Әне-міне дегенше, еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіретіні анық. Сонда біз әлемдік нарыққа қандай өнімдерді ұсынамыз? Басқасын былай қойғанда, қазақтың ұлттық тағамдарын сыртқа танытуға шамамыз келе ме, жоқ па? Жоқ, әлде «барымен базар» деп жүре береміз бе? Шүкір, ұлттық тағамдарды бренд ету жолында барын салып жүрген Алаштың азаматтары жетерлік. Идея да көп. Енді солардың басын құрап, бір арнаға тоғыстыратын кез жетті. Қайран, қымыз...
Қымыз фестивалі. Мұнда қымыздан жасалған косметика, витаминді қымыз, балаларға арналған құрғақ қоспа да сатып алуға болады. Бұл өнімдер Еуропаға да экспортталады.
Қымыздың ашқылтым иісі мұрынды жарады. Ферманың айналасы мұнтаздай жинақы, таза. Айнала көгал. Бұл жерде кеңсе, қымыздан дайындалатын өнімдер саудаланатын дүкен де бар.
Бірақ бұл – біздегі емес, Германияlf5s көрініс. Неміс фермері Ханс Цоллманның «қымыз патшалығы». Ол жылқы өсірумен 1959 жылдан бері айналысады. 400-ге жуық жылқысы бар (2010 жылғы мәлімет). Көріп келгендердің айтуына сенсек, сауын уақыты жақындағанда тоқ биелер өз еркімен қораға беттейді екен. Сауын аппараты орнатылған қораның есігі ашылғанда, тәртіпті биелер кезекке тұратын көрінеді. Түнеу жылдары Цоллман қазақтарды қымыз жасауға үйретем деп шалқасынан түсіргені бар.
Ханс ЦОЛЬМАН, _неміс кәсіпкері:
– «Сіздерге қымыз дайындауды үйретем деген ойым жоқ еді. Бір өкініштісі, қазақтар оның өндірісін дер кезінде жолға қоя алмады. Бірақ әлі де кеш емес. Өйткені сіздің дәстүр әлі құрыған жоқ. Ал мен дұрыс бағытта қамшылайтын болармын. Германияға көшіп келген бұрынғы отандастарыңыз менің қымызымды ішіп көрген соң, екі жақтың да қымызын мақтайды»._
Біз жайбарақат жүргенде, Германияда тіпті қымыз өндірушілер одағы да құрылған. Қымызға деген сұраныс өте жоғары, литрі 30 евро шамасында. Ресейде 50 шақты қымыз емханасы жұмыс істейді. Башқұртстандағы «Юматов» санаторийінің 150 жылдық тарихы бар.
Қымызды брендке айналдыруды армандайтын, соның жолында еңбек етіп жүрген Алаштың бір азаматы – «Саржайлау» корпорациясының төрағасы Ахметбек Нұрсила.
