Қош бол, қамқор аға...

Кеше редакцияға «Алматы сауда палатасының төрағасы Ізбасар Бозаев қайтыс болыпты» деген суық хабар келіп жетті. Шыны керек, сенгіміз келмеді. Қашан қоңырау шалсаң да, ар жағынан жымиып (иә, иә, жымиғаны анық сезілуші еді) жауап беретін әзіз жанның кенеттен бұл фәниден озуы ақылға сыймайды екен. Аяқ астынан...
Таразға бір шаруалармен барған Із­басар аға 30 наурыздың кешінде Алматыға қарай жолға шығады. Жанында жүргізушісі бар. Бірақ біраздан соң рульге өзі ауысып мінеді. Қордай ауылына таяу маңда ав­токөлік апатқа ұшырайды. Жанындағылар аман. Өзі кетті. Жазмыш па бұл? Әсілі – солай.
Жексенбі күні туған-туыстары, жора-жол­дастары Ізбасар ағаны мәңгілік сапарға ат­тандырды. Қаралы жиында сөз сөйлеген Жақ­сылық Үшкемпіров, Ермахан Ибраи­мов, Халық Абдуллаев, Ибрагим Сатыбал­ды, «Ұлы дала» қозғалысының» өкілі Ғаби­ден Жәкеев сияқты ел азаматтары біреуге аға, біреуге іні болған Ізбасар ағаның аруа­ғы­на тағзым етті. «Алаш айнасы» жарық көргелі өзіміз талай рет сұхбат-пікір алған Ізбасар аға­ны газет бетінде еске алып, рухына тағ­зым етуді біз де жөн санадық.
Көпшілік Ізбасар Бозаев ағамызды Ал­маты сауда палатасының төрағасы ретінде біледі. Өйткені ақпарат құралдарында ол көбіне осы қырынан көрінді. Ал маңайында жүргендер оны халқына жаны ашитын, на­ғыз елім деп еңіреген азамат еді дейді. Былтыр күзде құрылған «Ұлы дала» республикалық қоғамдық бірлестігіне енуі де содан болар. Өйткені ол – еліміздің қазіргі жеткен жетістіктерін мойындап, Батыстың демократиялық құндылықтарын қабылдай отырып, қазақтың тілін, салт -дәстүрін, тарихын, ұлттық құндылықтарын сақтай отырып, одан әрі дамытуға талпынатын қозғалыс.
Ал Ізбасар ағаның нағыз меценат бол­ғанын, әсіресе дарынды жастарға қолдау көрсетіп, қамқорлық жасағанын білетіндер бар ма? Бар шығар. Бірақ олар да некен-саяқ. Өйткені кейбіреулер сияқты ол жа­саған жақсылығын жар салып айтқан емес. Мынау қиын заманда жақсылық жасау да кез келген адамның қолынан келе бер­мейтін іс қой. Сөздің реті келгенде, Ізбасар ағаны дәл осы қырынан танытқан бір оқиғаға тоқтала кетейік.
Алғаш рет электрдомбыра жасауды қолға алған Нұржан Тойшы 2010 жылдың жазында өз жобасы жайында Ізбасар Бо­заев­қа айтады. Ол кісі бұл жобаның кере­меттігі мен электрдомбыраның дыбысына таңғалып, тәнті болады. Алматыдағы өз мекемесінен осы жобаның дайындығын өткізетін арнайы орын тауып береді. Нұржанға моральдық көмек берумен қатар, қазақ эстрадасы музыканттарымен және сазгерлермен таныстырады. Нұржан ең әуелі Ізағадан осы жобаға кәсіби домбырашы тауып беруін өтініпті. Ізбасар ағасының шақыруымен алғашқы болып Мұрагер келді. Әйгілі домбырашы әлгі ас­пап­тарда 20 минуттай ойнап көреді. Топ­тың жоспарына қызыққанымен, ол бұл кез­де Астанадағы Қазақстан СІМ-ге жұ­мысқа кірген болатын. Сол себептен Нұржан мен оның тобына қосыла алмады. Бірақ Мұрагер Нұржанға досы Мақсат Хасановты таныстырады. Ол бұл жобаға бірден келісімін береді. Ол кездері Мақсат Қазақ ұлттық консерваториясының домбы­ра­дағы жалғыз солисі болатын. Нұржан мен Мақсат Мәскеудегі домбыралар дайын бол­ғанша жарты жылдай өздері дайын­да­лып, демо-нұсқаларды жазып жүрді. Кейін оларға Бақытжан Желдербаев пен Шам­шад­дин Омаров қосылды. «Алдаспан» тобы осылай құрылған.
