Тоқсан есе құнсызданған теңге: болашағы не болмақ?
Қазақ теңгесі қолдануға шығарылған күннен бері 90 есе құнсызданыпты. Алғаш рет айналымға енгенде теңгенің долларға қатынасы 4,69 теңге болса, бүгіндері бұл көрсеткіш 422 теңгеге жеткен. Ұлттық валютамыздың құны қолға тиген соң-ақ түсе бастады: 1994 жылы қаңтарда теңгенің долларға шаққандағы бағасы 10 теңге, қарашада 50 теңгеге жетті. Ал 1999 жылы сәуірге дейін теңгенің долларға қатынасы 85 теңге болса, бір айда бұл көрсеткіш 150-160 теңгеге бір-ақ секірді. Бұл теңгенің бірінші рет құнсыздануы еді.
Теңгенің екінші рет құнсыздануы 2014 жылы тіркелді. Сол жылы ақпанда 1 доллардың бағасы 185 доллар болды. 2015 жылдың соңында 1 доллар үшін 322 теңге төлеуге мәжбүр болдық. Мұны ұлттық валютаның үшінші рет девальвацияға ұшырауы деуге болады және бұл үрдіс жалғаса берді. Сөйтіп, былтыр ақпан айында теңгенің долларға қатынасы 378 теңгеге жетіп, тұрақтағандай болған. Алайда биылғы наурызда теңгенің долларға қатынасы 450 теңгеге жетті.
Әрине, теңге девальвациясына түрлі фактор әсер етеді. Мысалы, соңғы девальвацияға мұнайдың күрт арзандауы мен коронавирус инфекциясы ықпал етті дедік. ОПЕК+ мұнай өндіруді қысқарту туралы қол жеткізген уағдаластық, акциялар нарығында қалыптасқан оң жағдай, дамушы және мұнай экспорттаушы елдер валюталарының нығаюы теңге үшін оң үрдіс болды. Сонымен қатар карантин кезінде көптеген кәсіпорын шектеулі режимде жұмыс істеді, бұл шетел валютасына сұраныстың төмендеуіне әсер етті. Мысалы, наурыз айымен салыстырғанда теңге-доллар жұбы валюталық сауда-саттығының көлемі 3,46 млрд-тан 1,72 млрд долларға дейін төмендеді. Нәтижесінде, бүгіндері теңгенің долларға қатынасы 422 теңгенің маңайында.