Қазір Ресейде азық-түлік тапшылығы анық сезілуде. Ішкі нарығына қажетті азық-түлік өнімдерінің 40 пайызын Еуропадан алатын Ресей Батыстың азық-түлігінен бас тартқалы бос қалған нарықты толтыра алмай әлек болуда. Бастапқыда Еуропа азық-түлігінен бас тартқан тұста Ресей президенті Владимир Путин «біз Еуропа импортын шектеу арқылы отандық өндірісшілердің нарықты еркін басқаруына себепкер боламыз. Бұл отандық өндірістің адымын аштыратын шешім» деп оптимистік көзқарас танытқан еді.
Әйтсе де, жыл басынан бері отандық өндірісті кеңінен қамтуға шамасы келмеген өндірісшілер қазір Ресей өкіметінен көмек сұрап отыр. Ресейдің отандық өндірісшілері азық-түлік шикізатының тапшылығынан, өнімнің шығымсыздығынан, алған несиелерінің қайтарымсыз болуының күшейуінен, салықтың өсуінен, бір сөзбен айтқанда мемлекеттік қолдаудың әлсіздігінен тауар бағаларын өсіруге мәжбүр болған. Ал мұның арты Ресейде инфляцияның екі еселенуіне апарып соқтырып отыр. Экономист сарапшылардың болжауынша, егер Ресей өкіметі өз өндірісшілеріне жуық арада қолдау көрсете алмаса, онда Ресейде азық-түлік тапшылығы одан әрі асқынады. Ал мұның соңы Ресей халқының ашқұрсақ болуына апарады.
Сөйтіп, қазір Ресейде жыл басынан бері азық-түлік өнімі барынша қымбаттап, халық әрі-сәрі күй кешуде. Көрші елде болып отырған бұл жағдайларға байланысты біздің отандық сарапшыларымыз «геосаясат салдарынан біз де мұның кері әсерін көреміз. Сондықтан бұл бізге аса әсер етпейді деп бейқам отыруға тағы болмайды» дейді.
Мейрам Қабдрахманұлы, экономист-сарапшы:
– Украина мен Ресей шиеленісінің Кеден Одағы елдеріндегі ауылшаруашылығы өнімдерінің бағасына кері әсер етіп отырғандығын маусым айында қарапайым халық бір ғана картоптың айналасындағы бағаның түзілуінен-ақ байқады. Білесіздер, маусым айы бұқараның есінде картоптың 250-280 теңгеге дейін қымбаттауымен, аракідік қайсыбір аймақтарда нан бағасының көтерулімен есін алғаны анық. Бұған қатысты айтар жайт, өткен жылы Ресей картоптан көп өнім ала алмады. Бірақ соған қарамастан мамыр айында олар бұл өнімді Украинадан тасымалдауға тыйым салды. Ал нарық өз дегенін істеді. Бұдан кейін Ресей бізден картопты көптеп сатып ала бастады. Қалғаны өздеріңізге белгілі. Біздегі ішкі нарықтағы картоптың бағасы осы уақытқа дейін болмаған бағада айрықша қымбаттады. Бұл бір ғана кортоптың айналасындағы әңгіме. Ал енді Ресей Украинаны қойып, АҚШ, Австралия, Норвегия елдерінен азық-түлік импорттауға тыйым салып отыр. Ресей қанша жерден бұл елдерден алатын азық-түлікті басқа елден аламыз, Норвегияның көкөнісінен, жеміс жидегінен бас тартып, Түркия мен Әзірбайжаннан жеміс-жидек тасимыз, отандық өндірісшілерге мүмкіндік береміз, дегенімен, мұның бізге сөзсіз әсері болады. Одақ аясында бірлескен ел ретінде Ресей ендігі кезекте Қазақстаннан молынан тауар енгізуді сұрай бастайды. Біз одақтың мүшесі ретінде Ресейге қолұшын беруімізге тура келеді де, отандық тауарымыздың басым бөлігін Ресейге одақ белгілеген бағамен жіберуге мәжбүр боламыз. Әрине, бұл жерде Ресейдің бізден арзан тауар сатып алуға тырысатыны даусыз. Ал бұл біздің тауар шығаратын отандық кәсіпорындарға кері әсерін тигізбеуі үшін, тауарлары тек арзанға ғана өтіп кетпеудің қамын ойлап отандық кәсіпорындарымыз өздері шығарған өнімдерінің ішкі нарықтағы бағасын қымбаттата түседі. Осылайша Ресей бізден сұранысты тым көбейтсе, Қазақстанның ішкі нарығындағы тауардың көлемі азайып, оның бағасының құны артып, қымбатшылық халықты одан әрі қыса түседі деген қауіп бар. Қазірдің өзінде елде біраз тауарлардың бағасы өсті. Бұл халыққа айқын сезіліп отыр.
Абзалында, сарапшылардың пайымдауынша, Ресейдің Еуропа импортынан бас тартуының салқыны біздегі азық-түлік импортына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Мысалы, бізге АҚШ-тан келетін 40,7 мың тонна ет; Австралиядан келетін 1,1 мың тонна; Канададан 1,6 мың тонна ет Ресей арқылы өтеді. Ал бұл жерде өзінен-өзі шығатын қорытынды Ресей ендігі кезекте біздің сол сырттан әкелетін етімізге де жармасып, «біз етті сендер арқылы аламыз» деп шыға келуі де ғажап емес. Ең қызығы, ет өнімі турасында сөз еткенде біз өзіміздің ішкі нарықтағы тұтынушыларды толық қамти алмай отырып, Ресейге қазірдің өзінде ірі көлемде ет өнімін шығарамыз. Демек, бұдан бұлай да Ресейдің ет және ет өнімдеріне деген сұранысы еселенсе, онда қолда барды тағы көршіге беріп отыруға тура келеді. «Сондықтан бұл жерде ет өндірісінің де шама-шарқын бағып, осы ретте отандық өндірісшілерге мемлекеттік қолдауды арттырғанымыз жөн» деседі мамандар.
Осылайша Ресей азық-түлік тапшылығы мен қымбатшылығын біз арқылы шешкісі келетінін алға тартқан мамандар, болашақта біздегі ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші мамандарға мемлекеттен айрықша қолдау керектігін баса айтып отыр. «Ресей ендігі кезекте ет және ет өнімдерінен, сүт және сүт өнімдерінен, жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінен қатты тарыға бастайды. Демек жыл соңында біздегі біраз өнімдердің де Ресейдегі бағамен теңесетіні сезіліп отыр» дейді мамандар.
Ресейде жыл басынан бері қымбаттаған азық-түліктердің тізімін біз арнайы инфографикаға салуды жөн көрдік:
Сөйтіп, мамандар айтып отырғандай, инфографикадан көрсетілген азық-түліктердің Қазақстанда да қымбаттай түсуі әбден ықтимал.
Себебі Қазақстанның тауар тасымалында ең негізгі ірі серіктесі Ресей екенін ескерсек, Ресейдің өзінде тапшылық туындап отырғанда, олар бізге арзан өнімін бермесі белгілі. Сондай-ақ Ресей өзінің бос қалған нарығын біз арқылы толықтыруды ғана ойласа, бұл арада расымен де отандық өндірісшілерге мемлекеттік қолдаудың қажеттігі даусыз.