Көмір қымбаттап, нарықтың нар қыспағы жағадан алған жылдары сексеуілге жаудай тигендер оны тамырымен қопарып, тұқымын таппастай құртып жібере жаздағаны бар. Тіпті сексеуіл сыңсыған аймақтарда бүгінде түбірі де қалмай оталып кеткендері де жоқ емес. Мамандардың айтуынша, бүгінде еліміздегі сексеуіл алқаптарының көлемі соңғы 20 жылда 4 есеге кеміген екен.
Абырой болғанда, ҚР Үкіметінің 2010 жылғы № 568 қаулысына сәйкес «ҚР аумағында 2018 жылға дейін мемлекеттік орман қорындағы сексеуіл ағаштарын кесуге тыйым салу туралы» қаулысы шығып, «асауға тұсау» салынды. Дегенмен қызуы қатты отынға құмартушылар қатары азаяр емес... Шөлейтті аймақтың бағалы ағашы болып саналатын сексеуілдің айнала қоршаған ортаға тигізер пайдасы ұшан-теңіз екені белгілі. Құм көшкіндерін ұстап тұруға септігі мол, отын ретінде пайдасы одан да көп, тіпті емдік шипасы да бар. Әмбебап ағаштың өсіп жетілуі өте қиын. Сол себептен де 90-шы жылдары тамырымен қоса жұлынған аймақтарды қалпына келтіру әлі де мүмкін болмай келеді. Жамбыл облысы негізінде сексеуілі көп аймақ болып саналады. Кезінде оталып кеткен аумақтарды қалпына келтіру жұмыстары бүгінде қарқынды түрде жүргізілуде. Облыста бекітілген «Жасыл даму» бағдарламасына сәйкес өңірдің флорасы мен фаунасын сақтау мақсатында ерекше қорғалатын төрт аумақ құрылған: «Андасай қорығы» – 1,0 млн гектар, «Беріққара шатқалы» – 17 500 гектар, «Қарақоңыз шатқалы» – 3070 гектар, «Жусандала» – 2,7 мың гектар. Өткен жылы облыстық әкімдік жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын аумақты құру мақсатында 124 мың гектардан тұратын «Үмбет» учаскесіне ғылыми-экономикалық зерттеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлді. Бүгінде Жамбыл облысында «Ормандарды күзету, қорғау, қорын молайту, жаңадан орман өсіру» бағдарламасы қолға алынған. Соның негізінде сексеуіл ормандарын молайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталмыш бағдарламаға сай биылғы жылы орман қорының шөлейтті аймақтарына 6 500 гектар орман алқаптарын өсіру жоспарланған. Оның 1 200 гектарына шөлге төзімді сексеуіл, қарағаш, жүзген ағаштарының көшеттері отырғызылды. Аумақтың басым бөлігіне сексеуіл тұқымын себу жұмыстары жалғасын тауып келеді. Өткен жылдың қыркүйек-қазан айларында сексеуіл тұқымын жинау науқаны жүргізілді. Жинап алынған тұқым Алматы қаласындағы тұқым сараптау зертханасына тексеруге жіберіледі. Сараптамадан өткеннен кейін қараша айының соңында, желтоқсан айының басында жер қатпай тұрып себіледі. Соның арқасында там-тұмдап болса да қылтиып шыққан сексеуіл түбірі көбейіп келеді. Дегенмен бүгінде мамандар сексеуілді көшет арқылы өсіру анағұрлым тиімді екенін айтуда. Өйткені тұқымын сепкеннен кейін оның 40 пайызы ғана өнуде. Қалғанын жел ұшырып кетуі мүмкін, мал аяғы басып өніп шығуына кедергі келтіруі мүмкін. Осындай кедергілерден кейін оларды көшет түрінде отырғызу өте тиімді екені белгілі болып отыр. Шығымдылығы да, өнімділігі де жоғары. Нәтижесі жоғары тәсілдің бір әттеген-айы, тұқым себумен салыстырғанда бес есе қымбатқа түседі. Соған қарамастан көшет арқылы өсіруге ден қойып отыр. Ал сар далада сыңсыған сексеуіл біткенді ақша өсіп тұрған алқаптай көріп, балтасын сайлап, көлігін майлап келгендерге қарсы тосқауыл әрекеттері де күшейтілуде. Бірақ құнды отынға құмартушылар қатары азаймай отыр. Өткен жылы орман қоры аумағында 703 рет рейд ұйымдастырылған. Заңсыз кесілген орман ағаштарының көлемі де көп, келтірілген шығын да аз емес. 4 миллион теңгеге жуық шығын келтірілген. Қолға түскен «сексеуілшілерге» ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 285 бөлімі бойынша орман ағаштарын заңсыз шапқаны және тасымалдағаны үшін 40 мың теңгеден бастап айыппұл салынады. Сексеуілдің бес текше метрі үшін 56 600 теңге айыппұл салынады. Бір қызығы, бір «Камаз» сексеуілді сатқанда түсетін пайда миллион теңгеге жетеқабыл. Ал салынатын айыппұл көлемі тым аз. Сондықтан да сексеуіл сатушыларға тосқауыл қою үшін жауапқа тарту шараларын қатаңдату керек сықылды.
