Тендерге қатысуды да үйренген жөн
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының аймақтағы бөлімшелері БТА банкпен бірлесіп облыстарда шағын және орта бизнес нысандарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолында бірқатар шараны қолға алған. Соның бірі – сатып алу нарығында тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік беру.
Бұл бағытта жуырда Қызылорда облысында кәсіпкерлерге арналған семинарлар ұйымдастырылды. Оған қатысушылар ең әуелі тендерге қатысу тәртібін үйренеді. Сондай-ақ ақпарат қорын пайдалану, мемлекеттік сатып алу туралы заңнама жайында түсінік беру, жабдықтаушыға қойылатын талаптар таныстырылады. Семинарға қатысушыларға оқу құралдары да таратылды.
Сонымен бірге Петропавлда да осындай шара өтті. Мұнда алты семинар өткізіліп, оған қатысушыларға да жоғарыдағыдай дәрістер оқылды.
Шағын және орта бизнес өкілдері ризашылығын жасырмайды. Себебі 5 маусымда электрондық сатып алу туралы жаңа ережелер күшіне енгені белгілі. Осы жылғы 1 шілдеден бастап тендер тек электрондық түрде өткізіледі. Сондай-ақ сатып алудың жаңа түрі – электрондық аукцион басталады. Әлбетте, мұның бәрі егжей-тегжейлі түсіндіруді талап етеді.
Осындай семинардың пайдасы кәсібін жаңадан бастағандар үшін тіпті маңызды. Өйткені мемлекеттік сатып алуға бірінші рет қатысатындар тиісті құжаттарды толтыруға келгенде қиналатындарын жасырмайды. Ал құжат дұрыс толтырылмаса, тендерден өте алмайтыны және белгілі. Сол себепті оларға келісімнің қалай жасалатыны, мемлекеттік сатып алу заңы мен ережесін бұзудың салдары қандай болатыны түсіндірілді.