Тұрғын халық денсаулығының әлеуметтік-экономикалық детерминанттары. Қазіргі таңда, денсаулық сақтау саясаты – медициналық көмек беру және қаржыландыруға ғана байланысты деген ғалымдардың көзқарасы өзгеруде. Көптеген елдер медициналық көмек денсаулықты жақсартып, өмір сүру жасын ұзартатынын мойындай келе, халықтың денсаулығына әлеуметтік-экономикалық жағдайдың әсері маңыздырақ екеніне көз жеткізді. Әлеуметтік-экономикалық жағдайдың әсерінен халық ауруға шалдығып, медициналық көмекке жүгінеді. Алғаш осы көзқарас ресми түрде 1974 жылы Канаданың денсаулық сақтау министрі Марк Лэйлондтың ресми баяндамасында айтылды.
Кедейшілік. Кедейшілік деңгейі мен денсаулық арасында тығыз байланыс бар, яғни адам экономикалық қажеттілікке тәуелді болған сайын денсаулығы нашарлайды, оған себеп дұрыс тамақтана алмау мен киім-кешектің жетіспеушілігі. Материалдық мұқтаждық пен денсаулық арасындағы байланысты түсіндіруге мүмкіндік беретін түрлі механизм болуы мүмкін. Жақсы материалдық жағдай тұрғын үй, тамақтану, денсаулық сақтау қызметтеріне және т. б. қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Физиологиялық жүйеге тікелей әсер ететін стресс, қолайсыз жағдайлардан туындаған ағзанының тозуы, сондай-ақ адамның мінез-құлқын өзгертіп, теріс қылықтарға итермелеп, мысалы темекі немесе алкогольге құмар етіп, денсаулыққа жанама түрде кері әсер етуі мүмкін.
Балалық шақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдай. Ересек адамның денсаулығының негізі құрсақтағы және ерте балалық шақтағы кезеңде қаланады. Құрсақтағы баланың оңтайлы дамуына ананың жүктілік кезінде, мысалы, жеткіліксіз немесе құнарсыз тамақтануы, стресс, темекі шегу, есірткі және алкогольді қолдануы кері әсер етеді. Құрсақтағы баланың дұрыс дамымауы оның кейінгі өміріндегі денсаулығына үлкен нұқсан келтіруі мүмкін. Ерте балалық шақтағы адамның өмір сүру ортасы, оның келешектегі тәртібіне, білім алуына, денсаулығына зор ықпал етеді.
Тұрғын үй жағдайы. Тұрғын үй сапасы табиғаттың қолайсыз жағдайларынан қорғаушы ғана емес, оның адамның денсаулық жағдайын елеулі дәрежеде айқындайтын фактор. Тұрғын үй ылғалдылығы респираторлық аурулар тудырып, депрессияға ұшыратып, шаршау, бастың ауруы сияқты белгілер байқалуы мүмкін. Адамдар достары мен туыстарын қонаққа шақыруға ұялып, әлеуметтік оқшаулауға мәжбүр етеді.
Тұрғын үйдегі ауа температурасы да адамның денсаулығына үлкен әсер етеді. Денсаулық сақтау ұйымының есебі бойынша Шығыс Еуропадағы 240000 өлімнің 48000-ы тұрғын үй мүмкіндіктеріне байланысты. Шетел ғалымдарының зерттеулері халықтың өте тығыз қоныстануы менингит, туберкулез, гепатит В ауруларының көбеюіне әкеледі дейді.
Алайда, қазіргі таңның ең күрделі мәселелерінің бірі – «тұрмысы жақсыларға» арналған жайлы аудандар мен «кедейлерге» арналған әлеуметтік жағынан нашар аудандарға бөлу арқылы көрінетін ақылға қонымсыз қала жоспары және нарық тетігінің кесірінен туындайтын әлеуметтік орта. Осы жоспарлау арқасында туындаған «нашар» аудандарда қылмыс, нашақорлық, жұмыссыздық кеңінен таралған.
Жұмыссыздық және жұмыс жағдайы. Жұмыссыздық адам денсаулығына үлкен қауіп-қатер келтіреді. Әр түрлі елде жүргізілген зерттеулер, жұмыссыздықтың денсаулыққа әсері тек оның психологиялық зардабы емес, сонымен қатар, жұмыссыздықтан туған қаржы мәселелерімен де байланысты. Жұмыссыздықтың денсаулыққа кері әсері адамның жұмысты жоғалтуға деген қобалжуынан басталады. Жұмыспен қамтылғандығына кепілдіктің болмауы денсаулыққа жағымсыз әсер етеді. Сонымен қатар, жұмыс ортасының сапалылығы да денсаулықтың қалыптасуына үлкен үлес қосады. Жұмыс орнында адамдар көптеген қауіп-қатерлермен соқтығысады (электромагниттік сәулелену, суықтау, жоғары температура, жоғары ылғалдылық, ластану, шу, діріл, әртүрлі психо-әлеуметтік факторлар).
Әлеуметтік капитал. Адам денсаулығы әлеуметтік өмір сүру ортасының әсеріне шалдыққыш болып келеді. Оның денсаулықты сақтау және жақсартуға себептесетін сапалық көрсеткіші, әлеуметтік капитал деңгейі - әлеуметтік желілер, отбасындағы арақатынас, туыстарымен, достар немесе көршілерімен арақатынасының жиілігі және бейресми әлеуметтік қолдау, дағдарысты ахуал кезінде жанында табылатын, көмек беретін адамның болуы. Әлеуметтік арақатынас ағзамыздың күйзеліске деген физиологиялық реакциясын азайтатыны мәлім. Адамдар бір-бірін қолдап, ақыл-кеңестерімен бөліседі. Саған қамқор болатын, жақсы көретін, сыйлайтын және қадірлейтін адамдардың барын сезінгенде, әлеуметтік желі және әлеуметтік қолдау – денсаулықты жақсартатын факторлары болып табылады. Өзара қолдауға негізделген қарым-қатынас салауатты өмір салтының бейімделуіне себепкер. Қоғамдағы әлеуметтік қарым-қатынастың және сенімнің аздығы немесе жоқтығы адамның өзін оқшауланған және осал сезінуіне алып келуі мүмкін, ол өз кезегінде, күйзеліске шалдыққан адам санының артуына әкеп соғады. Отбасындағы жақсы қарым-қатынас адамға қамқорлық, махаббат және сыйластық сезімін сыйлайды. Бұл, өз кезегінде, күйзелісті азайтады, әлеуметтік оқшаулану сезімін азайтады, денсаулықты қорғауда күшті әсер етеді.
Осылайша, тұрғын халық денсаулығын жақсарту үшін – кепілді кіріс, білім инвестициялары, толық тамақтандыру, қолжетімді және ыңғайлы баспана, қауіпсіз жұмыс шарттары және т.с.с. әлеуметтік-экономикалық жағдайлар жасау қажет.
Ләззат Сейтқазықызы СПАНКУЛОВА,
экономика ғылымдарының докторы, профессор.
Нархоз Университеті