Кәсіпкер отандық нарықты сапалы, экологиялық таза ұлттық сусындармен толтыру қажеттігін бұрыннан айтып келеді. Осы орайда ол үш бағытты белгілеп те қойған:
1. Ұлттық сусындар мен тағам өндірісін жолға қою;
2. Қазақтың ас мәзірін ұсынатын арзан кафе мен мейрамханалар ашу;
3. «Көшпенділер өркениеті» атауымен этнотуризмді өркендету. Көшпенділердің бағзы замандағы өмірін көрсететін ауылдарда қолөнер, саз аспаптары, аңшылық, ұлттық сусындар мен тағамдар туристерге ұсынылса._
Ахметбек НҰРСИЛА, «Саржайлау» корпорациясының төрағасы:
– Жарнамасы керемет газдалған сусындарға қарағанда, қымыздың өзіндік құны 100 есе жоғары. Бір сауғанда 200 г ғана дәрулік сусын алынады. Ал қымыз тұтынушыға жеткенге дейінгі жұмыс биені күніне алты рет сауып, оны сақтап, зауытқа апарып, дайындау технологиясын бұлжытпай орындап, содан кейін ыдысқа құюмен аяқталады. Бұл орайда бірден-бір жол – табиғи сусын шығаратын отандық кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету._
Қымызды зерттеуге бүкіл ғұмырын арнаған Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, биология ғылымының докторы, профессор Зұлхарнай Сейітовтің есімі елге таныс. Ғалымның қымызға қатысты идеясы мынадай:
«Құнын түсірмей, қадірін асырамыз десек, қымыз бен шұбатқа рұқсат беруді бір жүйеге келтіруіміз керек. «Кез келген жерде сата бер» деуге тыйым салынып, еліміз бойынша екі-үш орында ғана рұқсат қағаз беретін мекеме болса, қане. Сатылатын қымыздың сапасын қатаң қадағалайтын сауатты лабораториялар ұйымдастырып, ол есепте тұруы керек. Әркім өзінің екі биесінің қымызын базарға, не жол бойына ала жүгірумен ұлттық бренд жасай алмаймыз. Жабайы сауда қымыздың да, шұбаттың да көсегесін көгертпейді. Сонымен қатар жыл бойы бие сауу ісін де қолға алатын уақыт жетті. Егер лауазымды мекемелер бұл игілікті іске ден қойғандарға қаржылай қарайласып, құқықтарын қорғап жатса, ел ішінде жұмысты дөңгелетіп әкететіндер бар. Бастағысы келеді, бірақ аяғына шығара аламын ба, жолда омақаса құлаймын ба деп мықты сенімді серік ете алмайды. Алматының түбіндегі Панфилов совхозында бір кездері жыл бойы бие сауып, қымыз ашыту үрдісі болған. Кейде біз өткеннің бәріне «әй, қойшы» деп қарайтынымыз бар. Жаманнан жиренгенмен, жақсысынан үйренейік. Әсіресе ұлтқа қажет жұмысты жұмған жұдырықтай болып бірге атқарсақ, ұтылмас едік. Бұл ұрпаққа үлгі болып қалар еді. Тіпті жаз айында құрғақ қымызды тонна-тонна етіп жинап алсақ, қыс бойы сусыннан тарықпас едік. Құрғақ қымыздың да бие сүтінен алынатынын, оның да маусымдық бал сусынымыздан бір де кем емес екеніне мен кепілдік беремін» (Дерек көзі: «Егемен Қазақстан» ).
Ал немістер өндірісін әлдеқашан жолға қойған қымыздан дайындалатын балмұздақ пен шоколад бізде енді төрт-бес жылдан кейін өндіріледі деген жоспар бар. Әлбетте, қаржы болса.
Парадокс
• Елімізде жан басына шаққанда сыра 33 литрден келеді немесе бір жылда 480 000 л сыра шығарылады.
Мамандардың айтуынша, адам басына 15 литрден артық сыра ішетін халық құрып бара жатқан ұлт.
• Газдалған сусын, сыра өндірушілер жарнамаға қаржысын аямайды.
• Қымыз өндірісі бір пайызға да жетпейді. Ал оның мүлде зиянсыз, пайдалы сусын екені баяғыда дәлелденген.
Қымыздың жарнамасы «пәлен жердегі апаның қымызы жақсы» деген ұзынқұлақтан аспайды.*
Шіркін, шұбат... Біздің өндірушілер түрлі кедергіні еңсере алмай жүргенде шұбатты да орта жолдан жат-жұрттықтың қағып кеткені есіңізде ме? Алдыңғы жылы Израиль елшісі шұбаттан йогурт пен балмұздақ әзірлеу патентін беруге дайын екендіктерін мәлімдеген.
Сөйтсек, осы елдің профессоры Рэувен Ягиль түйе сүтінен балмұздақ пен йогурт жасау технологиясын патенттеп тастапты. Осы технологиямен әзірленетін балмұздаққа қант қосылмайды, сол үшін де сусамырға шалдыққандар үшін пайдалы. Израильде өндірілген осындай балмұздақ Германияға экспортталады.
