Құрылыс саласындағы кемшіліктерге кім жауапты?

Құрылыс саласына қатысты қанша сын айтылса да жаңадан бой көтерген ғимараттардың сапасы әлі де түзелмей келеді. Қолданысқа берілген жаңа нысанның көп уақыт өтпей жатып-ақ қабырғасы қақырап шығуы қалыпты жағдайға айналған сияқты. Жаңа нысандардың сапасыздығы жөнінде құрылыс компанияларына қанша ескерту жасалса да, апатты жағдайдағы тұрғын үйлер де, түрлі білім нысандары да азаймай тұр. Жақында ғана Алматы облысының прокурорлары білім және спорт нысандарында жүргізілген құрылыс жұмыстарын тексерген болатын. Осы тексерудің нәтижесінде құрылыс жұмыстарымен айналысқан мердігер компаниялардың мемлекет қазынасына 50 миллион теңге шығын келтіргендігі белгілі болды. Облыстағы мектептер мен спорттық нысандарды салу кезінде қолданылған материалдардың сапасы нашар болған. Алматы облысында анықталған құрылыстағы олқылықтар мұнымен шектелмейді. Жергілікті билік органдарының тарапынан да заң бұзушылықтар орын алған. Мәселен, құрылыс мерзімдерінің ұзартылуы, бюджеттік қаржыны тиімсіз пайдалану, құрылысы толық аяқталмаған мектептерді қабылдау актілеріне қол қою фактілері тіркелген. Жергілікті атқарушы органдар мен мердігер компаниялардың келісімімен құжаттарға қол қойылғанымен, күрделі құрылыс жұмыстары жүргізілген мектептер әлі де сол апатты жағдайда тұр. Облыстық прокуратура жүргізген тексеру нәтижесінде Алматы облысындағы 10 мектептің апатты жағдайда екендігі және әлі 55 мектепте балалардың үш ауысыммен оқып жатқандығы анықталыпты. 

