Сыр бойындағы серпінді істер

Сыр өңірі бұрын тек аграрлық тіршіліктің қазанын қайнатқан еді. Ақ күрішті аялаған аймақ күн сүйген күміс дәнді ақеділ пейілімен алыс-жақындағы ағайынға тарту етті. Қазіргі бет-бейнесі ертеректегі кейпінен мүлде бөлек. Дария бойында еселі еңбектің көрігін қыздырған өңір өндірістің де өрісін өрге сүйреп, өнеркәсіптің де түтінін түзу ұшыра бастады. Қалың көпшіліктің жүрегіне жылылық ұялатқан сан алуан істер елдің кәдесіне жарап, облыстың келбеті жасанып келеді. Бүгінде Қызылорда жұртшылығы тек ауылдағы тіршілікпен әңгімесін түйіндеп жатпайды. Қара жердің қымбат қазынасы – мұнай мен газ секілді химиялық элементтерді өндіру жайын да шемішкедей шағатын болды. Нарық атты әміршінің дегеніне бой үйреткен, экономиканың қыр-сырына қанық ағайынның қарасы көбейгені де – осы сөзіміздің айқын дәлелі.
Өңірдегі өрлеу көзге көрініп тұр. Қай саланы алып қарасаңыз да... Жыл сайынғы көрсеткіш көңілге көрікті ойды қонақ етеді. 20 жыл бұрын Сыр бойы қандай еді? Жоспарлы экономикадан енді ғана бас тартқан кезіміз. Елдің әлі еңсесін тік ұстай алмай жүрген шағы. Өзінше тон пішіп үйренген кейбір адамдар Қызылорданың келешегіне күмәнмен көз салып, «ертеңгі күні ешқандай өрлеу жолына түсе алмайды» деген сыңаржақ пікірін айтқан еді. Шын мәнінде, бұл пікірдің теріс екендігі тайға таңба басқандай айқын еді. Бетпақ дала бауырына басқан Құмкөл кенішіндегі мұнай қоры қазына қазанына қыруар қаржы құйып, талайдан бергі түйткіл атаулының түйінін тарқатуға жол ашты. Одан өзге де қазба байлық жергілікті жамағаттың жүзін жадыратып, болашаққа батыл қадамдар жасауға оң әсерін тигізді. 20 жылдың өне бойында өрлеу жолына түскен өңірдің өрелі өнегесі өзгеге үлгі боларлық. Жақында Сыр жеріне келген Елбасымыз осындай оңды істерді лайықты атап өтті. Соңғы жылдары өнеркәсібі өрге домалап, өрісі кеңейген аймақтың ажары осылайша шынайы бағасына ие болды.

Өндіріс өркен жайды
Осы күні «индустрия» деген сөз төрден орын алып тұр. Олай болуы заңды шығар. Әрі-бергі аумағы дыбыстан жүйрік ұшақ­тың өзіне ұзақтан-ұзақ жол болатын алып ға­ламшарда әрбір мемлекет өндірісті өрісті өр­летуге  жан салып жатыр. Бұл дегеніңіз бі­реудің қолындағы дүниеге күнің түс­пей­тінін білдіреді. Кезінде тек шикізат өн­ді­ру­ден арыға аса алмаған Қазақстан үшін жұ­мыс ырғағы қайнап жататын алып кәсіп­орын­дар құру негізгі міндеттердің біріне ай­налған. Оны күні ертең біреуге кіріптар бо­лудың қамытын шешудің бірден-бір жо­лы деп айта аламыз. Мемлекет бас­шы­сының қолдауымен жүзеге асып жатқан жарқын істер кең-байтақ даламыздың қай жерінде де көзге ұшырасады. Бүгінгі таңда Қы­зылорда жерінде де талай жоба тұсауын ке­сіп жатыр. Облыстың 2010-2014 жыл­дар­ға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бар.  Он­да жобалар тізімі жасалған. Олардың са­ны 138 жобаны құрайды. Жалпы құны  267,5 млрд теңгеге жуық. Соның нә­ти­же­сін­де 9707 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Оның бірқатары қазірдің өзінде елдің кә­де­сіне жарап үлгерді. Былтыр 27 жоба іске ас­ты. Атап өтерлігі, жобаның 11-і Ин­дус­трия­ландыру картасы аясында қолға алын­ған. Оған 33 млрд теңге ақша жұмсалды. Бұл істер биыл да жалғасын таппақ. Биыл жалпы құны 56,5 млрд тең­гені құрайтын 33 жоба тұсауын кеспекші. Оның тоғызы Индустрияландыру карта­сы­ның жемісі саналады. Ал жыл басынан бері 11 жоба іске қосылды.