Денсаулыққа аса пайдалы сусынның экономикалық пайдасын бізден бұрын түсініп, өндірісті жолға қойған Израильде 3000 түйенің шұбатынан түсетін табыс күніне 60 долларды құрайды. Шұбаттың литрі 10 доллардан кем емес. Салыстыру үшін: біздегі шұбат бағасы – 450-500 теңге, яғни 3 $.
Өнегелі өндіріс *Алдағы уақытта Атырау облысында шұбат өндірісі жаңа деңгейге көтерілмек. Бүгінде мұндағы шаруашылықтарда 10 000-нан астам түйе бар. Түйе саны 90-жылдары күрт қысқарған болатын. Қазір бұрынғы көлемді қалпына келтіру бағытында бірқатар шаралар қолға алынған.
Мәселен, шаруашылықтардың бірі асыл тұқымды мал өсіру бағдарламасы арқылы бөлінген субсидияға 50 түйе сатып алады. Сондай-ақ түйе сүтін өңдейтін цех та ашылады. Атырау университетінің ғалымдары шұбат негізінде жаңа сусын да шығарды. 56 мемлекет қатысқан Кувейт байқауында бірінші орынды иеленіпті.*
Құрт – қазақтың кәмпиті Алматылық өнертапқыш Айдар Шабдарбаев – құртқа ұлттық бренд беру жолында күресіп жүрген жан. 2004 жылы ол өз жаңалығына патент алған болатын. Оның патенті құртты зауыт жағдайында дайындауға мүмкіндік береді.
Заманауи технологияларды қолдана отырып, бәсекеге қабілетті құрт шығаруға болады. Сонда оны шетелге ұялмай экспорттауға да болар еді. Мәселен, құртты әдемі жылтыр қорапқа салып сатса, дүкен сөресіндегі ең қымбат шоколадтармен бәсекеге түсе алар еді. Өйткені баяғыда құрт кәмпиттің орнында жүрді. Қазір дүкенде тұрған қораш қораптағы құрт – бастамасы ғана. Қызығы әлі алда.
Профессор Зұлхарнай Сейітов ағамыз: «Біз кеңес уақытында қазақтың құртын ғарышкерлерге бергенбіз. Олар қайта оралғаннан кейін «бұл неткен керемет дәм?» деген. Сол құртыңыз да ескерусіз қалып барады. Қазақ тағамдарын ұлттық брендке айналдыру үшін арнайы қаулы, не мықты заң керек. Сөйтіп сақтамасақ, барымыздан айырылып қалуымыз мүмкін», – деген еді.
Толағай талқан
«Талқан – көктеген және термоөңдеуден өткен бидай, қара бидай, сұлы және арпадан жасалған өнім. Күш беретін құнарлы тағам әсіресе балаларға, жүкті әйелдерге, қарттарға пайдалы. Поволжье, Орта Азия, Оңтүстік Сібірдің көшпелі халықтарының көне рецептілері негізінде арнайы технологиямен әзірленген. Талқан – жылдам әрі дәмді. Ыстық су құй да, жей бер. Сүтке пісір де балаға бер».
Бұл да – біздің емес, терістік көршіміздің өндірісінен шыққан талқанның жарнамасы. Өйткені Ресейде талқанның түр-түрі өндіріледі. Мәселен, Башқұртстанның ғалымдары сұлы талқанының технологиясын әлдеқашан әзірлеп тастаған. Өздері «Құнарлы дәм» деп атайтын осы тағамның жарнамасы күшті-ақ. Барлық ауруға ем ретінде ұсынудан жалықпайды.
Ал біз үшін талқаның таңсық емес. Қанша дегенмен, өзіміздің ұлттық тағам ғой. Тек өндірісі қолға алынбаған. Ондай өндірісті ашуға ешкім ұмтылып та жатқан жоқ. Жұрт іздегенін базардан табады. Айталық, Алматының көкбазарында талқанның келісі – 1000 теңгенің айналасында.