Нұржан Тойшы, «Алдаспан» тобын құрушы:
– Ізбасар аға – әкеден ерте жетім қалып, 7-сыныптан бастап жұмысқа кіріс­кен адам. Қолтығынан демеп, кө­мектескен жанашыры да болған жоқ. Бүкіл жетістікке өз еңбегімен, өз күшімен қол жеткізді. Көбіне қарапайым адам­дармен араласты. Кімге болса да кө­мегін аямай, қамқор болып жүретін. Әсіресе талантты, болашағы бар жас­тар­ға қамқор еді. Ерекше ақкөңіл болғандықтан ба, көп адамға алданып қалатын. Бірнеше тілді меңгерген, қы­тайша, түрікше білетін, ағылшыншадан хабары бар. Жүрген жерінде берекелі, өте жомарт жан-тұғын. Қарауындағы ғимарат кеңселерін біраз адамдарға жал­ға тегін беріп қоятын. Көңіл күйім тү­сіп, рухани күшім сарқылғанда алды­мен сол кісіге баратынмын. Ол маған рух беріп, көңілімді көтеріп, жігерлен­діріп жіберуші еді. Жалпы, елге керек бастамаларды қатты қолдайтын. Таяуда жаңа альбом шығарайық деп жатқан едік, сол альбомға менімен бірге про­дю­сер болды. Бұл кісі болмаса, топтың болар-болмасына көзім жетпейді. Алла риза болсын ағамызға.

Дегенмен де Ізбасар ағаның негізгі қызметі Алматы сауда палатасында-тұғын. 2001 жылы құрылған сауда палата­сы Қазақстан кәсіпкерлеріне бизнесті дамыту мен әлемдік экономикаға ин­тегра­­цияла­нуға нақты көмек көрсетуді, сондай-ақ ел экономикасына тікелей шетел инвести­ция­ларын, жаңа технологиялар тартуға қол ұшын тигізу мақсатын көздейді. Бұл жұмысты Ізбасар аға жоғары деңгейде атқарды. «Алаш айнасына» берген бір сұх­батында ол: «Дағдарыс кезінде қамбадағы қорды шығарып, қаржы саласын аман алып қалдық. «Жол картасы» да бірталай әлеуметтік мәселені шешті. Жұмыс орын­дары ашылып, жұрт нәпақа тапты. Дағда­рыс биыл емес, келесі жылы бітеді дейтін сәуе­гейлер де бар. Бірақ бұлт басқан аспа­нымыз ашылып, күн көзі шығу үшін қолда­ғы ресурстарды тиімді пайдалануға ұмты­луымыз қажет. Күні кеше «Жер қойнауын игеру туралы» Заңды қайта қарау жөнінде шешім қабылданды. Бұл – кеш болса да қолға алынып отырған батыл шешімдердің бірі. Қорқатын ештеңе жоқ. Келісімшартты қайта қарап, елімізге тиімді баптарды қосу керек. Оған көнбейміз дегендерге – «сәт сапар». Шүкір, орнына келем деушілер баршы­лық. Ешкім келмей қалады деген үрей жоқ бізде. Көп ел мемлекеттік меншікке қарай бағыт алды. Онда біз неге өз несібемізді біреулердің аузына тістетіп жіберуге тиіспіз? Ұлт несібесі ұлттың өз қолында болуы керек», – деген еді.
Алматы сауда палатасының сайтында Ізбасар ағаның суреті әлі күлімдеп тұр...
Жаныңыз жаннатта болсын, Ізбасар аға.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста