Тәуелсіздігіміздің айшықты белгісі – төл валютамыз теңгенің алғашқы бағамы – АҚШ долларына шаққанда 4 теңге 75 тиын болды, ал әу дегенде бір теңгеміз 500 совет рубліне айырбасталды. Ақ түйенің қарны жарылып, азат ел осылайша өз ақшасын тұтына бастағаннан бері бүгінге дейін ол бейресми деректер бойынша 30 рет девальвацияға ұшыраған екен. Әрине, бастапқы девальвациялар экономикалық ауыр кезеңмен тығыз байланысты орын алғанымен, оған техникалық қателіктер де үлес қосып отырыпты. Міне, басынан түрлі сынақты өткерген ұлттық валютамыз бүгіндері әбден шыңдалып, аяғынан тік тұруға қауқарлы халге жетті деп ауыз толтырып айта аламыз...
Теңге айналымға енгізіле салысымен, оның бағамы тым жоғарылатып алынғаны айқын болды. Сондықтан сол кездегі үкімет еріксіз қолдан девальвация жасап, бір АҚШ долларына шаққандағы ұлттық валюта бағамын 20 теңге деп белгіледі. Алайда бұл шешім де ақылға қонымсыз болып шықты. Өйткені нақты өмір бұл арадағы айырма тіптен алшақ екенін байқатты. Осы жағынан алғанда, билік бастапқыда теңге бағамын белгілеуде қателікке ұрынды, оған қоса қайта жасалған есептер де дұрыс түзілмеген болып шықты. Бұл туралы Елбасымыз 2003 жылғы отандық баспасөзге берген сұхбатында былай еске алады: «1994 жылы кәсіпорындардың өзара міндеттемелері бойынша қарыздары дұрыс есепке алынбады. Ол өз кезегінде бюджеттің қалтасын қатты қақты. Тарихи аумалы-төкпелі кезеңдегі Қазақстанның бұл қателіктері белгілі бір деңгейде түсінікті жайт еді. Алайда осы қателіктер Халықаралық валюта қоры сарапшыларын жаңылыстырды. Сол кездегі сараптама бойынша бізде күрт құлдырау болатындығы «болжанды». Олардың пікірінше, 1994 жылдың қыркүйегінде 1 АҚШ доллары – 150 теңге, ал 1995 жылдың қаңтарында ол 200 теңгені құрауы тиіс болатын-мыс. Ал нақтысында белсенді қабылданған бірқатар шаралардың арқасында күрт емес, бірқалыпты құлдырау орын алды. Бастапқыда бағамның төмендеу жылдамдығы айына 3-4 пайызды құрады. Ал 1996 жылы теңге бағамы тұрақталды. Тек араға тағы алты жыл салып, яғни 2001 жылы бір долларға шаққандағы ұлттық валютаның құны 146 теңгені құрады...».
Бір жағынан, Ресей рубль аймағында мемлекетаралық шартпен бізді соңына дейін ұстап тұрды. Сондықтан біз өзіндік қаржы тетіктерін құруға ашық бара алмадық. Бірақ аяқ астынан Мәскеудің өзі сол Кеңес Одағының ортақ рубль аймағынан шығып кетті. Өздерінің ақшасын шығарған олар ресейлік рубль аймағына Қазақстанды кіргізбейтінін мәлімдеді. Алтын-валюта қорымыздың жоқтығы, өзіндік қаржылық тетіктердің болмауы бізді қатты састырды. Осының барлығын өте жақсы білетін Ресей шалт қимылымен бізді аса қиын жағдайға қалдырды. Алайда бұл кезде теңгенің өзі астыртын құпия жағдайда әзірленіп қойған болатын. Бұл Елбасымыздың көрегендігінің арқасы еді.
Әрине, ұлттық валютаның бірден тұрақтануына жол бермеген сыртқы факторлардың болғанын еліміздің орталық банктің бірінші болып тағайындалған төрағасы Ғалым Байназаров та растайды: «1 теңге 500 рубльге айырбасталды. Бірақ біздің есебіміз бойынша, сол кездегі құнсызданудың қарқынын есепке ала отырып, 1 теңгені 1000 рубльге айырбастау керек еді. Бірақ Ұлттық комиссия және Үкімет басшылары бұл мәселенің экономикалық тиімділігінен гөрі, саяси жақтарына көбірек мән беріп, Ұлттық банктің ұсынысын қабылдамады. Қазіргі теңге бағамында да сол кездегі қателіктің салқыны бар».
Міне, мұның барлығы өтпелі кезеңдегі теңгенің қалыптасуына қатысты оқиғалар. Ал жалпы 1999 жылдың басында теңге алғаш рет халықаралық деңгейдегі сынақты бастан кешті. Оған 1998 жылғы Ресейдегі қаржылық дағдарыс, сол секілді Қазақстанның сауда-саттық бойынша әріптес мемлекеттерінің ұлттық валютасының девальвацияға ұшырауы негіз болды. Осы себептер қазақстандық тауарлардың ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін нашарлатып, төлем балансы жағдайын да тұрақсыздандырды. Бұл мәселені шешу үшін 1999 жылы сәуір айында теңгенің айырбас курсы реттелушіден ерікті бірқалыпты режимге көшірілді. Жеке және заңды тұлғалардың депозиттеріне, зейнетақы қорындағы активтерге қатысты бірқатар қорғаныс шаралары қабылданды. Соның арқасында теңге девальвациясында ұлттық валютаны асыра бағамдауға жол берілмеді, мұның барлығы әлемдік нарықтағы еліміздің бәсекеге қабілеттілігін қайта қалыпқа келтіруге ықпал етті. Ұлттық банк те ішкі валюта нарығына қатысуын кәдімгідей қысқартты, сөйтіп, теңгенің өздігінен реттелуіне мүмкіндік берілді. Сондықтан ақшамыз алып-сатарлық ықпалға бой ұрмады. Еліміздің макроэкономикалық көрсеткіштеріне сай ұлттық валютаның позициясы нығая түсті.
Екінші халықаралық сынақ – 2007-2009 жылдардағы әлемдік қаржылық дағдарыстың толқынымен келді. Бұл кезде Қазақстан экономикасы сыртқы тәуекелдерге бой алдырғыш екенін анық байқатты. 2007 жылдың тамыз айынан бастап ғаламдық капитал нарығының нашарлауына байланысты отандық банктер сырттан ресурс тарту қабілетін жоғалта бастады. Салдарынан олар қорландыру жағынан тапшылыққа ұрынды. Айналып келгенде, бұл жайт тағы да айырбас курсына салмақ түсірді. 2008 жылдың соңымен 2009 жылдың басындағы девальвация болу ықтималдылығы болжамына сай, валюта нарығында да дүрбелең орын алды. 2008 жылдың екінші жарты жылдығында халықаралық нарықта шикізат ресурстарының бағасы кенеттен құлдырады, соның ішінде Қазақстанның басты тауар позициялары – мұнай мен темір-терсектің де. Бұл бюджет түсімдерін айтарлықтай азайтып, еліміздің төлем балансы жағдайын нашарлатты. Табысы шикізатқа тәуелді мемлекеттердің барлығы осындай қиын жағдаймен бетпе-бет келді. Өндірістік дамыған, сол секілді дамушы мемлекеттердің орталық банктері экономикалық жағдайды жақсарту үшін ұлттық валюта девальвациясын жасауға мәжбүр болды (теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы 123-тен 145 теңгеге артты).
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бейсенғали Тәжияқов: «Бұл арада Қазақстан мейлінше ұлттық валютасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге басымдық бергенін баса айта кетелік. Ұлттық банк ақша-несие саясатының түрлі нұсқасын сынап көрді: бағаны тұрақтандыруды қамтамасыз ету мен бекітілген валюта дәлізіне инфляциялық өсімді негіздеу саясатын жалғастыруға дейін», – дейді.
2009 жылы ақпанда айырбас курсының жаңа дәлізі белгіленді: 150 теңге +/-3/. Нәтижесінде экспорт және импорт секторындағы шаруашылық кәсіпорындардың қаржылық жағдайы түзеліп, бәсекелестігі жақсарды. 2009 жылдың соңына қарай теңге нығая түсті. Валюта нарығындағы тұрақтылық теңгенің құбылу дәлізін әрі қарай кеңейтуге мүмкіндік берді, сондықтан 2010 жылдың 5 ақпанында ол былайша нақтыланды: 150 теңге/ доллар (+) 10% немесе 15 теңге, (-) 15% немесе 22,5 теңге. Алайда бұл белгіленген валюта дәлізі 2010 жылдары маңызды рөл атқармады. Теңгенің нығайып, халықаралық нарықтағы шикізат бағасының өсуі Ұлттық банктің валюталық интервенция жасауына әкелді. Теңгенің көп нығайып кетпесі үшін бас банк бірнеше ай бойына ішкі нарықтан ұсынысын азайту үшін шетел валютасын көптеп сатып ала бастады. Сол себепті Ұлттық банк 2011 жылы валюта дәлізі тәсілінен бас тартып, реттелу ырқына алды. Содан кейін биылғы халықаралық нарықтағы шикізаттардың, әсіресе темір өтімділігінің төмендеуі Ұлттық банктің «жұмсақ» девальвация жасауына әкеліп соқты: +3/+5 шамасында ғана өзгеріс орын алды. Ал бұл арада Ресей рублі 10 пайызға, яғни бізге қарағанда көбірек құнсызданғанын баса айта кетелік. Осы жолы да Ұлттық банк теңге бағамын анықтайтын жаңа қаржылық құралды іске қосты. Енді ұлттық валюта курсы бұрынғыдай тек долларға қарап есептелмейді, АҚШ ақшасымен қатар, евро және рубльмен де санасатын жағдайға жетті. Осы мысалдардан-ақ Ұлттық банктің теңге бағамын халықаралық нарықтағы жағдайларға қарай реттеу тетіктері әбден қалыптасқанын, оның өзіндік тиімділігі барын байқауға болады. Соңғы жылдары елімізде несие доллармен берілмейтін болды, әріптес елдер арасындағы своп-операциялар да ұлттық валюта негізінде жүзеге асырылатын шарттарға қол қойыстық. Мұның күндердің күні доллардың дәурені өтті дегенге дайындығымыздың барын көрсетеді. Теңгенің сатылым мүмкіндігі мен тұрақтылығы қамтамасыз етіліп отыр, тіпті валюта сапасының жоғарылығы да халықаралық деңгейде мойындалған. Осы жағынан алғанда, теңге тәуелсіз мемлекеттің валютасы ретінде қалыптасып, өзінің функциясын қалтқысын атқарып жатыр деп айтуға толықтай негізіміз бар.
Теңге – экономикалық тәуелсіздігіміздің айшығы
Последние статьи автора