Мамандардың айтуынша, 2010-2013 жылдар арасында жалпы құны 178,0 млрд теңгені құрайтын 78 жобаның жүзеге асы­ры­луы жоспарланып отыр. Осының нәти­же­сінде құрылыс материалдарын шығару, ма­шина жасау, химия және тау-кен өнер­кәсібі, туризм, жеңіл өнеркәсіп, ауыл ша­руашылығы, тамақ өнеркәсібі, мұнай-газ өн­дірісі, энергетика және көлік инфра­құ­ры­лымы салаларында тіршілік қазаны қы­зу қайнағалы тұр.
Әлемнің әр қиырындағы мемле­кет­тер­дің тіршілік ауаны сан алуан. Кейбір елдерді қар­жы дағдарысы қыспаққа алған. Олар­дың арасында бұрыннан экономикасы қа­лыпты елдердің болуы талайды түрлі ойға қалдырып жүр. Біздегі өмір басқаша қыры­нан өрістеп келеді. Қазақстанда дағда­рыс­тың салқыны білінбейді. Өрлеуге өріс ашыл­ған. Сыр өңірі де сондай оңды өзге­ріс­ке сүбелі үлес қосуға талпыныс біл­ді­ру­де. Серпіліс іргелі мақсаттарға жол ашып келеді.
Он шақты жыл бұрын Қызылорданы өн­дірісті өңірдің қатарына қоса алмайтын едік. Расын айтқанда, 90-жылдарға дейін облыста мұржасынан қою түтіні будақтаған алып өндіріс орны болған жоқ. Бәлкім, оған шамамыз да келмеген шығар. Ал на­рық бәрін үйретті. Қолыңнан келген кәсіпті ұршықша үйіре білсең, жетіп жа­тыр.
Бүгінгі таңда қолға алынған жобалар осындай ойға жетелейді. Агроөнеркәсіп кешеніне арқа сүйеген аймақ нарықтың заңымен өнеркәсіпті өрістетуге батыл қадам жасады. Уақыт мырзаның қас қағым сәтіндей қысқа мерзімде салмағы басым сан алуан істің берекесі кіре бастады. Қаншама қажыр мен қайраттың жемісін жеу – бәріміз үшін үлкен қуаныш.
Бұрын Сыр бойында кәсіп жасауға еш­кім ықылас білдіре қоймаушы еді. Жер­гілікті қалталы жандар да қаржысын са­луға ой­ланып қалатын. Қазір іргелі іс­тер­ді жү­зе­ге асыруға құлық танытқан инвес­тор­лар қатары көбейіп келеді. Себебі облыста қан­дай кәсіптің де берекесін кіргізуге оң­тай­лы жағдай жасалып отыр. Соңғы жыл­дарда жүзеге асып жатқан жобалар оған нақты дәлел. Келешекте әлі де көптеген келелі істің елдің игілігіне айналарына көз жеткізуге болады. Өрлеу жолына түскен өңірдің бүгінгі бет-бейнесі сондай үкілі үміт­ті оятуға негіз қалап отыр. Сырт көзге бұ­йығы қалпында көрінетін Сыр өңірінің тір­шілік ауаны осылайша өріліп тұр.


