Шетелден келетін көліктің біразы жеңілдетілген рәсімге үлгермеуі мүмкін
1 шілдеден бастап Кеден одағы кеңістігінде кедендік бақылау алынып, бірқатар жаңа ережелер күшіне енетіні белгілі. Сол күні шетелден әкелінетін көліктерге жеңілдік ставкасы да жойылады. Санаулы күн ішінде мүмкіндікті пайдаланып қалғысы келетіндер саны күрт артып, кеден маңында көлік мәселесінің көрігі қызып жатыр. Соған орай, кеше Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Игорь Тен бастаған бірқатар жауапты тұлғалар арнайы баспасөз мәслихатын өткізді.
Қазір кеденшілер үшін нөмірі бірінші мәселе – жеке тұлғалардың шетелден әкелетін көліктерін шапшаң рәсімдеу болып тұр. Шекараға жеткен қазақстандық автокөліктерді жеңілдетіп құжаттау жолға қойылды дегенімен, арғы бет пен бергі беттегі жағдай оңайлаған емес. 1 шілдеге дейін кіргізіп үлгерту үшін кеденшілер де бар күшін салып-ақ жатыр. Мәселен, көлік көп келетін кедендік өңірлерде жедел штабтар құрылған. Онда күн сайын қазақстандықтардың кеден арқылы көлік алып өтуінде туындаған мәселелер қаралады. «Кедендік рәсімдеуді шапшаңдату мақсатында Кедендік бақылаудың барлық департаменттері бойынша 35 кедендік бекет құрылды. Сонымен қатар қазақстандықтар әкеліп жатқан автокөліктерді декларациялау жұмысы тәулік бойына дамыл көрмейді. Ал жаңағы 35 кеден бекетінің тізімін Кедендік бақылау комитетінің порталынан қарауға болады», – дейді ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Игорь Тен. Комитет өкілінің айтуынша, автокөлік құралдарының аса көп жинақталған орындарына Орталық аппаратының өкілдері жіберілген. Осы өкілдер жағдайды жергілікті жерден бақылап, қажет болса, шапшаң шешім шығарады. Сонымен қатар Біріккен Араб Әмірлігі мен Грузиядан теңіз жолымен Маңғыстауға келетін автокөліктерді кеме бортында-ақ рәсімдеу туралы шешімдер қабылданыпты. Өткізу мүмкіндігі шектеулі портта мұндай көлік нөпірі бұған дейін болмағанын да ескерген кеденшілер қосымша қызметкерлерді жолдаған. Дегенмен кеденшілер көлікке қатысты кедергілердің ішінде тасымалдаушылардың кесірінен туатын проблемаларды да алға тартады. «Шеттен көлік тасымалдайтындардың салақтығынан біршама проблема туып тұр. Кейбір автокөлік тасымалдаушылары темір тұлпардың «тағдырына» атүсті қарайтын тәрізді. Мәселен, күн сайын көліктің үсті-үстіне қосылып жатқанына қарамастан, 60-70 көлік Маңғыстау облысындағы портта әлі күнге қаңтарылып тұр. Құжат бойынша иесі бар. Бірақ оны әкетуге әлі ешкім келмеді. Біздің ойымызша, әлгі көліктердің шекара асып, теңіз арқылы Қазақстанға жеткендігінен оның иелері хабарсыз-ау. Әйтпесе онсыз да абыр-сабыр болып тұрған портта қосымша проблемалар тудырғаны несі? Сондықтан да Маңғыстауда қаңтарылған көліктер туралы мәліметті де Кедендік бақылау комитетінің порталына орналастырдық. Теңіз жолымен келетін көлікті күткендер болса, «темір тұлпарын» танып, әкетсе екен. Сол үшін комитеттің порталында автокөліктердің vin-кодтары мен иелерінің аты-жөндері жазылатын болады», – деді Игорь Тен. Осылайша кеден қақпасына жөңкіген көліктерді шапшаң рәсімдеуге кеденшілер соңғы күнге дейін бел шеше кіріспек. Жаңағыдай Ақтау портынан бөлек, теміржолдар немесе автожолдармен елге кіретін көліктерді тура шекарада тұрып-ақ жеңілдетілген жолмен рәсімдеу 30 маусым күні жарым түнге дейін жүзеге асады.
Әйтсе де санаулы күн ішінде жеңілдік рәсімімен елге кіріп үлгермейтін автокөліктердің болатынын кеденшілер жоққа шығармайды.
«Шілденің 1-і күні нақты қанша көліктің шекара сыртында қалатыны туралы болжам жоқ. Дегенмен біздің азаматтар, елшіліктер консулдықтар арқылы көлікті уақытында жеткізуге қол ұшын беруді сұрап жатқан көрінеді. Бұл да – біздің шекарадағы кеденде туындаған мәселе емес, басқа шетелде орын алған дүние. Мәселен, мұхит асып, сонау Америкадан Қытай арқылы келетін автокөліктер қиындыққа ұшырады. Өткен сәуірде-ақ Тынық мұхиты арқылы Лос-Анджелестен Қытайға, сосын Қазақстанға 100 контейнер мәшине келуі тиіс еді. Әйткенмен Қытайға жеткенше тасымалдаушы болып табылатын қытайлық көлік компаниясы банкротқа ұшырапты. Сөйтіп, қазақстандықтардың иелігіндегі барлық контейнер Шанхай маңындағы портқа түсіріліп тасталған. Негізі, осы көлік контейнерлері Циндао портына дейін жеткізіліп, сол жерден теміржол көлігі арқылы Достық кеден бекетіне келуі шарт еді. Алайда сәуір айынан бері жарты жолда қалған автокөліктерді иелері әлі елге жеткізе алмай отыр», – дейді Игорь Тен. Оның айтуынша, Қазақстанның елшілігі араласқан соң, контейнердің бір бөлігі көлік таситын арнайы автокөлікке тиеліп, қазір Достық шекарасына жақындап қалған. Ол жерге жетсе болды, дереу рәсімнен өткізіледі. Ал қалған 44 контейнерді жергілікті қытай билігі Циндао портына қарай бағыттап жіберген көрінеді. Міне, дәл осы көліктер жеңілдетілген ставканың соңғы сәтіне дейін жете алмауы мүмкін. Өйткені Шанхай мен Циндао портының арасы тым қашық әрі ол порттан кейін контейнерлер жүк вагондарына тиеліп жүретін жолы тағы да баршылық. Сөз соңында Кеден өкілі 1 шілдеден кешіккендерге еш жеңілдік жасалмайтынын, ал сол күннен бастап кедендік ставка 40 пайызға артатынын мәлімдеді. «Сондықтан соңғы секундқа дейін үлгертуге тырысып, 30 маусым күні түнгі сағат 24-те жеңілдік ставканың аяқталатынын еске салғымыз келеді. Қазіргі қарбалас та соған қатысты», – дейді Кеденді бақылау комитеті төрағасының орынбасары Игорь Тен.
Кеденнің шығыс қақпасында да жүк көліктері қаңтарылып тұр
Жақында Қазақстан мен Қытай арасындағы Кеден ісі саласындағы ынтымақтастық бойынша шекара маңы Кеден бекеттері басшыларының кезектен тыс отырысы өткен. Төтенше басқосуда тараптар Қазақстан – Қытай шекарасындағы қаңтарылған көліктер кептелісінің проблемаларын сөз еткенге ұқсайды. Бұл ретте Қытай тарапы кеденнің өз аумағында мыңға тарта жүк көліктерінің кептеліп, тұрып қалғандарын алға тартыпты. Оның ішінде 289 жүк мәшинесі қытайлық тараптың кедендік рәсімдеуінен өтіп, Қытай кеденінің жинақталу аумағына жетіп тоқтаған. Ары қарай еш қозғалмайды. Қазақстан кеденшілерінің өзі көліктің қаңтарылуына қатысты нақты себепті ашып айта алмайды.
«Бұған дейін «Қорғас» бекетінде орын алған жағдайлар бойынша тәртіптің қатайтылғаны бар. Бәлкім, содан ба екен, жүк экспедиторлары өздерінің рәсімдерінің дұрыс болмағанынан қорқақтайтын секілді. Олар шекараның арғы бетінде тұр. Біз оларды қабылдап алуға дайынбыз. Осы тұрғыдан ойласақ, шынымен, олардың құжаттарында проблемалар бар сияқты», – дейді Игорь Тен.
Осыған байланысты өткен кездесуде қазақстандық тарап қытайлық әріптестеріне шекара арқылы жолаушы автобустары мен жүктерінің өту кестесін бекітуді сұрапты. Оның ішінде жолаушы мен жүк тиеген автобустардың өту уақытын екіжақты құжатта көрсету қажеттігі де ескертілген. Алматы қаласы және Алматы облысының Кедендік бақылау департаменті қытайлық рәсімнен өткен 289 жүк көлігін қабылдауға әзірлігін танытып қана қоймай, шамаға қарай күн сайын Қытайдан шығатын 200 бірлікке дейінгі жүк көлігін «Қорғас» кедендік бекеті арқылы өткізуге әзірлігін айтқан. «Жалпы, «Қорғас» кедендік бекетінде 7 күндік әм 12 сағаттық жұмыс кестесін әрі қарай жалғастыра түсуге де қытайлық әріптестермен уағдаласқанбыз. Бұл – елдердің тауар айналымына оң әсер етеді. Ал бүгінгі жиын өтіп жатқан дәл қазіргі уақытта да Кеден бекеттері басшыларының келіссөздері өтуде. Онда да Қорғастың Қытай жағында жинақталған жүк көліктерін тездетіп өткізу мәселелері талқыланып жатыр», – деп мәлімдеді комитет төрағасының орынбасары.
Дерек:
Ағымдағы жылдың басынан бері Қазақстанға жеңілдетілген ставкамен 110 мың шетелдік көлік әкелінген. Ал жеңілдетілген ставка жүзеге асқан былтырғы 2010 жылғы шілденің 1-інен бастап есептесек, олардың саны 159 мың көлікті құрайды. Соңғы маусым айының 1-і мен 26-сы аралығында ғана осындай жолмен келген көліктер саны 30 мыңды құраған.