Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіріп, өндіруде түрлі дақыл сорттарының жоғары сапалы болғаны маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Елімізде тұқымды сұрыптаумен айналысатын мекемелер жетерлік. Соның бірі Сайрам ауданындағы сұрыптау телімдік кешені.
Аталмыш телім кешенінің еліміздің ауыл шаруашылығы саласына мол үлес қоса бастағанына 70 жылдан астам уақыт болыпты. Негізгі жұмыстары – өнімділігі жоғары сапалы дақылдардың тұқымын анықтау, оны қолданысқа ендіргізу. Дәнді дақылдардың сорттарын сынақтан өткізіп, алқаптарға егіп, өсіруді де өздері жүзеге асырады. Негізгі талап бойынша жоғары сапалы өсімдік сорттары мемлекеттік асылдандырудағы үлкен жетістікке жатқызылып, арнайы тізімге алынады. Көбіне облыстағы шаруа қожалықтары осы мекеменің қызметіне жүгінеді. Оның себебі де жоқ емес. Мемлекеттік тізімге алынған дақылдардың түріне бюджеттен бөлінетін субсидия алуға болады. «Тұқым шаруашылығы» туралы заңның 13-бабы 4-тармағында тұқымдық сынақтан өтпеген мемлекеттік тізімге алынбаған сорттарды алқаптарға себуге тиым салынады делінген. Сондықтан да өнімділігі жоғары сапалы дақылдарды егу басты талап болып отыр. Шаруалардың біразы кезінде бағасы арзан деп өзге елдерден біраз дақылдардың тұқымын әкеп отырғызып, опық жеп қалғандары да жетерлік.
Мемлекеттік сұрыптау телімінің аудандағы мекемесі биыл дақылдың 25 түрі бойынша сорттық сынағын өткізуді жоспарлап отыр. Олардың арасында масақты, дәнді және майлы өсімдік дақылдары, техникалық, көкөністік, мал азықтық түрлері бар. Патент алуға қабілетті 11 дақыл түрі бар. Бүгінгі таңда 329 сортты сынақтан өткізу қажеттілігі туындап отыр. Мекеменің өзінің арнайы жер телімі бар. Сонда өз өнімдерін електен өткізіп отырады. Соңғы жылдары тұқымдық сұрыптау теліміне неше түрлі тұқымның отаны саналатын Голландиядан, сондай-ақ Алмания, АҚШ, Израиль елдерінен тиісті саланың мамандары келіп, жұмысымен танысып, тәжірибе алмасты. Тұқымдық шаруашылыққа байланысты өздерінің іс-тәжірибесімен бөлісті. Келешекте жерсінуге бейім тұқымдық сорттарымен алмасып тұруды да ортаға салыпты. Соңғы кездері облыстағы шаруа қожалықтарына мемлекеттік тізімге алынбаған ауыл шаруашылығы дақылдарының сорты жеткізіліп ол диқандарға біршама қиындық тудырды. Еккен тұқымы өнім бермей, кейбірі көктей солып, әбігерге түсірді. Сондай-ақ тиісті субсидияны алуға да кері әсерін тигізді. Қазір бұл мекеме жаздық бидай тұқымының жеті түрлі сортын, жаздық арпаның – жеті, күздік бидайдың – үш, арпаның – екі, жүгерінің – сегіз, жоңышқаның үш түрін шаруа қожалықтарына ұсынып отыр. Олардың барлығы да електен өткен, өнімділігі орасан, жоғары сортты тұқымдар. Одан бөлек мақсары, картоп, қызанақ, пияз, қант қызылшасы, қиярдың түр-түрінің сортын таңдауға мүмкіндік мол. Ұтпаса, ұтылып жатқан ешкім жоқ. Мекеме қызметкерлерінің алдына қойған мақсаты – тұтынушыға жоғары сапалы тұқым сорттарын ұсыну. Білікті маманы мен қажетті құрылғылары да жетерлік. Бірақ осыншама ауқымды жұмысты атқарып отырған ғимараттың тозығы жеткен. Іргетасы сонау 1939 жылы қаланғандықтан, бүгінде әбден тозығы жетіп, құлағалы тұр. Сондай-ақ тұқым сорттарына сараптама жүргізетін зертхананың да ескіргені көңілге қаяу салады. «Озық технологиялы соңғы жабдықтармен жабдықталған зертхана болса, бұдан да биік жетістіктерге қол жеткізер едік» дейді мамандар.
Тұқым сорттарын сұрыптау ісі ілгерілеуде
Последние статьи автора