Қарапайым халыққа арналған мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқан құрылыс жұмыстарында сапасыздық жиі қылаң береді. Республикамыздың кез келген аймағында мемлекеттік бағдарлама арқылы салынған тұрғын үйлердің көпшілігінің сапасы күмән туғызады. Қанша айтылса да, бұл мәселенің шешімі табылар емес. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2014 жылдың алғашқы 8 айында 371 мердігер компания құрылыс нормативтерін бұзғаны үшін жауапқа тартылған. Мердігер компанияларға қатысты 256 әкімшілік іс қозғалып, 361 миллион теңге мөлшерінде айыппұл салыныпты. Егер құрылыс компаниясы ережені екінші рет бұзса, сот шешімі бо­йынша лицензиясынан айрылады. Биылғы жылы лицензиясынан айрылған құрылыс компанияларының саны төртеу. Бүгінде Қазақстан бойынша мемлекеттік бағдарлама негізінде 1312 тұрғын үй нысаны салынуда. Ал қолданысқа берілгендердің саны – 2118. Бізде құрылыс саласындағы олқылықтар үшін жауапты тұлғаларды жауапқа тартатын заң болғанымен, оның жұмысы әлсіз. Орын алған заң бұзушылықтарды бақылаушы органдардың жұмысында да салғырттық байқалады. 
Құрылыс саласындағы сапасыздықтың орын алуына тендердегі жемқорлық бірден-бір себеп болып отырғаны талай биік мінберден айтылған. Тендер өткізудегі жемқорлықты жою мәселесі осыған дейін де біраз талқыланды. Бір өкініштісі, жасаған қылмысы үшін жаза арқалайтындардан тамыр-танысы, ақшасы арқылы мәселені өз пайдасына шешетіндер жиі кездеседі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, тендердегі жемқорлықтың шет-шегі көрінбейді. Тапсырыс беруші билік өкілдері көбіне өздері танитын, қаражаты көп мердігердің тендерді ұтып алуы үшін жағдай жасайды. Яғни, тендерді бөтен адамның жеңіп алуы мүмкін емес. Сонымен құрылыс жұмыстары басталмай жатып-ақ жемқорлық басталады. Заңсыз әрекетке өздері қатысқан соң тапсырыс берушілер жұмыстың сапасыздығына қарамастан қабылдау актісіне қол қойып жіберуі де жиі орын алатын көрінеді. Қабылдау комиссиясы құрылыс жұмыстары аяқталған нысанды толық тексеруден де өткізбейді екен. Комиссия қабылдап алғаннан кейін кемшіліктері байқалса, мердігер компания­лар «барлығын бақылаушылар тексерген» деп құтылуға әккіленіп алған. Егер мердігер компаниялардың басшылары заң құрығынан құтыла алмасын білсе, құрылыс саласында мұндай олқылықтар орын алмас еді. Жергілікті атқамінерлермен келісіп тендерді ұтып алған мердігер шығарған шығынын өтеп қана қоймай, артық табыс табуды да көздейтіні заңдылық. Сол себепті ақша үнемдеу үшін арзан әрі сапасыз материалдар пайдаланылады. Бөлінген қаржыны талан-тараж қылған компания басшылары шетелден арзан құрылыс материалдарын жеткізеді. Бетін жылтыратып қойғанымен, сапасы нашар материалдармен тұрғызылған ғимараттың да көп ұзамай апатты жағдайға жететіні түсінікті. Ал ғимараттың қауіпсіздігі – тұрғындардың қауіпсіздігі екенін ұмытпау керек. Құрылыс саласында нысанның негізгі тұғыры – арматура. Ал арматура Қазақстанда аз өндіріледі. Орал, Қостанай, Өскемен қалаларында орналасқан арматура шығаратын зауыттар бар. Десек те, олардың өнімдері отандық құрылыс саласы үшін жеткіліксіз. Сондықтан оны Ресей мен Украинадан жеткізеді. Кейінірек ресейлік және украиналық арматуралардың орнын қытайлық арматура алмастыра бастады. Қытайдан жеткізілетін арматураның сапасы көбіне сын көтермейді. Алайда бұған бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Бағасы арзан арматураларды пайдаланып, құрылыс жұмыстарын аяқтау – компаниялардың басты мақсаты. Осылайша тірегі әлсіз жүздеген ғимарат елімізде бой түзеуде. 
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ин­дус­триал­ды-инновациялық бағдарлама­ның шеңберінде салынатын зауыт, фабри­каларға 80 пайызға дейін отандық құрылыс мате­риалдарын қолдану керектігін айтқаны есте. Ал біздегі құрылыс материалдарының 80 пайызы шетелден тасымалданады екен. Әсіресе, Қытайдан жеткізілетін құрылыс материалдарының қатары көп. Ең бастысы, шетелдік құрылыс материалдарын сатып алу арқылы отандық компаниялар өзге мемлекеттің экономикасын дамытуға үлес қосуда. 
Еліміздің құрылыс саласындағы күрмеулі мәселенің бірі бәсекелестіктің болмауынан дейді мамандар. Олардың айтуынша, жеке құрылыс компанияларымен бәсекелестікке түсетін мемлекеттік құрылыс компаниясы болуы қажет. Мемлекеттік құрылыс компаниясына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп, сол арқылы Қазақстандағы тұрғын үй бағасын төмендетуге де мүмкіндік туар еді. Бәсекеге қабілеттілік дегеніміз – сапаға, бағаға және қызмет көрсетуге баса назар аудару. Яғни, сапаны жоғарылату, өндіріс шығындарын кеміту және сатудан кейінгі қызмет көрсетуді жеңілдету. 
Үкімет құрылыс саласына қолдау көрсетіп-ақ келеді. Бұл саланы қаржыландыру мәселесі де жолға қойылған. Желтоқсан айының алғашқы күндері Астанада өткен құрылыс саласының Еуразиялық конгресінде құрылыс саласының қарқынды дамып жатқандығы айтылды. Сонымен қатар, бұл салада шешім қабылдауды қажет ететін түйткілді мәселелердің де барын айтып өтті Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов. Ал «Базис-А» холдингтік компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Александр Белович: «Бүгінгі таңдағы Қазақстанның құрылыс саласында 700 мыңнан астам жұмысшы қызмет істейді. Елбасы өз тарапынан құрылыс саласын тағы да экономика дамуының басты басым саласы ретінде анықтады, бізге жаңа серпінді жобалар бастауды тапсырды. Бүгінгі таңда Қазақстанның құрылыс саласы бизнес-қауымдастық ретінде біртұтас емес. Қазақстанда салалық қауымдастықтардың саны көп, олардың көпшілігі тар шеңберде маманданған. Біз бизнес-қауымдастықтың бірыңғай стратегиялық ұстаным жасау мен саланың түйткілдерін айқын етіп, мемлекет алдына ұсынуда өз міндеттерін атқара алмай жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан Конгресс аясында біз салалық қауымдастықтар арасында ары қарайғы өзара ықпалдастық тиімдірек болуы үшін ортақ шоғырланған ұстанымды жасап шығарғымыз келеді. Бәлкім, құрылыс саласының біріккен ұлттық қауымдастығын құру туралы ойланатын кез келген шығар», – деді. 
Қазақстандағы құрылыс саласының қазіргі дамуы 80-жылдардың деңгейіне де жетпейтін көрінеді. Ол кезеңде елімізде ондаған ғылыми-зерттеу институттары жұмыс жасаған. Аталған ғылыми-зерттеу институттары құрылысқа қажетті материалдарды анықтап, оларды әзірлеу технологияларын қалыптастырған. Ал қазір мұндай институттардың бір де бірі жоқ. Сонымен қатар, 80-жылдары қазақ жерінде 4 ірі цемент зауыты болған. Бүгінгі таңда отандық цемент зауыттары сол 4 зауыт шығарған өнімнің жартысын да игере алмайды екен кейбір сарапшылардың айтуынша. 
Соңғы бес жыл ішінде құрылыс сала­сында 200 жобаға 1,5 миллиард доллар инвес­тиция тартылған. 2008 жылғы дағдарыстан кейін қайта қалпына келген құрылыс саласы 2013 жылы жалпы ішкі өнімнің 7 пайызын құраған. Еліміздегі маңызды құрылыс саласы халықтың 8 пайызын жұмыспен қамтып отыр. Әрине, құрылыс саласының халықты жұмыспен қамтуы еліміз үшін өз пайдасын тигізеді. Мұның бір әттеген-айы бар. Ол – құрылысқа мердігерлердің біліксіз гастарбайтерлерді көптеп жұмысқа тартуы. Әрине, өзге салалар секілді құрылыс сапасына әсер ететін маңызды факторлардың бірі мамандардың кәсіби біліктілігі. Ал еліміздегі құрылыс саласында қызмет ететіндердің жартысынан көбі шеттен келген кәсіби біліксіз келімсектер. Мұндай арзан жұмыс қолын құрылысқа тарту компаниялар үшін өте тиімді. Олардың кәсіби біліктілігінің жоқтығын ескеретін болсақ, салынып жатқан нысанның кәсіби деңгейде орындалмайтыны анық. Бұл сапаның төмендеуіне әсер етеді. Құрылыс компаниялары үшін мұның ешқандай маңызы жоқ сияқты. Сондықтан құрылыс саласын қатаң түрде бақылап отыру керек.  

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста