Адамның сырт келбеті ішкі жан дүниесіне сәйкес келгенде ғана толық сұлулыққа қол жеткізетіні секілді, сәулет өнерінің де ұлттық нақышқа ден қоюы ұлтқа, елге ерекше әр беретіні рас. Өкінішке қарай, өркениет көшіне ілесіп, зәулім ғимараттарға көшкен тұста сан ғасырлардан бері ұлы аналарымыздың зерттеп, зерделеп жасаған ою-өрнектері көзден тасаланып, көңілден өшіп бара жатыр. Бәлкім, бұған баз біреу «қазақты қашанғы киіз үйге қамай бермекпіз» деп қарсы уәж айтар. Алайда ол қазақылықты әлі күнге архаизм еншісіне қалдырып, жаңа заманнан оған орын бермей отырған көзқарас екенін ұғынуымыз шарт. Себебі қазақ болу үшін киіз үйде тұрып, темір тұлпарды арғымаққа айырбастау шарт емес. Заманауи өмір сүріп те қазақ болуға әбден болады!
Қытай жеріндегі оюлы үйлер
Осыдан біраз уақыт бұрын газетіміздің бетінде журналист Біләл Қуаныштың «Еуроремонттың орнын «қазақремонт» басар күн жақын» атты мақаласы жарияланғаны жадыңызда болар?.. Елдің есіл-дерті жаппай дерлік еурожөндеуге, еуростандартты үй салуға ауған заманда кенет желмен бірге ел жақтан жусан иісі мұрынға келсе... Ауыл еске түседі еріксіз.
Баяғыда тасжүректеніп кеткен батырдың жүрегін бір кейуана жусанның исімен жібіткені жайлы аңыз бар еді ғой. Міне, бұл да сол сияқты. Бірақ бұл жолы керісінше, «жусан исі» өзімізден емес, Шығыс жақ іргемізден, шекара сыртынан келіп жетті. Жоғарыдағы мақаланың кейіпкері Үрімжіде «Орда ою» атты сауда серіктестігін құрып, оюлы тас таған, тас төсеніш (кафель) сияқты құрылыс материалдарымен тұтас қазақ ауылын заманауи әрі қазақы сәулетте көмкерген Талғатбек Дүйсенбіұлы елге табан тірегенін естіп, тілдесіп қалуға беттедік.
Талғатбек ДҮЙСЕНБІҰЛЫ, Үрімжі «Орда-ою» сауда шекті серіктестігінің директоры:
– Қытайда Жан Чун Чжан есімді азамат Шыңжан өлкесінің бастығы болғалы әр ұлт өз таным-түсінігіне, өз дәстүріне, өз талғамына сай келетін үй салуға, үйлерін ұлттық нақышта безендіруге кеңінен жол ашылды. Мемлекеттен қаржы бөлініп, әр аудан, әр ауыл өз ұлттық нақышымен үйлерін өрнектеуге көшкен тұста да менің көкейіме «үйімізді қалай қазақыландыруға болады?» деген сұрақ туындады. Қағазға жобасын түсіріп көргеннің өзінде-ақ өте әдемі әрі жүзеге асыру мүмкін екендігі көрінген соң, іске кірістім. Бүгінде төртінші жылға қадам басты, қалың қазақ ежелден мекен етіп келе жатқан Шыңжаң өлкесінде біршама қазақы үйлер бой көтерді. Алғаш бұл іске 7 миллион юань қаржы шығардық. Қазақтың ұлтжанды, қалталы азаматтары қаржы қосты, әрине. Сол 2009 жылдан бері жылына бүкіл Қытайда үй сыртына 300 мың, үйдің ішіне 400 мың шаршы метр тапсырыс аламыз. Шыңжаңда 35 ауданында осы қазақы нақыштағы тұсқағаз, кафель, т.б құрылыс материалдар дүкені жұмыс істесе, жалпы «Орда ою» деп аталатын серіктестікте 81 адам тұрақты жұмыс орнын тауып отыр.
Құрылыс материалдары қарапайым халықтың қалтасы көтеретін гипсокартоннан бастап, фарфор, мәрмарға дейінгі деңгейді қамтиды. Қытай – фарфор жасаудан дүниежүзі бойынша алдыңғы қатардағы ел. Жалпы, қай жағынан алсақ та Аспан асты елінде бәрі арзан, бірақ екінші жағынан онда бәсекелестік тым жоғары. Миллиардтаған қалың қытай арасынан жарып шығудың оңай шаруа емес екенін онымен салыстырғанда санымыз селдір мына біздер мойындауға мәжбүрміз. Құдай иіп, әйтеуір басшының мейірі ауған шақта Шыңжаң өлкесінде тұрғынүйлердің, кафе, мейрамхана, мектеп, мешіт, медресе секілді көпшілік орындарының іші-сырты, тіпті қабірстандар да соның арқасында қазақы кейіпке енген. Нақты сандық дерекпен айтсақ, 2010 жылы бүтін бір қыстақта – 480 үй, келер жылы тағы 600 үй ұлттық бояуға көшкен. Осылайша, біртіндеп қазақтың ою-өрнегі сәулет өнерінен өз орнын тауып, көздің жауын алып жатқан жайы бар. Дегенмен, бір әттеген-айы, оның бәрі қалың қазақтың өз отаны, өз елінде емес, шекара сыртындағы қандастар жерінде. Жалпы, ұлттық сана-сезім, басқа халықтарда қайдам, дәл біздің қазақта өз елімізден гөрі отаннан жырақ қандастар арасында басымдау секілді. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген қағида ма, әйтеуір «Қара жорғаны» Гиннеске енгізіп жатқан да, басқа да түрлі дүниелерімен қазақтың барын әлемге танытуға талпынып жүргендер – шеттегі қандастарымыз.
Жат жұрттағы қазақылықтың жұтымдайын елге әкелсек...
– «Өзге елге сұлтан болғаннан, өз еліңде ұлтан болғанға» не жетсін?!, – деп жалғады әңгімесін Талғатбек Дүйсенбіұлы, – Тағдыр бізге жат жұртта күнелтуді, сол елдің ауасын жұтып, суын ішуді бұйыртса керек, бірақ сол сыртта жүрсем де қазағыма бір пайдамды тигізсем қуанар едім. Сондықтан ендігі арманым – Қазақстанда да үйлер ұлттық «киімге» көшсе. Әйтпесе байқаймын, бай қуатты кісілер былай тұрсын, кедей де тыраштанып үйін еуропаша сәндеп, батыстық үлгідегі жиһазбен жабдықтаудан жарысатындай. Әрине, біреуді мәжбүрлеп, оюларды орынсыз тықпалау емес, мақсатым – әркімнің санасына қозғау салу. Қазір, шүкір, қазақ өзі қалаған киімін киіп, өзі қалаған елге барып, емін-еркін өмір сүре алады. Ендеше, өз үйін неге өзінің қанына, өз жанына жақын нақышта безендірмеске?!. Қай салада болмасын, бүгінде ең басты мәселе – қаржы. Қазақстандық бауырлардан да үйін қазақша безендіруге деген жекелеген тапсырыстар бар. Алайда осы тұста тағы бір мәселе – кеденнен өтудегі ұшан-теңіз тексеру, салық. Осы орайда Қазақстанға әрі сапалы, әрі арзан түсетін бір жол бар, ол – осы елде өндіріс ошағын қалыптастыру.
Яғни, қытайдан ою-өрнекті материал тасығанша жергілікті жерден оларды құйып шығарса, әлдеқайда тиімді түсері сөзсіз. Осы орайда Әлихан бабамыздың «Қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек, әрбір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек» деген қағидасы ойға оралады еріксіз. «Өңірімізге түйме», «үстімізге тоқыма» кигізер ер дайын, бірақ ел ше? Елдің де қалауы оянбауы мүмкін емес, егер ел тізгінін ұстаған құзырлы орындар қолдар болса. Жалпы, Тәуелсіз қазақ елінің сәулет өнерін қазақыландыру турасында мәселе қозғалып, тіпті игілікті іс басталып та кеткен бір кездері. Естеріңізге сала кетсек, Иманғали Тасмағамбетов Алматы қаласына әкім болып келгенде, «ендігі салынатын құрылыстарда ұлттық бояу болуы керек» деп айтқан еді. Біраз тұрғынүйлер сол тұста қазақша «киім» киіп те үлгерген. Өкініштісі сол, ауыс-түйістен соң, ол бастама аяқсыз қалды. Бүгінде Астанадан қазақы иістің шығатынын жасырмауға тиіспіз. Дегенмен әлі де болса Еуропаға еліктеу басым. Осы орайда біз сауалнама жүргізгенімізде сәулетші мамандардың өзі былай деген-ді.
Ақмырза РҮСТЕМБЕКОВ, ҚР Сәулетшілер одағының президенті:
– Тек сәулет өнері ғана емес, көркемөнер, кинематография, жалпы өнердің қай түрі болсын, ұлттық қолтаңба сақталуы тиіс. Қазақстан Еуразияның орталығы болған соң, қаласақ та, қаламасақ та жаһанданудың жетегіне еруге мәжбүрміз. Сондықтан сәулет өнерінің өзінде де құрылыс нысандарының барлығына бірдей ұлттық нақыш енгізе аламыз десем, шындыққа жанаспас. Мысалы, тұрғынүй, АҚШ-та, мейлі Австралияда болсын, ол – тұрғынүй. Сол себепті тұрғынүйге, сол секілді сауда орталығы, оқу орындарына қатысты ұлттық ерекшелікті енгізу шарт емес дер едім. Ал енді мемлекеттік маңызы бар үлкен ғимараттарда, айталық концерттік сарайлар, музей, сол секілді ғимараттарда ұлттық қолтаңба ескерілуі тиіс. Солайша сәулет өнерінде тың серпіліс туар еді.
Қысқасы:
Рас, қазақты қайта киізүйге кіргізе алмаспыз, әр заман адамдарының өз тұрмысына ыңғайлы өмір сүруі заңдылық. Бірақ адамды адамнан ерекшелеп тұратын мінез-құлқы секілді, тұтас ұлтты да жалпақ жұрттан даралайтын өзіндік болмысы менмұндалап тұрса игі. Айталық, Қытай өз Пагодасын, айдаһарын сақтап, тіпті өзге елде де өз ғимараттарын солай салады. Сол секілді жапон халқы да әлемдегі ең бір дамыған мемлекет бола тұра, ешкімге еліктеп-солықтамай, өз үйін жапонның мәдениетіне лайықтап жабдықтаудан жаңылған емес, ғимараттары да солай. Іргеміздегі ала тақиялы ағайындар да, ақал теке елі түркімендер де ұлттық белгісін бермеген. Қаласы, көшелері, үй іші, киген киіміне дейін табиғи, ұлт жанына жақын. Ендеше, бізге неге сөйтпеске, ішіміз де сыртымыз да қазақы, (әрине, заманға бейімделген) нағыз мықты ұлт екенімізді дәлелделік, кешегі олимпиадада әлемді таңғалдырған халық секілді.