«Тірек ауылдар» елге тірек бола ала ма?
Сыр бойындағы жұрттың тең жарымынан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Дария бойындағы дүйім жұрттың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында көптеген іс-шаралар қолға алынып келеді. Жер-жерге жолдар салынды. Ауызсу скважиналары қазылды. Әлеуметтік мекеме ғимараттары салынды. Олардың қатарында аурухана, емхана, мәдениет үйлері мен мектептер бар. Осындай жұмыстардың нәтижесінде елдегі ағайын еңсе түзеп, тұрмыстық ахуалдарын түзей бастады. Иә, әлде де қолға алатын істер баршылық. Елімізде қолға алынған «Тірек елді мекендерді кешенді дамыту» жобасынан елдің күтіп отырған үміті үлкен.
Таяуда осы мақсатта кеңейтілген мәжіліс өтті. Оған барлық аудан, қала әкімі, ауыл әкімдері мен басқарма басшылары және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары қатысты. Ауылдағы ағайынды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау – жергілікті биліктің басты міндетінің бірі. Мемлекеттік аймақтық даму саясатының басымдығы тірек ауылдарын дамыту арқылы әлеуеті төмен елді мекен тұрғындарын тұрақты жұмысқа тартып, осылайша әлеуметтік-экономикалық дамуға қол жеткізу болып табылады.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыстың тірек елді мекендерін дамыту арқылы елдің тұрмыстық жағдайын жақсартуға оң жағдай қалыптасатынын айтып келеді. Аталмыш бағдарлама аясында сол бағытта жүйелі жұмыстар жүзеге асырылады деп күтіліп отыр.
Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясында жаңа экономикалық саясаттың бағыты бірінші кезекте экономикалық тиімділік пен ұзақ мерзімді мүдделер тұрғысынан қарау нақты айқындалған. Осы орайда қабылданған барлық экономикалық және басқару шешімдері де соған бағытталуы тиіс. Біздің де мақсат-мүддеміз осы бағытпен үндеседі. Мемлекет басшысы Жолдауында жұмыссыздық деңгейін төмендету арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға мән берген еді. Сол бағытта тірек ауылдық елді мекендерін кешенді дамыту арқылы жүзеге асыру міндеті жүктелді.
Еліміздің өзіндік ерекшелегі бар. Жер аумағы өте үлкен. Дегенмен онда тұратын халық саны көп емес. Бұл өзімізді өзгелермен салыстырғанда көзге айқын көрінеді. Оның үстіне кең-байтақ аумаққа халық шашыраңқы қоныс тепкен. Мәселен, республика жұртшылығының 40 пайызы тұрғындарының саны 10 мыңға жетпейтін шағын елді мекендерде тұрады екен. Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, тұрғындардың бұлайша шашыраңқы орналасуы олардың бәріне бірдей бір деңгейде инфрақұрылым қалыптастыруға мүмкіндік бермейді.
Тұрғындар саны жөнінен Қызылорда облысы елімізде 12-орын алады. Ал халықтың тығыздығы жөнінен бұл аймақ 16-орында тұр. Яғни әрбір шаршы шақырымға 3,15 адамнан келеді екен. Осыған қарай отырып, Сыр өңірінің елді мекендері бір-бірінен алшақ орналасқанын аңғару қиынға соға қоймас. Сол себепті әрбір ауылға бірдей деңгейде әлеуметтік жағдай жасалып отыр деп айта алмаймыз. Осыған орай бұл тұрғыда ойлануға тура келеді. Оларға қаржы жұмсау тиімділігін қалай арттыруға болады? Алдымен осы жағын талдап, таразылап, таразыға тартқанымыз артық болмас.
Өңірде экономикалық белсенді тұрғындардың басым бөлігі ауыл-аймақтарда өзін-өзі жұмыспен қамтып келеді. Ол нақты өнім шығармайтын салада еңбек етеді. Мәселен, 1998 жылы облыстың ауыл шаруашылығында экономикалық белсенді тұрғындардың үлесі 21 пайызды құрады. Олар сол кезде жалпы ішкі өнімнің 11 пайызын өндірген. Ал бүгінгі таңда агросалада жұмыспен қамтылған 9,8 пайыз тұрғындардың ішкі жалпы өнімдегі үлесі 2,9 пайыздан аспайды.
Еліміздің стратегиясында қазіргі күні экономиканы жан-жақты дамыту бағыты қолға алынды. Ал облыс үшін дамудың басты «өсу нүктелері» облыс орталығы, шағын қалалар және тірек ауылдарын дамыту болып табылады. Нақты кезеңде Сыр өңірінде барлығы 263 елді мекен бар. Оларда 420 мыңнан астам халық тұрады. Сол қоныстардың ішінен шикізаттық, инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік қуаты мен басқа да маңызды факторларын ескере отырып 43 тірек елді мекен анықталды. Алғашқы кезекте олардың сегізіне жұмыстар жүргізіледі. Келер жылы бұл бағыттағы жұмыстар облыстың екі ауылында бастау алады.
Мархабат ЖАЙЫМБЕТОВ, Арал ауданының әкімі:
– Тірек елді мекендерде халықты жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жұмыстарды қолға алмақпыз. Аудандағы Сексеуіл кентін кешенді дамыту жоспарына көңіл бөлінеді. Аталған кент тоғыз жолдың торабына орналасқан. Атап айтқанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік жолы мен «Бейнеу – Шымкент» магистральды газ құбыры кентке жақын жерден өтеді. Биылғы жылдың соңына дейін «Сексеуіл – Жезқазған» теміржол учаскесі пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Содан кейін Сексеуіл тораптық стансыға айналады деп күтілуде. Оған қоса тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп отырған «Арал-Сарбұлақ» су құбыры осы маңнан өтеді. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін Сексеуіл кенті тірек елді мекені ретінде таңдап алынған.
Елбасы Сыр өңіріне жасаған сапарында аймақта шағын және орта бизнесті дамыту туралы тапсырды. Осы орайда алдағы 3 жылда жалпы құны 560 млн теңгені құрайтын 13 жоба жүзеге асырылады. Осы жобалар іске асқан жағдайда барлығы 1100 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал нақты кезеңде кенттегі жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны – 2500 адам. «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы алдағы алты жыл ішінде аймаққа 20 млрд теңге тікелей инвестиция салуды жоспарлап отыр. Оның бір бөлігі, яғни 3 млрд теңгесі осы кентте әлеуметтік нысандар салуға бағытталады. «Сексеуіл – Жезқазған» теміржол учаскесі бойында барлығы 13 стансы мен 38 жолайрық (разъезд) салынады. Оның бір стансысы мен төрт жолайрығы облыс аумағында болады. Жалпы, аталған болат жолдың 116 шақырымы Арал ауданының аумағынан өтеді.
Ал Қазалы ауданында тірек елді мекені ретінде Жанқожа батыр атындағы ауыл таңдап алынған. Онда 18 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Нәтижесінде 171 жан тұрақты жұмыспен қамтылады. Осы ауылда шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдай бар.
Қармақшы ауданында Байқоңыр қаласының құрамдас бөлігі ретінде оған қызмет етіп келе жатқан Төретам кентін тіректі елді мекен ретінде дамыту ойластырылуда. Республикалық бюджет есебінен аталмыш кентте жалпы құны 1600 млн теңгеге жуықтайтын бес жобаны жүзеге асыру ойластырылып отыр. Атап айтқанда, олардың қатарында кентті газдандыру, электр желілерін қайта жаңғырту және теміржол үстінен жаяу жүргіншілер үшін көпір салу секілді жұмыстар бар. Оған қоса, Төретамда облыстық бюджет есебінен – төрт, аудандық бюджет есебінен тағы үш жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Ал жеке кәсіпкерлер 2 млрд 698 млн теңгенің 37 жобасын қолға алады. Дегенмен онда жер мәселесі біршама кедергісін келтіріп отыр. Ол кентте шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына кедергісін тигізуде. Жалағашта – Мәдениет, Сырдарияда – Ақжарма, Шиеліде – Еңбекші, Жаңақорғанда Түгіскен ауылын кешенді дамытуға қатысты жобалар ойластырылуда.
Қызылорда қаласының тап іргесінде Тасбөгет атты кент орын тепкен. Бұл қоныс бұрынғы жылдарда Сырдария ауданының орталығы болған. Ауданның Тереңөзекке қосылуына байланысты Тасбөгет содан бері қала құрамына енгізілді. Қызылорданың қасында қоныс тепкенімен, онда әлі де шешілмеген түйткілдер баршылық. Келешекте Тасбөгетті дамыту жұмыстары да аталмыш жоба аясында жүзеге асырылады деп күтілуде.
Біздің облысымыз тоғыз жолдың торабында орналасқан. Теміржол мен халықаралық көлік дәлізі Сыр өңірінің басым бөлігін басып өтеді. Сондай-ақ магистралды газ құбыры келешекте облыстағы елді мекендердің негізгі аумағын қамтитын болады. Бұл – біздің басты ерекшелігіміздің бірі. Ендеше, біздің облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсартуға мол мүмкіндік бар.