Негізі, талқан өндірісі қолдан келуін келеді. Еске түсірсек, осыдан он шақты жыл бұрын қайсыбір кәсіпорын дайындап, саудаға шығарды. Кәдімгі жылтыр қағаз қапшықтағы 0,5 келі талқан дүкен сөресінде тұратын. Әрі жылдам өтіп кететін. Бірақ бір-екі жылдан асқан жоқ. Өндіру тиімді болмады ма, кім білсін? Дегенмен сұраныс жоғары болғанын айту керек. Енді көрші елден таси бастадық. Жарты келіге жетпейтін орыстың талқаны –600 теңге. Жаппай талқан өндірісі жоқ болғанымен, жейтін ауыз жетеді. Әзірге жеке адамдардың қолынан шыққан талқанға таласып жүрген жайымыз бар.
Келі қайда?
Қазақтың және бір жеңсік асы – жент. Жентке тары керек. Оған дүкендегі дайын тары жарамайды, бұрыннан келе жатқан өзіндік технологиясы бар: тарыны суырып, елеп, тазартып болған соң, оны күн түсетін ашық жерге екі-үш күндей жайып кептіреді. Сосын суға шайып, баяу отқа қойып, тарының басындағы бүршігі жарылғанша 45 минуттай қайнатады. Езілмес үшін араластырып тұрады. Жұмсарған кезде қазаннан алып, ыстық күйінше қапшықтарға салады. Содан кейін қапшықтың сыртынан суығанша мұздай су құяды. Солай еткенде тары бір-біріне жабыспайды. Осы қалпында таң атқанша тұрады. Келесі күні қытырлақ болғанша қуырады. Сағыз сияқты созылмауы қажет. Содан кейін жаяды. Суығанда түюді бастайды. Түйіп болған соң суырып, екінші рет тағы түйіп, суырады. Сонда ащы кебегі шығып, ұсақ тары астында қалады. Ұсақ тарыдан жент жасайды. Ал ірісі сөк болады. Қазір ауылда келі қалды ма екен? *Қазақтың ұлттық тағамдары осы айтылғандармен шектелмейді. Қазы-қарта, жал-жая, сүр ет, қатық сияқты тағам көп бізде. Әрқайсысының пайдасын Қазақ тағамтану академиясының мамандары дәлелдеген. Ал өндіру жағы шағын кәсіпорын, үйдің ауласынан аспай отыр. Ұлттық тағамдарды брендке айналдыру үшін ең әуелі оларды ірі өндіріске қою қажет. Әйтпесе, таяу болашақта қымызды немістерден, қазыны Италиядан, ал шұбатты Израильден сатып алатын күн алыс емес.
Ел ішінде ұлттық тағамдар өндірісін ашу – брендті былай қойғанда, қосымша жұмыс орындарын ашу деген сөз. Ұлт денсаулығы өз алдына. Сол себепті төмендегі түйткілдерді шешу керек:*
түйіншек *
1. Инвестиция тарту – қымыз, шұбат өндірісі – таусылмайтын табыстың қайнар көзі. Бұл салаға инвестиция салу тиімді, өйткені экспорттық әлеуеті жоғары.
2. Ірі өндіріс – жер-жердегі шағын кәсіпорындардың орнына ірі өндіріс орындарын ашу қажет. Бастапқыда ішкі нарықты қамтитын бес-алты зауыт ашып көрсе де болар еді. Олар аяғынан тік тұрып кеткен соң, сыртқы нарыққа жылжытуға әрекет жасау.
3. Жеңілдік – ұлттық тағам өндірушілерге жеңілдіктер беру: айталық, ең кемі үш жылға дейін қосымша құн салығынан босату; несиені аз пайызбен беру;
4. Патент – ең дұрысы, қатардағы өнертапқыштардың қолындағы патенттерді мемлекет өзі сатып алып, өндірісті өзі ашуы қажет. Сонда патент сыртқа сатылып кетпейді. Әйтпесе біздің өнертапқыштар күнкөріс қамымен идеяларын сыртқа сатуға мәжбүр.
5. Тәрбие – ұлттық тағамдар мерекесін өткізіп тұру. Бұл – кейінгі ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудің бір жолы.*