Қорықшылардың «қоржыны» бос...
Орман қоры мен сексеуіл қорықтарын күзетуде қорықшылардың еңбегі орасан. Бірақ оларға жасалып отырған жағдайды «бес» деп бағалауға болмайды. Мәселен, олардың айлық жалақылары басқа аймақтармен салыстырғанда жылап көрісерліктей. Өзге аймақтағы әріптестерінен екі есе төмен. Осындай басты мәселеден кейін болар жас мамандардың мұнда тұрақтауы қиын. Жоғары оқу орнын бітірген жас мамандардың мұнда жұмысқа тұрмағанына он жылдан аса уақыт болыпты. Орман шаруашылығы мамандарының саны жыл өткен сайын кеміп барады. Қорықшы мамандардан бөлек, орман ағаштарының биологиялық ерекшеліктерін зерттеп, оны күтіп-баптаудың, өсірудің қыр-сырын білетін мамандар жоқтан бар... Одан бөлек тағы бір мәселе, орман шаруашылығы саласында жұмыс істейтіндердің қауіпсіздігі бүгінде басты мәселеге айналып отыр. Заңсыз аң аулап, заңсыз ағаш кесумен айналысатындар қаруы жоқ қорықшыларды көзге ілмейтіні анық. Негізінде, орман шаруашылығында істейтін мамандар заң талаптарына сай қызметтік қарумен қамтамасыз етілуі тиіс. Былтырғы жылға дейін қорықшыларда 50 дана ғана қызметтік қару болған. Орман қоры аумағын күзететіндер үшін бұл әрине өте аз. Бұл мәселе облыс әкімдігінде талқыланып, нәтижесінде 2015 жылға дейін барлық қорықшылар қызметтік қарулармен қамтамасыз етілетін болады деген міндеттеме бекітілді. Олардың техникамен жарақтандырылуы да жыл өткен сайын жақсаруда, орманды қорғау шараларына бөлініп жатқан қаржы да қыруар. Облыстағы барлық тиісті мекемелер жұдырықтай жұмылса да сексеуілді түбірімен отаушыларға тосқауыл бола алмай отыр. Сондықтан да сексеуілшілерге тек айыппұл салып, басынан сипап қоя бермей, құрықты қаттырақ қысу қажет секілді. Темір торға тоғытқанда ғана, бәлкім, тонналап құнды отынды сатып, миллиондап ақша табатындарға тұсау болармыз...
Болат ӘМІРҒАЛИЕВ, Жамбыл облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы:
– Былтыр өңір басшысының арнайы тапсырмасы бойынша сексеуіл алқаптарын күзету үшін ұшақтар сатып алынды. Бүгінде «Қазақ авиациялық орман күзету» мекемесінің бір ұшағы мен бір тікұшағы сексеуіл себілген аймақтарды тәулік бойы күзетуде. Олардың назарынан облыстағы орман қоры да тыс қалмайды. Өрт бола қалған жағдайда бұл өте тиімді тәсіл екенін дәлелдеп отыр. Олардың тигізер пайдасы да, атқаратын жұмыстары да өте ауқымды. Әуеден күзететін топ заңсыз ағаш кескен және аң аулағандарды да қолға түсіруде.
Сексеуіл сиреп барады
Последние статьи автора