Үржар асыл тұқымды мал өсіруде
Ел экономикасы нарықтық қатынастарға көшкен жылдары осы саланың құлдырап кеткені баршаға аян. Тек соңғы жылдары мемлекет мал шаруашылығына қолдау жасап, тиісті қаржы ресурстарын бөле бастады. Атап айтсақ, мемлекет жәрдемін асыл тұқымды мал шаруашылығын кәсіп қылғандар да көріп отыр. Негізгі көрсеткіштер бойынша 90-жылдардың деңгейіне жетудің ауылы әлі алыс болғанымен, тұралап қалмай, алға жылжу бар. Айтпақ болғанымыз, «шаруа жасаймын», «кәсіп қыламын» дегендерге мемлекеттен қаражат қарастырылған.
Шығыс Қазақстандағы малды ауданның бірі – Үржар. Ондағы шаруалар малды көбейткеннен гөрі, асылданғанын қалап, мемлекет тарапынан болған көмек арқылы істерін жандандыра бастады. Аудан бойынша бүгінгі таңда 300-ге жуық шаруа қожалығы болса, соның 30%-ы мал санын арттыруға емес, асылдандыруға көңіл бөліп отыр. Осы бағыттағы ірі шаруашылықтың бірі – «Алғабас» қожалығы. Ол асыл тұқымды «әулиекөл» сиырын өсіреді. Осыдан алты жыл бұрын шаруашылық алғаш құрылғанда зеңгі баба тұқымының саны 100-ге таяса, қазір мал басы бірнеше есеге өсті. Бұл – маңдай тер, орасан еңбектің арқасы. Қора толы малдың 600-і — «әулиекөл» тұқымдас сиыры. Асыл тұқымды малдың өнімділігін арттыру бағытындағы шаруаларға мемлекет тарапынан да үлкен қолдау жасалып отыр.
Айыпхан ЫДЫРЫШЕВ, мал дәрігері:
– «Әулиекөл» пародасы азық талғамайды. Бір ұтымдысы, олар тез ет алып, семіреді. Осы парода бұқаларының салмағы бір тоннадан асса, бес жасқа жетпеген сиырларының ең еттісі 700 келіге дейін тартады.
Мемлекеттік субсидияның арқасында шаруашылық асылтұқымды ірі қараны өсіруге мүмкіндік алған. «Қазірде малға қажет жағдайдың бәрі қамтылған. Бордақылау алаңы, жаз жайлауы, қыс қыстауы бар», – дейді ата кәсіпті дөңгелеткен шаруалар.
Мәуліт ҚАЛИЕВ, қожалық басшысы:
– Үкімет мына ауыл шаруашылығына, әсіресе мал шаруашылығына ерекше көңіл бөліп жатыр. Оны, міне, өзіміз көріп, көзіміз жетіп отыр. Мал ұстасаң да, ет сатсаң да субсидия беріледі. Әр кәсіпкер өнімді өзі өндіріп және соны саудаға шығарғаны өте үлкен жетістік деп білемін. Өйткені ортада ешқандай делдал жоқ.
Шаруа қожалығындағы күйлі малдар арнайы қасапханада сойылады. Күніне бес ірі қараның еті дүкенге шығарылады. Жиыны жыл ішінде 80 тонна ет өткізіледі. Оның 65 тоннасы — ірі қараның еті, 10 тоннасы — қой еті.
Мал басын асылдандыру жалпы аудан көлемінде қарқынды жүріп жатыр. Әр ауылдан қолдан ұрықтандыру пункттері ашылған. Аудан бойынша биыл мал бордақылайтын және малды қолдан ұрықтандыратын бірнеше орын ашылады деп жоспарланып отыр.