Заманында күріш өсіруден аты шыққан Шардара жұртының бүгінде сол шаруаны қайта қолға алғандарына көп уақыт бола қойған жоқ. Биылғы өнім көрсеткіші де жаман емес. Айталық, биыл шардаралық шаруалар 1 414 гектар жерге күріш егіп, 8460 тонна өнім алған. 30-дан астам шаруа қожалығы гектарына 60 центнерден күріш жинапты. Көптен ұмытылып кеткен өнімді өндіруге көңіл бөле бастау өңірдің ауыл шаруашылығы саласына айрықша көңіл бөле бастағанын білдірсе керек.
Аудандық ауылшаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары А.Мақановтың сөзінше көрші елдің диқандары күріштің «Тәуелсіздік» сұрпын қайта өзімізден алып жатыр екен. Себебі, біздің шаруалар бұл сұрыптың сапасын жақсарта алыпты.
Айталық, өзге өңірдегі күріштер 80-90 күнде пісіп-жетілетін болса, Шардараның күріші 120 күнде толығымен жетіледі екен. Яғни, экологиялық жағынан таза. Ең бастысы басқаларды қызықтырып отырғаны да күріштің осы қасиеті болса керек.
Шардара ауданы биыл күрішпен қатар мақта жинаудан да рекорд жасады. 11 972 гектар алқаптан 32 400 тонна мақта теріліп, аудандар арасында көш бастады. Әр гектардан алынған мақта түсімділігі — 27,1 центнерді құраған. Гектарынан алынатын өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 10 центнерге артқан. Жалпы, аймақта 5500-ге жуық шаруа қожалығы бар болса, оның жартысына жуығы ақ алтын өсірумен айналысады. Олар ақ ұлпаның келісін 100-104 теңгеден өткізген. Десек те, шардаралық диқандар мақта алқаптарын сақтап қалуда және сапаны арттыруда әлі де болса мемлекеттен қолдау қажеттігін айтады.