Аграрлық саланың ауқымы кеңейді
Қызылорданың күрішпен аты шыққан. Сырдағы диқандар жайқалтып егін өсірді. Елді сапалы күрішпен қамтамасыз етті. Төрт түлікті түлетті.  Бүгінде тек бір кәсіппен шектелуге болмайды. Өнім өндіруге көңіл бөлуің тиіс. Шетелден шекара асып талай өнім келіп жатыр. Оған тосқауыл қоюға біз­де барлық мүмкіндік бар. Ол – азық-түлік қауіпсіздігінің басты кепілі. Оны дария бойындағы жұрт та жақсы түсінеді. Бұрын­ғыдай емес, елдегілер де есеп-қи­сапқа бой үйретіп жатыр. Тек жерден алған өнім­ге тоқмейіл кейіп таныта ал­майсың. Өнім шығару кәсібіңнің көкжиегін кеңейте тү­се­ді. Облыстағы инвестициялық жобалардың ба­сым бөлігінің аграрлық өндіріс сала­сы­ның үлесіне тиетіні соған дәлел бола алады.
Индустриялық-инновациялық даму ауыл шаруашылығының өрісін кеңейтуге жол ашты. Жерден жиған несібені өңдеу мәселесі ілгеріде түйткілді тақырып болатын. Жомарттың қолын жоқтық бай­лаған кезеңді де естен шығарған жоқпыз. Осы күні елдегілер де жаңа техно­логияның игілігін көріп жатыр. Жаңашыл істер өнім­нің сапасына да оң әсер етеді. Сондай-ақ табыстан тау тұрғызуға негіз қаламақ. Об­лыстың Қазалы ауданында «РЗА» ак­цио­нерлік қоғамы тауарлы сүт фермасының ір­гесін қалады. Бүгінге дейін ағарғанды өзге өңірден тасудан әріге аса алмадық. Қазір сүт өнімі Сыр өңірінің өзінде өндіріліп жатыр. Жаңақорған ауданында томат өндірісі жолға қойылды. Игілікті іс «Тату-агро» се­рік­тестігінің үлесіне тиіп отыр. Олар қы­за­нақтан қажетті өнімді өндіріп жатыр. Күн­ба­ғыстан өсімдік майы да об­лыста да­йын­далуда. Оған «Сабыр және К» кәсіпорны ұйыт­қы болды. Бұл –  ауыл ша­руа­шы­лы­ғында атқарылып жатқан тір­ліктердің бір па­расы ғана. Елдегілер кәсіпті иге­ріп жа­тыр. Нарық бұрын ауылдағы ағайынды кеу­деден итерген еді. Қазір бауырына баса бас­тады. Ертеректе өзге елдің фермеріне қызыға қарайтын едік қой. Себебі олар егін өсіреді, өнімді өңдеп, алыс-жақынға сатады. Қалтасы қалың. Бүгін ол таңсық емес. Бізде де солай.
Сырда бақша дақылының көлемі үлкен. Қауын мен қарбызды күзге дейін жейміз. Одан кейін қазан болады. Болмаса, алқап басында қалып қояды. Әйтеуір, диқанға қыруар шығын. Енді оның да оңтайлы шешілуіне жол ашылды. Облыста бақша дақылдары өңделмек. Жоба басталды. Жұмысқа «Инновация ТВС 2020» се­рік­тестігі білек түре кірісті. Таяуда алғашқы өнім тұтынушы қолына жол тартпақ. Өнім өткізу қиын емес. Сыртқа да шығады. Тіпті шетелдік жұрт та Қызыл­ор­да­дан шыққан өнімге таңдай қағатын күн алыс емес.
