Теңіз флотының халықаралық деңгейдегі кәсіби мамандары өзімізде даярланатын болады
Өткен апта соңында Елбасының тапсырмасы бойынша теңіздегі мұнай-газ кен алаңдарын игеру және қазақстандықтарды жұмыспен қамту мақсатында іргетасын қалаған еліміздегі тұңғыш Қазақстан теңіз академиясының ресми ашылу салтанаты болды. Алматыдағы Қазақ-Британ техникалық университеті аясындағы халықаралық деңгейдегі теңізшілерді даярлаушы аталған академия «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржылық қолдауымен құрылған екен. Бастысы, бұл елімізде ірі кәсіпорындар шеңберінде білім берудің дуальдық жүйесін қалыптастыру үрдісінің бастау алғанын білдіреді.
Таяуда ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 26-пленарлық отырысы барысында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев еліміздің білім беру жүйесін инновацияны қамтамасыз ететін қажетті кадрларды даярлауға бейімдеу керектігін, Германия тәжірибесі бойынша ірі кәсіпорындар аясында білім берудің дуальдық жүйесі секілді тәжірибені кеңінен қолдану қажеттігін шетел инвесторлары назарын бұра мәлімдеген еді. Әсіресе аталған тәжірибені мұнай-газ саласында қолдануға басымдық беру керектігін айтқан Елбасы бұл ретте бірнеше мысалмен қатар, Қазақ-Британ техникалық университетінің бастамасымен құрылған Қазақстан теңіз академиясына демеуші боп отырған «Теңізшевройл» ЖШС-ні үлгі ретінде алға тартқан болатын. Білуімізше, академияны құру жобасына компания 25 млн доллар қаржысын жұмсапты. Аталған оң үрдіс кеңінен қолданысқа енгізілсе, халықаралық деңгейдегі мамандарды даярлау үшін біздің елімізге жастарды шетелге жөнелтудің де қажеті болмай қалатын секілді. Осы жағынан алғанда, бұл мемлекетіміз үшін үлкен үнем, білім саласына құйылатын мол қор болары анық.
– Қазақстан теңіз академиясын ашу еліміздің Каспий аймағын дамыту жөніндегі міндеттерден туындап отыр. Мұнда палуба мен машина бөлімінің ұжымдық құрамындағы халықаралық деңгейдегі жоғары білікті қазақстандық мамандар даярланады. Ірі экспортшының бірі болып табылатын біздің кәсіпорын үшін Қазақстанның жоғары білікті кадрларды тек мұнай-газ саласында ғана емес, барлық бағытта иеленгені маңызды. Сондықтан да біз Қазақстан теңіз академиясының бас серіктесі болдық. Академияның ашылуы Қазақстан экономикасының көшбасшыларының бірі – ТШО-ның 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуі бізді қуантады, – дейді «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директоры Тим Миллер.
Жалпы, еліміздің теңіз саласы кадрға өте зәру. «Егер бүгіндері теңіз флотында 1800 маман жұмыс істеп жатыр десек, оның тең жартысы, яғни 50 пайызы ғана қазақстандықтар. Демек, отандық теңіз флоты тағы 900 маманмен толығуды қажет етеді», – дейді аталған шараға қатысқан Көлік және коммуникация министрлігінің өкілі Қасым Тілепов. Алдында осындай зор мақсат бар Қазақстан теңіз академиясының түлектері дүниежүзінің әр түкпірінде қазақстандық және шетелдік кемелерде қызмет атқара алатын, жоғары қабілетті және білікті отандық теңізшілер тобын құрып, еліміздің Жер шарындағы ұзақмерзімді бәсекелестігін қалыптастыруға көмектеседі әрі Көлік және коммуникация министрлігіне Халықаралық теңіз ұйымының «Ақ тізіміне» енуіне мүмкіндік береді деп күтіліп отыр. Бұл тізімге ену Қазақстан теңізшілерінің өз территориясынан тыс елдердің суларына жүзуіне рұқсат береді.
Халықаралық деңгейдегі теңізші атану үшін ағылшын тілін және математика пәнін жетік білу міндетті екен.
«Бірыңғай ұлттық тестілеуден өткеннен кейін абитуриенттер ҚБТУ-ға өз құжатын тапсырады. Одан кейін олар теңізшілерге арналған халықаралық талаптарға сәйкес, медициналық тексерістен өтеді, ағылшын тілі және математика пәні бойынша жекелей тест тапсырып, мамандармен көзбе-көз әңгімелесуге шақырылады. Осылайша болашақ теңізшілер таңдалып алынады. Биыл 25 грант белгіленген. Былтыр алғашқы 20 кадет (14 ұл және 6 қыз) бірінші курсқа қабылданған болатын. Мұнда екі мамандық бойынша: кеме жүргізушілер және кеме механиктері даярланады. Бакалавр бағдарламасы төрт жылдан тұрады, бірінші курста-ақ студенттер 6-8 аптаға Нидерландыға өндірістік тәжірибеге жіберіледі. Екінші курстың білім алу үдерісі ҚБТУ қабырғасында өтеді. Үшінші курсқа 365 күндік теңіздегі тәжірибе енгізілген. Төртінші курста студенттер Отанына оралып, диплом жұмысын қорғайды. Одан кейін біздің түлектер Көлік және коммуникация министрлігінің арнайы лицензиясын алып, нағыз теңізші болып шығады. Олар елімізде де, шетелде де жұмыс істей алады», – дейді Қазақстан теңіз академиясының деканы Дмитрий Ковтуненко.
Қысқаша қайырғанда, мұндағы студенттер уақытының көп бөлігін Жер шарының телегей суларында өткізіп, шетелдік кемелерде білігін ұштайды. Бұл ретте аталған академияның халықаралық әріптесі STC-Group компаниясының көмегі ұшан-теңіз екенін баса айта кетелік.
Ерік Мақсұтов, Қазақстан теңіз академиясының студенті:
– Біз қаңтар айының соңында Роттердамдағы теңіз білімі саласындағы STC-Group компаниясының оқу корпусына бардық. Ол арада екі апта бойына Голландияның теңіз мәдениетімен танысып, жаттығу оқуларынан өттік. Автоматты қондырғыларда кемені жүргізуге машықтандық. Одан кейін осы алған білімімізді сегіз апта бойына ашық теңізде тәжірибе жүзінде сынадық, Эйндрахт кемесіндегі голланд теңізшілері және STC-Group нұсқаушыларымен Атлант мұхитын бетке алдық. Канар, Азов аралдарын, Францияны артқа тастап, Роттердамға қайтып келдік. Бұл мен үшін өмірімнің ұмытылмайтын әрі ең қызық сәттері деп ойлаймын. Теңізші мамандығын таңдағаныма еш өкінбеймін.
Ағылшынның атақты ақыны Байрон «менің нағашым теңізші болса да, мен мақтанбаймын» деген екен. Осыдан-ақ аспанға қарсы таласып жатқан шексіз көкті ауыздықтаушы ақ шағаладай мундирдегілердікі қаншалықты абыройлы да асқақ мамандық екенін ауызбен жеткізу мүмкін емес екенін анық аңғаруға болады. Ендеше, халықаралық деңгейдегі осындай элиталы кәсіп иесінің өз елімізде даярлануы, сөз жоқ, барлық мақтан мен қолдау-қолпашқа ие.