам болған көрінеді. Мамандардың болжауынша, борттың соңғы салонында орналасқан дәретханадан өрт шығып, оны ауыздықтау мүмкін болмаған. Осыдан кейін ұшақ дереу жерге қонып, жолаушыларды қауіпсіз жерге көшіру басталған. Алайда 23 жолаушы ұшақтан дер уақытында шыға алмай, жанып кеткен. Кейін тексеру жұмыстарын жүргізген уақытта мамандар өрттің нақты неден пайда болғанын айта алмаған. Себебі ұшақ түгелімен жанып, күл болып кеткен. Дегенмен болжам бойынша, ол электр сымдарының тұйықталуынан немесе дәретханада темекі тартқаннан орын алғандығы айтылды. Сондықтан әуекомпания басшылығы ұшақта темекі тартуға қатаң тыйым салып отыр. Десек те, бұрынғы ұшақтарда өртке қарсы қондырғылар орнатылмаған болса, қазіргілерде барлығы соңғы технологиямен жарақтандырылған. Қазір барлық ұшақта, оның дәретханасына дейін түтін детекторы қондырғылары орнатылған. Егер қандай да бір түтін шықса, дереу экипажға дабыл қағылады. «Бірақ, өкінішке қарай, жолаушылар ұшақ дәретханасында темекі тартуын доғармай келеді. Дәретханада тығылып темекі тартып, оның тұқылын қоқыс жәшігіне тастай салады. Ал онда тез жанатын қағаздар бар, ең қауіптісі – осы. Оның үстіне, дәретхана есігі жабық тұрады, оны дер кезінде байқау қиын. Сондықтан өрт лапылдаған уақытта оның алдын алу қиынға соғады. Мынаны есте ұстаңыздар, инженер мамандардың айтуынша, ұшақ айналдырған екі-үш минуттың ішінде-ақ, толық жанып кетеді. Өйткені онда пластик өте көп», – дейді Д.Тұрғанов.
Жоғарыда айтқанымыздай, ұшақта 23 жолаушы қалай жанып кетті? Неге олар дер кезінде ұшақтан шығып кете алмады? Өйткені олар түтіннен сыртқа қалай қарай шығатын жолды таппай қалған. Осыдан бастап бортсеріктер апат кезінде шығатын есік қайда, оған қандай жолақ сызық арқылы баруға болатынына дейін жолаушыларға міндетті түрде көрсететіні сондықтан екен. Ендеше «сақтықта қорлық жоқ», қандай жағдай болмасын, бортсеріктердің айтқандарын орындау өте маңызды. Онымен қоса, ұшақта темекі тарту өте қауіпті екенін әрбір адам түсінуі тиіс. Себебі адам бұл арқылы өзіне ғана емес, басқа да жолаушыларға қауіп төндіруі мүмкін.
Ұшақта жаға ұстасу тыйылмай келеді
«Эйр Астана» әуекомпаниясы қызметкерлерінің сөзіне сенсек, қанша айтса да кейбір жолаушылар ұшақта темекі тартуын доғарар емес. Тіпті осы үшін кейде жолаушылармен қақтығысып қалады екен.
Белла ТОРМЫШЕВА, «Эйр Астана» АҚ-тың бұқарамен байланыс жөніндегі вице-президенті:
– Өкінішке қарай, ішімдік ішіп алған жолаушыны ұшаққа отырғызбай қоюға біздің құқымыз жоқ. Өйткені біз жолаушылардың ішіп алғандығын анықтайтын қондырғысы бар жол полициясы емеспіз. Егер жолаушы ішімдікке сылқия тойып, жүре алмайтын жағдайда болса, тәртіп сақшыларын шақыру арқылы ұшаққа отыруына кедергі келтіре аламыз. Дегенмен ол ішкенмен өздігімен жүре алатын болса, оны ұшаққа отырғызбауға құқымыз жоқ. Оның үстіне, ұшақ ішінде адамдардың бір-біріне қол көтеруі ара-тұра кездесіп тұрады. Нақты айтатын болсақ, осы жылдың өзінде жолаушылардың бір-бірімен жаға ұстасып қалу дерегі 140 рет орын алды. Оның 105-і әуеде болса, қалғаны жерде болды.
«Эйр Астана» әуекомпаниясының қызметкерлері «Сондықтан бізге, бортсеріктерге қақтығыс орын алғанда немесе жолаушылар ішіп алып, дау туғызғанда оларға қолкісен (пластиктен жасалған қол бекіткіш) салуға мемлекет рұқсат беруі керек» деп есептейді. Себебі қолданыстағы заң бойынша негізі кісендерді тек тәртіп сақшылары ғана пайдалануы тиіс. «Бірақ құқық қорғаушылар аспанда емес, жерде жүреді ғой, егер ұшақ ауада жүргенде жанжал туындаса, біз не істей аламыз?», – дейді әуекомпания қызметкерлері. Негізі, халықаралық тәжірибеге сәйкес, шетелдік ірі әуекомпанияларда бұл әдіс ондаған жылдардан бері қолданылып келеді екен. Бірақ бізде оны қолдануға рұқсат жоқ. Қазір әуекомпанияға қатысты неше түрлі дау-жанжалдарды БАҚ құралдары көрсеткеннен кейін Көлік және коммуникация министрлігі, авиация комитеті, Бас прокуратура органдары бұған енді-енді ден қоя бастапты. Қанша десек те, түрлі жағдайларға байланысты ашуға булыққа адам бортсеріктерге ғана емес, тіпті ұшқыштардың кабинасына дейін кіріп кетуі мүмкін. Ал бұл бүкіл адамға қауіп келтіреді деген белгі емес пе? «Сондықтан тиісті құзырлы органдар осы жағына жіті назар аударса екен» дейді әуекомпания қызметкерлері.
Бортсерік болу оңай ма?
Қазіргі кезде аталмыш әуекомпания қарқынды дамып келе жатқандықтан, рейстер мен бағыттар саны ұлғайтылып, бортсеріктерге деген сұраныс артып келеді. Сондықтан қазір болашақ бортсеріктерді іріктеу «Эйр Астананың» Алматы және Астанадағы ғимараттарында жүргізілуде. Бұл ретте үміткерлер барлық сынақтар мен әңгімелесуден өткен соң, олармен еңбек шарты жасалып, осыдан кейін олар барлық халықаралық талаптарға сай келетін оқуға кіріседі. Оған қауіпсіздік бойынша, сервис бойынша, сыртқы келбет бойынша, команда құру бойынша және өзін-өзі қорғау бойынша тренингтер кіреді. Оқу екі кезеңнен тұрады, біріншісі – Алматыда, екіншісі Германиядағы «Кондор» әуекомпаниясының сертификатталған оқу орталығында өткізіледі. Бұл жерде жұмысқа тұру үшін үміткерлер қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуі тиіс.