"Суды аз сұрайтын дақылдар егіңдер дейді": Түркістан облысындағы шаруалар су тапшылығының зардабын тартып отыр
"Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығы" мемлекеттік кәсіпорны Түркістан облысында су тапшылығының салдарынан егін шаруашылығына қауіп төніп тұрғанын болжайды. Қазгеодезияның 6 мамыр күнгі жарияланған зерттеуінде Шардара су қоймасының асты шөлге айналып, таязданып кеткені айтылған. Осының салдарынан Өзбекстан жағынан келетін суды тұрғындар жеткілікті ала алмай отыр, дейді мамандар. Stan.kz тілшісі су тапшылығы төніп тұрған аймақтың шаруаларымен тілдесіп, мәселенің мән-жайын сұрады.
Қазгеодезия мәліметіне сүйенсек, салынғанына 54 жыл болған Сырдария өзеніндегі Шардара су қоймасында айтарлықтай морфометриялық өзгерістер болған. Су астының таяздануы салдарынан су қоймасының көлемі өзгеріп, көлденең ағысы ұлғайған. Су қоймасының бір бөлігі Өзбекстан аумағында орналасқандықтан тұрғындар суды қажетті көлемде ала алмай отыр.
"Су қоймасының жалпы көлемінің нақты деректері мен жобалық деректерінің айырмашылығы 1 625 млн текше метрді құрайды. Су қоймасының пайдалы көлемінің нақты деректерінің жобадан ауытқуы 908 млн текше метр суды құрайды. Түбіндегі шөгінділердің көлемі 600 млн текше метрден асады", - делінген Қазгеодезия таратқан ақпаратта.
Сырдария өзені – Түркістан және Қызылорда облысы тұрғындарының басты тіршілік көзі саналады. Ал халықтың басым көпшілігі ауыл шаруашылығымен айналысатындықтан, жергілікті шаруалар биыл бұл мәселенің өте өзекті болып тұрғанын айтады.
"Мен мал шаруашылығымен айналысамын. Өңірімізде су мәселесі жылда туындайды. Биыл да қазір кейбір аймақтарда су көзін жауып тастады. Жергілікті билік өкілдеріне, жауаптыларға барып базынамызды айтқанбыз, олар шешеміз деп уәде берді. Бірақ әзірге ешқандай хабар жоқ", - дейді Түркістан облысында тұратын шаруа Мұратбек Бектөреев.
"Қазірден су жоқ болса, қырық күн шілдеде қайтеміз?!"
Ордабасы ауданы Төрткүл ауылында тұратын Берік Төлегенов егін шаруашылығымен қоса мал шаруашылығымен де айналысады. Шаруаның сөзінше, тапшылық суды халыққа дұрыс бөліп бере алмайтын мекемелердің кесірінен болып отыр.
"Біздің ауданымызда Көксарай су қоймасы бар. Осы қоймадан Түркістан қаласына дейін су Арыс-Түркістан каналы арқылы барады. Су тапшылығы жыл сайын болады, мысалы үшін былтыр тамыздың біріне тоқтап қалды. Негізі тапшылық қоймадағы су таусылғаннан кейін басталады. Осы орайда қоймадағы суды халыққа таратып беру жұмысы ақсап тұр. Бір мекеме дұрыс бөліп берсе, екіншісі дұрыс бөле алмайды. Айналып келгенде зардабын жергілікті халық тартады. Биылғы келген мекеме мысалы үшін, бағаны судың әр гектарына 3 500 теңгеге көтеріп жіберген. Ал бұл қарапайым халық үшін қымбат", - дейді Төлегенов.