Кеше халықаралық Standard & Poor's агенттігі Ресейдің 14-ке жуық алпауыт компанияларының рейтингін төмендетті. Оның ішінде бұған дейін «азуы айды» білеп келген «Газпром», «Роснефт», «Транснефт» және «МегаФон» тәрізді ірі-ірі компаниялар да бар. Халықаралық рейтингті бағалау агенттігінің пайымдауынша, бұл компаниялардың жағдайы қазір өте тұрақсыз. Аталмыш компаниялар қазір Батыстан алған қарыздарын қайтара алмай дал болуда. Осылайша Ресейдің ірі-ірі мемлекеттік жобалармен жұмыс істейтін компанияларының абдырап тұрған жайы бар.
Негізінде, Ресей компанияларының жағдайы 2014 жылдың күзінен бері ауырлай бастағаны бізге белгілі. Біз бұл жайында Алаш айнасында бірнеше мәрте жаздық, сарапшылармен пікір алмастық. Ресейдегі алпауыт компаниялардың жағдайының ауырлайтыны бізге бұдан бұрын да белгілі болды. Дегенмен кешелі бері Ресейдің бірқатар шикізат компаниялары мен банктерінің акцияларының құны түсіп, даму көрсеткіштері қайта түсе бастады. Мәселен, бір ғана Роснефт компаниясының жылдық табысы 2,5 трлн рубль болса, бұл аталмыш компанияның сыртқы қарызын өтеуге ғана жететін көрінеді.
Біз бұл деректерді төменде арнайы сызбамен көрсеттік:
Негізінен, мамандардың пайымдауынша, бұл бір ғана Роснефтің басындағы қиын жағдай емес. Қазір Ресейдегі ірі жобалармен айналысатын мемлекеттік компаниялардың біразы осындай әрі-сәрі күй кешуде. Себебі ұлттық валютасы барынша рекордтық деңгейде құлдырып, мұнайдан түсетін түсімі тіптен орталанып, санкциялардың құрсауында қалған Ресейде қазір қандайда бір қомақты табыс табу мұң бола бастаған. Алаш айнасына пікір білдірген мамандардың байыптауынша, Ресейдің ірі компанияларының қазіргі дағдаруы 2008 жылы тамызда Ресейдің Оңтүстік Осетияға әскер енгізген тұсында болған құлдыраудан екі есе асып түскен. «Осылайша Ресейдің инвестициясы барынша орталанып қалды. Ал мұның бізге әсері жоқ деп қамсыз отыруға болмайды» дейді мамандар.
Марал Төртенова, экономист-сарапшы:
- Ресейдегі ахуалдың елімізге сөзсіз әсері болатынын біз бұған дейін де бірнеше мәрте айттық. Мұның бізге әсері болады. Бірақ бізге инвестиция салу тоқтауға тиісті емес. Биылғы жылдың өзінде Ресейден 150 млрд. доллар капитал сыртқа қашқан. Егер Ресейдегі ахуал әсер етіп инвесторлар Қазақстаннан да басын алып қашар болса, бұл біз тәрізді дамушы елге кері ықпал етпей қоймайды. Қазірде біз осыны ескергендіктен инвесторларға біршама жеңілдіктер жасап отырмыз. Жалпы, Ресейден кетіп жатқан инвестицияның бізден де кері қашпауы үшін мемлекетік тұрғыда қорғану, сақтану шаралар атқарылуы тиіс. Тіпті біз сол Ресейден кетіп жатқан инвестицияның айналып келіп Қазақстан экономикасына құйылуына жағдай жасағанымыз абзал. Егер сәтті пайдаланып Ресейден қашып жатқан инвестицияны өз елімізге әкеле алсақ, бұл оңды шешім болар еді. Әрине ол үшін салмақты, сауатты тәсілдерді үйрену, зерттеу керек. Қазір Ресейдің «Роснефть», «Газпром», «Транснефть» тәрізді компанияларына қаржы табу қиынға соғып отыр. Бұл компанияларға инвестиция салудан еуропалық инвесторлар бас тартып отыр. Сондай-ақ Ресейдің құнды қағаздар нарығында да аталмыш компаниялардың акцияларының құны түсіп кеткен. Атап айтсақ, соңғы аптада бір ғана «Газпромның» құнды қағаздары - 12 пайызға дейін арзандады. Осылайша Ресейдің ірі мұнай-газ компанияларымен серіктес инвесторлардың көңіл күйі бұзылып, қазірде бұл компанияларға салынатын инвестиция қаша бастады. Жалпы, Ресейге инвестиция азайса, оны бізге мысқылдаудың қажеті жоқ. Себебі инвестициясы азайған Ресей енді бізге өз өнімін қымбатқа сата бастайды. Сол арқылы аз да болса түсім көргісі келеді. Сондықтан Ресейдің ірі компанияларының даму сатысы төмендеп, қаржы табу қиындаса бұл бізге де оңай болмайды.
Сөйтіп, мамандар Ресейдің бұлайша дағдаруы макроэкономикалық дамуға да кері ықпал ететінін алға тартуда. Мәселен, Ресейдің макроэкономикалық өсімі соңғы үш айда 12 пайызға кеміген. Бюджеттік шығындары үш айдың көлемінде артып, халықтың ақшалай табыстары кеміп, елде жұмыссыздар саны да артып отыр. Егер Ресейдің мұнай-газ өндірісіне салынар инвестиция азаяр болса, бұл компанияларға Еуропадан ірі көлемді несие алуға тыйым салынса, онда олар қаржы жағынан қысалады. Мұның арты өнім бағасын өсіруге апарып соқтырады. Бұдан шығатын қорытынды Ресей Қазақстанмен ірі серіктес ретінде енді бізге беретін 40 пайыздық көлеміндегі жанар-жағармайын, басқа тауарын, азық-түлігін, түсті металлын бізге қымбатқа сата бастайды. Ал бұл дегеніңіз біздің елдегі инфляцияны қоздыратын жайт екені түсінікті. Сондықтан бұл жерде Ресейдің мұнай компанияларының жағдайы бізге әсер етпейді деп бейқам отыруға болмайтыны тағы анық.
Негізінде, атап-атап көрсетсек, Ресейге күрделі салымдар құйған инвестор мемлекеттердің үлес салмағы: Германия – 20,2% (4001 млн доллар), Кипр – 11,8% (2327 млн долл), Ұлыбритания – 11,5% (2271млн долл), Швейцария – 6,8 (1349 млн долл), Франция – 6% (1184 млн долл), Нидерланды – 5,9% (1168 млн долл), АҚШ – 5,7% (1133 млн долл), Жапония – 2,2% (441 млн долл), Австрия – 1,9% (376 млн долл), Швеция – 0,7% (139 млн долл).
Ал бұл инвестициялар өз алдына қазір Ресей Еуроодақ тарапынан салынған санкциялардың салдарынан ірі көлемде несие алатын елдерден де қаржы ала алмай отыр. Бұдан біз болашақта Ресей компанияларының жағдайы тіптен ауырлайтынын түсінген боламыз.
Төменде Ресейдің ірі көлемді несие алатын елдерінің тізімі сызбамен көрсеттік:
Аталмыш деректерді зерттеп отырған мамандарымыз «бұл елдерден келер инвестиция көлемі азаяр болса, Ресей жобаларын қаржыландыруға Батыстан ірі көлемді несие ала алмаса, Батыстың қарызын қайтару одан әрі қиындаса өзінен-өзі бар салмақты көрші отырған қазаққа салары даусыз. Сондықтан бұл жерде Ресейдің экономикасының тұрақты болуы біз үшін маңызды» дейді.