Аз уақыт бұрын «ауылдың келешегі жоқ» дейтін жандар бар еді. Бүгін олар бұлайша тон  піше алмайды. Өйткені аграрлық өнеркәсіптегі айта жүретін істерді көзі көріп отыр. Халық та қаладан кәсіп іздеуді азайтып келеді. Қазір Сырдағы қай ауылға барсаңыз да, жаңадан бой көтерген жаңа үйлер алыстан менмұндалап тұр. Бұл елдің жағдайын айғақтайды. Қиырдағы қоныста да кәсіп табылып жатыр. Қаланы қайтсін сосын! Ауылдан алшақ кетпей-ақ, отбасын асырайды. Тоқшылыққа тоқмейіл. Жергілікті жерде де кәсіпорындар тұсауын кескені елді қуантады.
Әлеуметтік саладағы іргелі істер
Қашаннан да елді әлеуметтік жағдай толғандырады. Үйде жарық жанбаса, ол да – үлкен мәселе. Шалғайдағы қонысқа ойқы-шойқы жолмен барсаң да, әбден діңкең құриды. Ал таза ауызсу қас­қалдақтың қанындай қат болса ше? Мектеп пен емхана ғимараты құлайын деп тұрғаны да жұрттың жанына батады емес пе?! Түйткілдер ұзақ жыл бойы жалғасты. Оны шешуге кеңестік жүйенің де қауқары жет­кен жоқ. Әйтеуір, әлеумет жайлы жағдайды тек армандап келді. Сыр бойындағы ел қордалы мәселенің шешілуін күтті. Бұл мақсатына бүгінгі таңда қол жеткізе бастады.
Кейінгі 20 жылда аймақта 100-ден астам мектеп бой көтерген екен. Ақшаңқан алтын ұясында білім нәрімен сусындап жүрген бүлдіршіндер қуанышы айрықша. Ұстаздар қауымы да бұрынғы қиындықтан құтылды. Олардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай бар. Әлемнің озық елдеріндегі технология да осы күні мектептерде қолданысқа енген. Ауыл баласы да ин­тер­нет секілді дүниені шыр айналдыра алады. Денсаулық сақтау мекемесі де елге қыз­мет көрсетіп жатыр. Сәулетті жаңа ғи­ма­ратта ақ халатты мамандық иелері елдің ал­ғы­сына бөленуде. Арыға бармай-ақ, кейінгі жыл­дардың өзінде талай денсаулық ор­нының тұсау кескені көзге көрініп тұр. Тіпті ау­дан орталықтарында типтік жоба­да­ғы ау­руханалар бой түзеп жатыр. Оған қан­шама қаржы қажет екені белгілі. Қазына қазанында осындай игілік­терге қомақты қаржы табылып жатыр. Бір жылдары мәдениет ошақтарының басына қара бұлт үйірілген еді. Қалт-құлт еткен тіршілік өнер иелерінің де еңсесін түсірген-ді. Алыстағы ауылды былай қойғанның өзінде, өр­ке­ниет­ті өмірге жақын облыс орталығында да ондай сан алуан мәселелер алдымыздан көл­денеңдеп шығатын. Бүгінгі таңда бар­лы­ғы да қалпына түскен. Қы­зыл­ор­да қала­сындағы өнер ор­даларының көп­шілігі за­манға сай көрік қосып, халыққа сапалы қыз­мет жасауға мүмкіндік алды.
