Бала күнінде «Еңбекпен тапқан нан тәтті» деген мысалды оқымаған жан аз шығар. Сол сияқты өз ақшасы жоқ елді де бақытты деу қиын. Ертең – өз ақшамыз, теңгенің туған күні. Естеріңізде болса, 1993 жылы 12 қараша күні Елбасымыз «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойып, арада үш күн өткенде, яғни қарашаның 15-і күні таңғы сағат 8:00-ден бастап теңге бүкіл ел аумағында айналымда жүретін жалғыз заңды айырбас құралына айналған болатын.
Патша заманын айтпағанда, 70 жыл бойына Ресей рублін тұтынып келген қазақ үшін өз ханы, өз биі, қысқасы, игі жақсыларының суреті салынып, ұлттың исі аңқитын ақшаны ұстау қандай тарихи оқиғаға айналғаны айтпаса да түсінікті. Сондықтан ұлттық валютамыз – теңгенің туған күнін тек қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі десек, қателесеріміз сөзсіз. Ол – ұлттық мереке! Әсіресе биыл бұл күнді ерекше тойлайтын жөніміз бар, себебі төл теңгеге – 20 жыл!
Осыған орай, Алматы қаласы тарихының музейінде 2013 жылдың қараша айының 12-сі мен 28-і аралығында «Тәуелсіз еліміздің төл теңгесіне – 20 жыл» атты көрме жұмыс істейді.
Теңгені «туғызғандар»
Естеріңізде шығар, Ұлттық валюта дизайнын жасауға Лондондағы «Харрисон санс» фирмасының тәжірибесін игерген белгілі мамандар тобы тартылған болатын. Олардың арасында Тимур Сүлейменов, Меңдібай Әлин, Хайролла Ғабжалелов, Ағымсалы Дүзелханов, Досбол Қасымов, Еркін Жамалбаев т.б мықты мамандар бар еді. Әрбір банкнот пен монета дизайнының бір емес, сегіз-тоғыз жобасы жасалған. Солардың ішінен ең жақсы дегенін ғана арнаулы мемлекеттік комиссия бағалап, іріктеді. Жаңа ақшаның көркемдік безендірілуі де, арнайы технология бойынша қорғалуы да жоғары деңгейде жасалды. Ағылшын, француз, жапон мамандарының ерекше бағасына ие болды. Банкноттарды көркем безендіру кезінде әл-Фараби, Абай, Абылай хан, Әбілқайыр хан, Шоқан Уәлиханов, Құрманғазы, Сүйінбай сынды ұлтымыздың ұлы тұлғаларының портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалардың пайдаланылғаны көз алдымызда. Бұл, біріншіден, қосымша күрделі бедер-бейнелер банкноттарды қолдан жасаудан қорғаса, екіншіден, тарихи ақшамызды әлемдегі басқа валюталардан даралап, айшықтау үшін осылай етіліп еді.
12-28 қараша аралығында Алматы қаласы тарихының музейінде жасақталған арнайы көрмеде ҚР Ұлттық банкнот фабрикасының шығарған құны 100, 200, 500, 1000, 2000, 5000 және 10 000, сондай-ақ еліміздің айтулы даталары мен дәстүрлі құндылықтарымызды дәріптейтін айрықша жоғары «пруф» таңбалы сапамен жасалынған арнайы сыйтеңгелер сериясы қойылып отыр. Жаңа мыңжылдық басталғалы бері жарыққа шыққан құны 1, 2, 5, 10, 20, 50, 100 теңгелік металл ақшалар түрі де көпшілікке ұсынылып отыр. Және де еліміздің қаржылық тарихын жан-жақты ашатын фотосурет пен буклеттер, банк саласында алғашқы қолданыста болған есептеу құрылғы машиналары мен есепшоттарды осы көрмеден кездестіруге болады.
Қысқасы, Сүйінбай мен Шоқанын, Абай мен Абылай ханын, бір сөзбен айтқанда баяғы теңгесін сағынған жұрт бір уақыт көрмені тамашаласа болады.
Теңге тарихы – көрмеде
Последние статьи автора