Жуырда Қырғызстанның уақытша үкіметі елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін Тоқтағұл су қоймасының 2011 жылға дейінгі деңгейін белгілеп қойды.
Қойманың жалпы сыйымдылығы 19 млрд текше метр деп белгіленген. Әйтсе де соңғы жылдары мұндағы су көлемі 10 млрд текше метрге де жетпейтін. Былтырғы су қоры 9 млрд 582 текше метрді құраған. Сондықтан кешегі «Тоқтағұл су қоймасында жинақталған су көлемі 16,41 млрд текше метрден асты» деген хабар қырғыз ағайынға майдай жағатыны белгілі. Өйткені бұл – соңғы төрт жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш. Қазір Тоқтағұлдағы су ағымы секундына 1675 текше метр. Ал судың шығыны – секундына 170 текше метр. Бұл да соңғы үш жылмен салыстырғанда жаман емес. Мәселен, өткен жылдың 30 маусымында су шығыны –188 текше метр, 2008 жылы – 504 текше метр, 2007 жылы 330 текше метр болған еді.
Әу баста Тоқтағұл су қоймасы ирригациялық, яғни суландыру режимінде жұмыс істеуге арналған болатын, яғни қыста су жинап, жазда суару үшін егістік жерлерге жіберілетін. Еске түсірсек, 1993 жылы Өзбекстан ақысын төлемегені үшін қырғыздарды «көгілдір отынсыз» қалдырды. Оған жауап ретінде Бішкек Тоқтағұл су қоймасын энергетикалық режимге көшірді. Мамандар Орталық Азиядағы суға қатысты бәленің бәрі осыдан басталды дейді. Айта кеткен жөн, Қырғызстанда өндірілетін бүкіл электр қуатының 70 пайызы осы Тоқтағұлдағы ГЭС-тің үлесінде. Қырғыз мамандары ол болмағанда, елдің 30 пайызы ғана электр қуатымен қамтылатын еді деп өздерін жұбатады.
Алайда Тоқтағұлда суды жинақтау екі елдің (Қазақстан мен Өзбекстан) мүддесін көздейді деген пікірлер де аракідік айтылып қалады. Бірақ бұл сөздің шындыққа жанаспайтынын статистиканың өзі-ақ дәлелдейді. 2008 жылы мұнда небәрі 6,48 млрд текше метр, 2009 жылы одан да аз – 6,31 млрд текше метр су болған. Тіпті жаз тұрмақ, қыста да су жетпеуге айналды. Ондай кезде Тоқтағұл ГЭС-і жоспарланған қуатты өндіре алмайды. Сондықтан қоймада суды жинақтау екі елді суару үшін емес, іштегі электр қуатының тапшылығын болдырмау үшін екені түсінікті. Өйткені электр қуатын экспорттаудан қырғыз бюджетінің бүйірі томпаяды. Біздің оңтүстік аймақтарды жарықпен қамтамасыз ететін нақ осы Тоқтағұл ГЭС-і. Сондықтан жоғарыда айтылған көрші елдерге көрсеткен «қайырымдылық шарасының» орнына қырғыздың экономикалық есебі шыға келеді. Былтыр осы мәселені шешетін бір жол тапқандай еді. Құрылысы әлі бітпеген Қамбар ата су электр стансысы іске қосылса, Тоқтағұл су қоймасын бұрынғы ирригациялық режимге қайта көшіруге болар еді деген жоспар болған. Оған ар жағындағы Өзбекстан өре түрегелді.
Осылайша қазба байлығы там-тұм, бірақ су ресурсына бай Қырғызстан соңғы жылдары оны көрші елдерге доқ көрсету құралына айналдырып алды. 2007-2008 жылдардағы қаһарлы қыс Тоқтағұл су қоймасында жаз кезінде де суды үнемдеуге мәжбүр етті. Бұл Нарын өзенінің төменгі ағысында орналасқан біздің оңтүстік өңір мен Өзбекстанның жазда су тапшылығына ұшырап, қыста су басып қалу қаупіне әкелді.
Кезінде Қырғызстан энергетика министрі Сапарбек Балқыбаев Орталық Азияда су және электр қуатына байланысты жеке саясат жүргізу қажеттігін айтқан болатын. «Көрші елдер Тоқтағұл су қоймасының суын пайдаланады, ал қоймада суды жинақтап, сақтап, ағызып отырған – қырғыз елі. Сол қызметі үшін ақы төлесін», – деп еді.
Сол себепті де қырғыздар үшін су қоймасын толтыру өткір мәселе. Тоқтағұл тартылса, басқаны жарылқау тұрмақ, өз тұрғындарына да жарық бере алмайды. Қоймадағы су деңгейін тұрақтандырмайынша, қиыншылықтан құтыла алмайтынын өздері де біліп отыр. Ал қиыншылық дегеннің әлеуметтік қайшылықтарға әкеп соғатынын бұл елдегі билік жақсы біледі.