Алда қыс мезгілінің де көзді ашып жұмғанша жетіп келері анық, соған орай соғым сою, соғымбасыға шақырудың да қызатын шағы. Қыс айының қызығы да сол емес пе? Қорасындағы малын семіртіп сойып соғым алып, алыс жақындағы ағайын туысты шақырып бір жырғап қалатын үрдістің үзілмегеніне шүкір дейміз кейде. Ауылдағы ағайынға оңайырақ қолындағы малын баптап, бағымын келістірсе, соғымы да соған сай болады. Ал қаладағы ағайын сол ауылдықтарға телмірулі. Ауыл-аймақтардан жеткізілген соғымға қол жеткізсе қуанады. Ал соғым деп алғаны сорлатып отырса ше? Бұл басқа мәселе.
Кезінде ауылдықтардың біразы бордақы «бизнесімен» айналысып, біраз қоң жинап алғаны бар. Бүгінде дәлі осы бизнес түрі банкротқа ұшырап тұр. Өйткені мал азығының қымбаттауы осы бизнестің аяғын тұсаулап отыр. Биыл құрғақшылық болып жем-шөпті дұрыстап жинап ала алмады. Оның үстіне қолға қараған малға беретін жемнің де бағасы аспанға ұшып кеткен. Бір «прес» шөбіңіз 400 теңгеден асып жығылады. Бір қап бидай сатып алу үшін былтырғыдан екі есеге шығындануға тура келеді. Сол себептен соғымның күйін күйіттегендер түрлі қулықтарға баруда. Арақ шарап зауытының қалдығына құда түсушілер көп. Яғни бидайдың қалған сығындысын арзанға алып, малын жемдеп жүргендер жетерлік. Ол «отходты» жеген мал өз-өзінен мәңгіп, «мас» боп жүреді. Әрі тез қоң жинайтын көрінеді. Бірақ майы шылқыған етіңіздің ешқандай маңызы да дәмі де болмайды. Мұндай етті көпшілік айыра алмайды. Кәдімгі шөп пен таза жемге бордақыланған малдыкі сияқты дәмді де нәрлі болмайды. Осындай соғымға ұрынып сан соғып қалып жатқандар көп. Мұндай әдіспен бордақыланған малдың тағы бір минусы бар. Ауылдағы бір ағайын базардан жылқы сатып алған екен. Үйге әкелген соң әлгісі шөпті аузына алмайды дейді. Ақыры аштан өлуге барған соң аузын ашып қараса бір тісі жоқ екен. Мәселенің мәнісіне тереңірек үңіліп, «зерттеп» көрген көкеміз таң қалып жағасын ұстамасқа шарасы қалмапты. Сөйтсе әлгі жылқыны тек арақ зауытынан қалған быламықпен баққан екен. Оны тек жалап жейтін болғаннан кейін жылқының аузындағы тісінің бірі қалмай түсіп қалыпты. Ал шөп жеу аттың тісіне «физзарядка» болады екен. Ия осындай қызықтар көп. Сонымен қатар жаға ұстатар жағдаяттары да жетерлік. Семіз малын соғымға өткізу үшін қандай қулыққа барудан да тартынбақ емес бүгінгілер. Тағы да бір ауылдағы ағайын қарақұрт жеген мал тез семіреді дегенді есітіп әлгіні әзер тауыпты. Сіріңкенің қорабына салып үйіне әкелген соң малына беруді ұмыт қалдырса керек. Ақырында әлгі қарақұрты өзін шағып алып ажал аузынан қалып еді... Оңтүстіктегі Төле би ауданына қарасты Қарабұлақ ауылындағы мал базарына барсаңыз мал семіртудің нешеатасын естисіз. Осындағы мал базарында қысықкөзділер елінен көшіп келген ағайындар тағы бір бизнестің көзін ашыпты. Мал семіртудің тиімді тәсілін білетін көрінеді. Шприцке құйылған сұйықтық сата бастаған. Оны белгілі бір уақытында малға салса бір аптаның ішінде-ақ қарны айналып қоң жинап шыға келетін көрінеді. Ал тағы бір апта өткен соң әлгі дәріні тағы да салса одан бетер май басып жүре алмай қалатын көрінеді. Қазірдің өзінде алармандар аз емес екен. Ал ол қандай дәрі, зиян емес пе? Адам ағзасына қаншалықты қауіпсіз? Оны тергеп, тексеріп жатқан ешкім жоқ. Семіз соғым жеймін осындайларға ұрынып қалмасақ деңіз...
Семіз деп алған соғымымыз "алқаш" болып шықты...
Последние статьи автора