Ұялы байланыс: біреулерге пайдалы іс, біреулерге...
Бүгінде өмірімізді ұялы байланыссыз елестету қиын. Қалта телефонымызға тәуелділік деңгейіміздің өскені сондай, бір күн оны ұмыт қалдырсақ, қоршаған ортамен байланыссыз қалғандай күй кешетініміз рас. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін соткасыз жүрмейтін болды. Бұл әншейін теңеу емес...
Статистика агенттігінің мәліметі бойынша, елімізде қазір 17 млн адам тұрады. Ал ұялы байланысты қолданушылар ретінде тіркелген абоненттер саны 29,19 миллионға жеткен. Бұл – статистика агенттігінің биылғы жылғы наурыздағы мәліметі. Ел тұрғындарының ұялы байланыспен қамтылу деңгейі 172 пайызға жетіп отыр. Таңдай қағарлық-ақ көрсеткіш. Осы мәліметтерге қарап, тұрғындардың кемі екі-үш сим-картаға иелік ететінін болжау қиын емес. Әйтсе де бізде ұялы байланыс өз деңгейінде дамыған, қызмет ақысы көкейге қонымды деп айта алмаймыз. Былай қарағанда, қала тұрмақ, ауыл-аймақтың өзі ұялы байланыспен қамтылып жатыр. Ел аумағының 95 (!) пайызында ұялы байланыс бар. Сонда неге бізде ұялы байланыс дамыған деген тұжырым жасауға келгенде тіліміз күрмеле береді?
Бізде ұялы байланыс нарығының дамуы кейбір көрші елдерден неге кейіндеп қалған? Мамандар бұған қатысты бірнеше факторды алға тартады. Оның ең бірінші сатысында демографиялық ахуал тұр. Жоғарыда еліміздегі халықтың нақты санын келтірдік. ҚР Статистика агенттігінің мәліметі халықтың жылдық орташа өсімі бізде 1,7 пайыздан аспайтынын көрсетеді. Бұл жылына шамамен 263,3 мың адам. Яғни халықтың өсімі тым баяу деген сөз. Осы көрсеткіштерге қарап бізде ұялы байланыс нарығы өзінің шарықтау шегіне жақындап келеді деп айтуға толық негіз бар. Екінші себеп: елімізде интерконнекттің жылдық мөлшерлемесі тым жоғары. Интерконнект деген – бір ұялы байланыс операторының өзінің желісінен тыс басқа байланыс операторымен арадағы өзара қосылуы үшін алынатын төлем. Мысалға алсақ, Вeeline абонентіне Кcell операторы абонентімен сөйлесу құны тым қымбатқа шығады. ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігі зерттеуіне назар салсақ, біздегі интерконнект мөлшерлемесі 13,02 теңге көлемінде екенін көреміз. Ал, мәселен, ТМД елдерінде мұндай мөлшерлеме 3-5 теңгеден аспайды. Көріп отырғаныңыздай, айырмашылық екі еседен де жоғары.
Ұялы байланыс нарығын дамыту жолындағы үшінші фактор ретінде елдегі бюрократизм атап көрсетілген. Өйткені бізде радиоэлектронды құралдарды пайдалануға рұқсат беретін құжаттарды алу тым ұзаққа созылатын процесс көрінеді. ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің мәліметіне сүйенсек, бізде радиожиілік ресурсы жетіспейді екен. Мұндай ресурстың 90 пайызын әскери қызмет иеленіп алған. Ұялы байланыстың отандық нарығын дамытуға тағы бір кедергі ұялы мен тұрақты байланыс операторларының арасындағы техникалық мәселелерге келіп тіреледі. Дәлірек айтқанда, бұлардың арасында бірыңғай есеп трафигі жоқ, сондай-ақ жергілікті телефон байланысы мен ұялы байланыс операторының тікелей қосылу мүмкіндігі мүлдем қарастырылмаған.
Тар нарықтың тәлкегі
Көлік және коммуникация министрлігінің бізге берген мәліметіне көз салсақ, елімізде ұялы байланыс GSM (900, 1800), UMTS (700, 2100) және CDMA (450, 800) үлгісінде жүзеге асырылады. Мұның ішінде GSM, UMTS үлгісінде келесідей ұялы байланыс операторлары жұмыс істейді. Біріншісі, бақылаушы акция пакеті TeliaSonera холдингіне тиесілі «Ксеll» АҚ. Акциясының 47 пайызы Fin Tur скандинав – түрік холдингіне тиесілі, бұл компания біздің нарықта Kcell, Activ және Vegaline сауда белгілерімен танымал. Екіншісі, ресейлік «Вымпел-Коммуникация» холдингінің еншілес компаниясы «КаР-Тел» ЖШС. Оны біз Beeline сауда белгісі арқылы танимыз. Үшінші оператор – соңғы кезде жиі ауызға іліге бастаған Tele2 сауда белгісі. Бұл сауда белгісін бізге «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС ұсынды.
Ал енді CDMA үлгісінде «Қазақтелеком» АҚ-қа қарайтын «АЛТЕЛ» АҚ қызмет атқарады. Бұл компанияның еншісінде нарықта Dalacom, Pathword және City атауларымен танылған сауда белгілері бар.
ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің жылда жүргізілетін есебі республикамыздағы ұялы байланыс нарығындағы бәсекелестіктің дамымағанын дәлелдей түседі. Нарықта, жоғарыда санамалап шыққанымыздай, бар-жоғы төрт оператор ғана жұмыс істейді. Ұялы байланыс нарығының негізгі басым бөлігін тек екі оператор – «Ксеll» АҚ мен «КаР-Тел» ЖШС қалыптастырып отыр. Біріншісінің еншісіне нарықтың 51 пайызы тисе, екіншісі 31 пайызын иеленеді. Мұндай жағдай, сөз жоқ, нарыққа қатысушылардың қызмет бағасы тиімді қалыптасуына кері әсерін тигізіп келеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бізде осы азғантай операторлар арасындағы өзара қосылу тетігі де (интерконнект) мешеу күйінде қалған. Осы интерконнекттің мөлшерлемесі – 13,02 теңге, бұл өзге елдердегіден екі еседен де жоғары деп отырмыз ғой. Шындығында, бұл баға Үкіметтің арнайы қаулысымен төмендетілген түрі екен. Ол бұдан бұрын, яғни 2010 жылдары 19,98 теңге болған. Үкіметіміз «интерконнект қызметін табиғи монополиялар саласынан шығарып, бәсекелестік ортаға беру туралы» 2011 жылғы 26 тамыздағы №966 қаулысына сәйкес, қабылданған шаралар негізінде бұрынғы бағаны 34,8 пайызға төмендетуге мүмкіндік туған. Осы 2011 жылға дейін ұялы байланыс операторларының өзара қосылу тарифі бақандай 11 жыл бойы (!) ешқандай өзгеріске ұшырамағаны да таңдандырмай қоймайды. ҚР Көлік және коммуникация министрлігі мен ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің соңғы мәлімдемесіне сенсек, Үкіметіміз интерконнект мөлшерлемесін төмендету бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастырмақ ниетте. Егер бұл шешім біртіндеп жүзеге асатын болса, санаулы жылдарда біз де ТМД елдеріндегі осы саладағы көрсеткішке табан тіреп қалармыз.
Тобықтай түйін
Бірден айтайық, таяу жылдары еліміздің ұялы байланыс нарығында айтарлықтай өзгеріс бола қоймайды. Өзгеріс болуы үшін нарыққа жаңа «ойыншы» қосылуы тиіс қой. Біздің сараптама енді жаңа оператордың бой көрсету мүмкіндігін жоққа шығарып тұрғандай. Елімізде 17 миллион халық болса, ұялы байланыстың жалпы абоненттік базасы 29, 19 миллионға жеткен. Қамтылу деңгейі 200 пайызға жуықтап қалғандықтан,бізде нарықтың дамуы өзінің шарықтау шегіне жетті десек те, артық айтқандық емес. Енді осы деңгейден төмен құлдыратып алмасақ деген қауіп бар. Ондай жағдайға жетпес үшін біздің нарықтағы төртеу (ұялы байланыс операторларын айтып отырмыз) қызмет түрлерін үнемі жетілдіріп, тиімділігін арттыруға күш салуы керек. Нарыққа ерте бастан орныққан екі алыпты (Kcell мен Beeline) ығыстыру үшін жаңа «ойыншыға» мүлдем жаңа, сапалы әрі арзан қызмет түрін ұсыну керек болады. Біздегі радио ресурстық кеңістіктің 90 пайызы әскери қызметтің еншісінде екенін ескерсек, бұл тіптен мүмкін емес жағдай екенін еріксіз мойындауға тура келеді. Сондықтан осы күйімізден айырылып қалмасақ екен деп тілейміз де.