Табиғи газдан тапшылық болмайды
Жамбыл облысында ірі газ кен орны бар. Соған қарап бүкіл облыс табиғи газбен қамтылған десеңіз, қателесеріңіз анық. Дей тұрғанмен, түкпір-түкпірдегі ауылдардың бәрін түгелдей табиғи газбен қамту мәселесі күн тәртібінде тұр. Сол себептен де бұл мәселе біртіндеп шешімін тауып келеді. Газдың игілігін көріп отырған ауылдар аз емес. Ал мұндай игіліктен ада ауылдар амалдың жоқтығынан балтаның көмегіне көбірек жүгініп, сайын даладағы сексеуіл біткенге жаудай тиеді. 2018 жылға дейін облыс аумағындағы сексеуіл отауға тыйым салынған. Соған орай сексеуіл алаптарына аттап басқан адамды ату жазасына бұйырмаса да, соған жетеқабыл жазаға тартады.
Мәселен, биылғы жылы сексеуіл үшін сотталып кеткендер жетерлік. Міне, мәселенің бір ұшы арнайы жазаға барып тіреледі. Егер барлық ауыл, аудан газбен қамтылса, мұндай мәселе туындамасы анық еді. Облыс аумағындағы Сарысу шөгінді алабының Мойынқұм ойысындағы газ кен орны 1974 жылы сейсмобарлаумен іздестіру барысында белгілі болған-тын. 1975 жылы газ бұрқағы атқылап, ірі газ кен орны ашылды. Сол жылдардағы барлау-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде мұндағы кен орнында метан – 67,25-86,2, этан – 4,52-10,53, пропан – 2,86-5,2, изобутан – 0,42-0,57, н-бутан 0,82-0,95, 30 г/м3 дейінгі мөлшерде конденсат бар екендігі анықталды. Ірі кен орны 2003 жылдан бастап игеріле бастады. Амангелді газ кен орындарында бұрғылау, көмірсутегі шикізаттарын өндіру, жинақтау, дайындау, өңдеу және тасымалдаудың технологиялық үрдістері үздіксіз атқарылып келеді. «Амангелдігаз» ЖШС-нің қоршаған ортаны ластауына алаулы шырақ қондырғысынан шығарылатын зиянды заттардың әсер етуі өте жоғары деңгейде» деп кезінде дау көтерілген болатын. Бүгінде ең соңғы заманауи технологияның арқасында қоршаған ортаға қауіп төндіретіндей қатер жоқ. Бұл соны технологияның арқасында мүмкін болып отыр.
«Амангелдігаз» ЖШС кәсіпорнында ұңғымаларды бұрғылау мен барлау жұмыстары газ және газ конденсаттары кен орындарын игеру, көмірсутегі шикізаттарын өндіру, өңдеу, тасымалдау және пайдалану жұмыстары жүргізіледі. Газ өндірісін жедел дамыту мақсатында 2003 жылдан бастап 17 ұңғыма пайдалануға беріліп, газ, газ конденсатын өндіру көлемі жылдан-жылға артып келеді. Алдағы уақытта Шу-Сарысу ойпаты аумағындағы Айрақты, Анабай, Жарқұм, Кемпіртөбе, Батыс Үшарал және Солтүстік Үшарал газ, газ конденсаты, инертті көмірсутегі кен орындарын игеру жоспарланып отыр. Бүгінде «Амангелдігаз» кен орнында өндіріс толық автоматтандырылған, барлығы компьютердендірілген. Мұнда жұмыс істейтіндердің барлығы да жергілікті мамандар. Олардың біліктіліктерін арттыру да бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Мамандар алыс та жақын шетелдерде білімдерін жетілдіріп отырады. Қазіргі таңда кен орнында аккредиттелген химиялық зертхана бар. Газдың құрамы мен конденсатын тексеруге арналған заманауи құрылғы жұмыс істейді. Амангелді кен орны сумен және электрмен автономды жүйесінде жұмыс істейді. Кен орнынан өндірілген газ «КС-5» магистральды газ құбыры арқылы Тараз қаласына жеткізіледі. Бүгінгі таңда «Қазтрансгаз» АҚ мен «Амангелдігаз» ЖШС-і газ конденсатын бірге Амангелді газ өңдеу зауытында өңдейді. 2009 жылдан бері УПГ-4,38 маркалы газ өндіріле бастады. Шырақты алаулы газды өңдеу мен утилизациялау жүргізіледі. Соның арқасында ол айнала қоршаған ортаға қауіп төндірмейді.
Амангелді кен орны облыс орталығынан 190 шақырым қашықтықта, Мойынқұм және Талас аудандарының аумағында орналасқан. Кен орны мен облыс орталығын жалғайтын үлкен жол салынған. Ол жол Ақкөл, Ойық, Ұланбел ауылдарының орталығынан өтеді. Осы аумақтағы ауылдардың барлығы да табиғи газдың игілігін көріп отыр. «Амангелдігаз» ЖШС-і – Жамбыл облысындағы барлау, өндіру, өңдеумен айналысатын жалғыз кәсіпорын. Осы уақытқа дейін 3 миллиард текше метр газ өндірді. Биылғы жылдың өзінде ғана 321 миллион 200 текше метр табиғи газ өндіруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ 20 500 тонна газды конденсат өндірмек. Қазірше Амангелдінің 26 ұңғымасы бар, тағы біреуі бұрғылану үстінде.