Теректі қалай табыс көзіне айналдыруға болады?
Елімізде жыл сайын түрлі деңгейдегі бюджеттік әлеуметтік мекемелер мен жергілікті атқару органдарына және көгалдандыру жұмыстарына бюджеттен қомақты қаржы жұмсалады. Аулаға, көше мен саябаққа егу үшін тәлімбақтардан сатып алынатын бұл көшеттердің көпшілігі өкінішке орай өнбей қалады немесе күтім жасалмағандықтан белгілі бір уақыттан кейін қурап қалады. Алайда оның есебін жүргізіп, атқарылған жұмыстың қаншалықты тиімді-тиімсіз болғанын талдап, сараптама жүргізіп жатқан ешкім жоқ. Сол себепті әрдайым көктемде және күзде жүргізілетін ағаш егу акциялары кезінде ұрандатып бастаған жұмыстардың басы таудай болғанымен аяғы қылдай болып жататыны ешкімге құпия емес.
Шағын бизнесті өркендетуде қоршаған ортаны көгалдандыру саласының өзіндік әлеуеті бар. Алайда оны кім қаншалықты пайдаланып отыр деген сауалға әзірге ешкім нақты жауап бере алмауда. Сол себепті біз осы бағыттағы өз ой-пікірімізбен бөліскенді жөн көріп отырмыз.
Тәлімбақтар ашып, жұртшылық арасында үлкен сұранысқа ие болып жүрген өсімдіктерді (оның ішінде гүлдерді, бұталар мен ағаштарды) көбейтіп, сату қаржыны аса көп қажет етпейтінін біреу білсе, біреу оған аса мән бермеуі мүмкін. Алайда бұл кәсіп, ерінбей еңбек еткен жанды ешқашан құр қалдырмайды. Егер ақылмен ойластырып іс жасаса, одан көп күш шығармай-ақ қомақты қаржы табуға болады. Оған жай ғана терек ағашын мысалға келтірейік.
Теректің әлемде 110-ге жуық түрі болса, Қазақстанда оның 20 шақты түрі өседі. Оның сирек кездесетін кейбіреуі «Қызыл кітапқа» да енгізілген. Бойы 45 метрге дейін жететін теректің кейбір түрлері 150 жылға дейін өмір сүреді. Терек ағашы жалпы республиканың барлық аймағында кездеседі. Бабын тапса оның кейбір түрлері жылына 3 метрге дейін өседі. Тез өсетіндігі мен әсемдігіне байланысты ол негізінен көгалдандыруда қолданылады. Өкінішке орай қатты аяз бен қапырық ыстықта және боранда адам мен өзге жан-жануарларға қалқан болып, көтерілген шаң мен тозаңды азайтуға зор септігін тигізетін оны соңғы жылдары жөн-жосықсыз кесу көбейіп кетті. Оның зиянынан, пайдасы көп екенін ескеріп жатқандар мүлде аз. Олардың уәжітеректің мамыр-маусым айларында мамығы айналаны ластап, өрт шығу қаупін ұлғайтып ғана қоймай аллергия тудыратыны ғана. Ал теректің аналығын емес, аталығын отырғызғанда мұндай қолайсыздықтар болмайтынына өкінішке орай көп жерде мән берілмеуде. Тіпті кейбір елдімекендерде жергілікті әкімшілік басшыларының нұсқауы бойынша олар кесіліп, орнына қымбат қылқан жапырақты ағаш көшеттері сатып алынып егілуде.
Егер теректі көгалдандырудан бөлек, егін, мал, омарта, дәрі-дәрмек, қолөнер, құрылыс, жиһаз, парфюмерия, тері илеу өнеркәсібі сияқты сан алуан шаруашылық салаларында кең қолдануға болатынын ескерсек оның пайдасы шаш-етектен деуге толық негіз бар. Ал оны көбейтіп, өсіру ешқандай артық шығынды қажет етпейді.
«Гүлстан» республикалық ғылыми-танымдық, көпшілік журналының бас редакторы Гөзел Құлжабаеваның айтуынша, сәуір айының соңғы күндері терек өсірушілер үшін ерекше жауапты күндер болып табылады. Олар осы уақытта күзде дайындалып, қыстай топырақ астында көмулі жатқан терек бұтақтарын қазып алып, жуандығы мен бүртіктерінің санына қарай 15-20 см көлеміндегі кесінділерге бөліп, оны қалемшелер арқылы көбейту жұмысын жүргізеді. Өкінішке орай қосымша қаржы жұмсамай-ақ, ағашты жылдам әрі тиімді көбейтудің бұл жолын білетіндер аз. Сол себепті «Гүлстан» журналы мен «Гүлзар» қоғамдық бірлестігі биыл Алматы облысы Кербұлақ ауданының Басши ауылындағы Райымбек атындағы орта мектепте және Алматы қаласының Алатау ауданындағы №178 лицейде арнайы шаралар өткізіп, іс-тәжірибелерімен бөліскен көрінеді. Онда терек қалемшесін әзірлеу және оны отырғызу жолдары көрсетілген.
«Мәселен Басшидегі тәжірибелік жиынға Кербұлақ, Көксу және Панфилов аудандарынан келген әлеуметтік сала өкілдері, ал Алматыдағы басқосуға мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысты. Бұл шараларда біз қатысушыларға сол жердегі тәжірибелік алаңқайға терек қалемшесін өз қолдарымен отырғызып қана қоймай, оны өздері қызмет жасайтын мекемелерде және жеке үйлерінде өсіруі үшін тегін таратып бердік. Біздің мақсатымыз – қоршаған ортаны көгалдандыру мәдениетін дамытып, бұл саланы табыс көзіне айналдыру жолын көрсету және ағаш егуді жалаң ұранға айналдырмай, оған жұртшылықты ерікті түрде қызықтыру», – дейді Г.Құлжабаева.
Егер қалемше арқылы көбейту жұмысын тек терекке ғана емес, өзге де ағаш, бұта мен гүлдерге де қолдануға болатынын ескерсек аз шығарып, көп пайда табуға мүмкіндік беретін бұл кәсіптің әлеуеті өте зор. Және бұл жұмысқа айтарлықтай еңбек күші мен құрал-жабдықтың қажеті жоқ. Аз шығын шығарып, көп табыс табудың жолын таппай жүрсеңіз бұл сіз үшін ең қолайлы бизнестің бір жолы болмақ.
Ерлік Ержанұлы