Деннің саулығына судың да әсері мол. Сапалы ауызсу бұрын тек арман еді. Жеті қат жердің астында жатқан мол су қорын халықтың игілігіне айналдыруға қол қысқалық етті. Осы күні облыстың қай бөлігінде де оны жеткізуге ерекше мән беріліп отыр. Мына дерекке көз салып көріңіз. Соңғы он жылда облыста «Ауызсу» бағдарламасын жүзеге асыруға 20 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Соның нәтижесінде жалпы ұзындығы 1363 шақырымды құрайтын ауызсу құбырлары жаңартылды. Осы уақыт аралығында жергілікті бюджеттің есебінен 158 елді мекендегі ауызсу жүйелері күрделі жөн­деу­ден өткізілді. Республикалық көрсеткіш бо­йынша Сыр өңірі бұл жөнінен алдыңғы қатарға шықты. Еліміздің Су ресурстары комитетінің мәліметіне сүйенсек, халықты ауыз­сумен қамтамасыз ету бойынша Қы­зыл­орда облысы алдыңғы орындардың бі­рін иеленіп отыр. Облыс басшысының қол­­дауымен әрбір ауданда жөндеу-пайдалану мекемелері тұсауын кесті. Олар жаңадан салынған ауызсу жүйелерін өз дәрежесінде ұстап тұруға және олардың толыққанды жұмыс істеуіне жол ашады. Бұл шара еліміз бойынша тұңғыш рет Сыр өңірінде қолданысқа енгізілген.
Осыдан төрт-бес жыл бұрын облыста жа­рықпен қамту түйткілді тақырыптардың бірі бол­ды. Оған мынадай жағдайлар себепші болды. Аймақты электр қуатымен жабдық­тай­тын компания жекенің қолына өтіп кет­кен еді. Осының салдарынан электр жүйелері әбден көнеріп, жарамсыз күйге түскен. Оны жаңғыртуға компанияның шамасы келген жоқ. Сол кезеңде жергілікті қазына қазанында да оны жаңартуға ақша жетіспеді. Соңғы үш жылдан бері аталмыш мекеме мемлекет қарауына өтті. Содан бері халықтың да жарыққа деген сұранысы толық өтеле бастады. 90-жылдардың ортасында электр қуатынан ажырап қалған кейбір шалғай елді мекендер де бүгінде оның игілігін көріп отыр. Қазіргі таңда аймақ жарықпен толықтай қамтылып отыр деуге негіз бар. Облыста электр жабдық­тарын жаңғырту жұмыстары басталды. Қуаныштысы, бұл бастаманы елімізде алғаш болып Сыр өңірі қолға алып отыр. Бұл мақсатта арнайы жоба жасалған. «Қы­зылорда облысының аудандарын электрлік жабдықтау жүйесін дамыту» жобасы алдағы уақытта талай істің жүзеге асуына ұйытқы болмақ. Жұмыстар биылдан бастап қолға алынды. Енді ескірген жабдықтар мен тозған желілер жаңғырмақ. Облыс басшысының бастамасы елдің көп жылғы арманына қол жеткізуге жол ашты. Ендігі кезекте 2011-2013 жылдар аралығында облыс аудан­да­рындағы электр желілері осылайша жаңартылмақ. Бұрынғы жыл­дары білте шамға күні қарап қалған ағайынға енді қазіргі заманға сай жарық­пен жабдық­таудың игілігін көретін күн алыс емес.


Талантты жастарға қамқорлық
«Сыр елі – жыр елі» деген бекерден-бе­кер айтылмаса керек-ті. Дарияның бо­йында дүйім елге ән мен жыр тарту еткен та­лай дүлдүл өткен. Сол өрісті өнердің әлі де шырағы маздап жанып тұр. Аталар аманатының қашаннан да тұғыры биік. Бүгінгі ұрпақ сол өнердің өрісін аша түскен. Жергілікті басшылық мәдениет саласына қамқорлығын көрсетіп келеді. Облыста мәдениет ошақтарының қатары артып жатқандығы соның айқын дәлелі болады.
Облыс орталығынан жаңа кітапхана тұсауын кесті. Аталмыш ғимарат алыстан менмұндалап тұр. Келбеті де көз тартады. Оқырман қауымға онда барлық жағдай бар. Қаншама қазына сонда жатыр. Бұрын кітапхана әр жерді сағалады. Қаншама мұра болғандықтан, оған ерекше күтім қажет етіледі емес пе?! Кітапханашы қауым қолдан келгенше байлықты сақтауға тырысты. Ғимарат азабын тартты. Сәулеті ерекше ғимарат сол қиындықтың барлы­ғын артқа тастады. Қазір кітапханада бар­лық жағдай бар. Бұл – Сыр өңірінің өнері мен мәдениетіндегі бір ғана көрініс. Осы көрікті істі аймақтың кез келген жерінде кездестіруге болады. Көптеген ауылда мә­дениет ошақтарының түтіні түзу ұшуда. Баз бір жылдардағы жайлар ойға орала­ды осындайда. Елді мекендерде көп мәдениет ошағының жағдайы қиын еді. Есігіне қара құлып ілінді. Бүгінгі таңда бәрі өзгерді. Зәу­лім ғимараттар салынып жатыр. Ауылдан та­лай талант түлеп ұшады әлі...
Талантты жастар спортта да бар. Әрине, оларға қамқорлық қажет. Ілгеріде оларға көңіл бөлген ешкім болған жоқ. Талайы тасада қалып қойды. Қаржыдан қағажу көрді. Жарысқа бара алмады. Жаттығу залы да сүреңсіз еді. Ескі-құсқы дүние еңсені езетін. Білікті мамандар басқа салаға кетті. Жаңа ғимараттар салу арман болатын...
Бұл – өткен шақтың көрінісі. Қазіргіні ай­тайық енді. Аймақта талай спорт ғи­ма­ра­ты іргесін көтерді. Ол аудандарда да жа­са­луда. Аралда спорттық-сауықтыру ке­шені ашылды. Онда жастар спорттың бірнеше түрімен айналыса алады. Бассейн де бар. Бұрын ауданда ондай болған жоқ. Аймақтың қалған аудандарында ста­дион­дар ашылды. Бәрі де соңғы үлгімен са­лынған. Жасанды төсеніш төселген. Мұн­дай орындар  ауылдарда да елдің игілігіне ай­­налуда. Облыс басшылығының қол­да­уы­мен елді мекендерде шағын футбол алаң­дары салынып жатыр. Оны спортқа қол­дау демей көріңіз енді!
Сыр өңірі көптеген спорт түрін дамытуға на­зар аударып отыр. Солардың бірі – тен­нис. Теннис әлемде жоғары бағаланады. Талай дүлдүл есімін елге танытып жатыр. Келешекте олардың қатарын Сырда туған өрендер де толықтыруы әбден мүмкін. Қызылорданың төрінен теннис алаңы салынды. Онда үлкенді-кішілі турнир өткізуге болады. Қазірдің өзінде алаңнан қолына теннис қалақшасын ұстаған ұлан­дарды көруге болады. Жарты миллиардқа жуық қаржы жұмсалған спорт ордасы осылай көптің кәдесіне жарап отыр.
Қуанышты тағы бір жағдай, Қызылорда қаласынан жабық мұзайдын салынып жатыр. Оңтүстікте қоныс тепкен өңір үшін қысқы спортты дамыту  –қиынның қиыны. Десе де, жергілікті басшылық жастарды салауаттылыққа баулуға ерекше мән беріп отыр. Болашақта Сыр бойынан шайбалы хоккейді шыр көбелек айналдырған жас­тарды көрсеңіз, таңғала қоймассыз. Одан өзге де қысқы спорт түрлерінің өрісі ке­ңеймек.
Қазақ елі үлкен белеске беттеп келеді. 20 жыл біздің мемлекеттің Жер шарында өз орнын еншілеуіне барометр секілді. Қазақстанның дамуында әрбір өңірдің де сүбелі үлесі бар. Бұрынғы жылдарда Сыр бойы тек аграрлық жүйеге көңіл бөлсе, қазіргі заманда өндірісті де өрге домалатып отыр. Серпіліс үлкен істерге негіз қалады. Алдағы уақытта да сол жарасымды дәстүрдің өз жалғасын табатыны анық.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста