Әлеуметтік жағдайды жақсарту мәселесі баспанаға тікелей байланысты екеніне ешкім таласа алмас. Өйткені бүгінде жұмыссыздық көптеген мемлекеттің сызжарасы болса, бас сақинасы баспана болып отыр. Осы орайда, қамқорлыққа мәжбүр жандарға қолжетімді пәтер мүмкіндігін тудыру Жолдау жүктеген міндеттердің бірі болып табылады. Сондықтан қалың бұқара Мемлекет басшысының тұрғын үйге қатысты Жолдауда айтылған бастамасын түбегейлі құптап, «Қолжетімді баспана–2020» бағдарламасына айрықша қуанышты.
Әлемдегі айтулы қаржыгерлер алдағы уақытта болатын қаржы дағдарысының салдары бойынша сан түрлі болжам айтса, алпауыт мемлекеттер әр жерде бас қосып, дағдарысқа қарсы қолданатын «иммунитетті» іздестіруде. Осы орайда, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ағымдағы жылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы қаржылық дағдарысты еңсеретін әрі таяудағы онжылдықта атқарылатын жұмыстардың нақты бағдары деп айтуға болады. Болжанған дағдарысқа әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін сақтай отырып қарсы әрекет ету, жұмыс орындарын сақтап қана қоймай, 1,5 миллион адамды жаңа жұмыс орындарымен қамту – ертеңіне сенімді мемлекеттердің ғана қолынан келетін іс. Бұл орайда Орталық Азияның барысы алдағы уақыттағы қоғамымыздың қай саласының болсын дамуын басты назарға алып отыр.
Жолдаудағы Үкіметке берілген тапсырмаларға сай, алдағы уақытта еліміздің әлеуметтік әлеуетін арттырып, экономикасына тың серпін беретін бағдарламалар дүниеге келмек. Бұл бағдарламалардың басты мақсаты – қазақстандықтардың күнбе-күнгі кездесетін мәселелерін шешу. Яғни өмір сүру деңгейін арттыру. Соның бірі – жуырда қабылданған «Қолжетімді баспана–2020» бағдарламасы. Оның ерекшелігі, бағдарламада тұрғындардың үй мәселесін шешудің бірнеше бағыты қарастырылған.
Елбасы баспана мәселесін бюджеттің бір тиынының өзі есептеулі әрі қысылтаяң уақытта жайдан-жай алға шығарып отырған жоқ. Өйткені бұл – халықтың ең жанды жері, шетін мәселесі. Сондықтан ол – дер кезінде қолға алынған тың бастама деуге толық негіз бар бағдарлама.
Мемлекет басшысының Үкіметке жүктеп отырған міндеті – алдағы уақытта жарты миллионнан астам жас отбасын жеке баспанамен қамтамасыз етіп, жалға берілетін тұрғын үй алаңын 1 млн шаршы метрге жеткізу. «Оған қоса, жалға алғаны үшін жасалатын төлем әл-ауқаты орташа отбасы мүмкіндігіне сай болуы тиіс», – деп ел көкейіндегіні Жолдауда дәл тапқан. Осы орайда, жүзеге асқалы тұрған «Қолжетімді баспана–2020» бағдарламасы тек қана үй мәселесін шешіп қана қоймай, халықтың көптеген әлеуметтік-экономикалық, рухани, мәдени, демографиялық мәселесін шешуге септігін тигізбек. Несін жасырамыз, бүгінде отау құрғанымен, басыбайлы баспанасы жоқ, ортақ қазанын ортайтып, пәтер жалдап жүрген жастарымыз дүниеге бала әкелуге шешім қабылдауда тәуекелге бара бермейді. Пәтер жалдап, соның ауыртпашылығынан ажырасып кетіп жатқандары да кездеседі. Ал өзінің жеке тұрғын үйі бар отбасының қаражаты үнемделіп, тұрмысын жақсартуға мүмкіндік алатыны, оның демографияға да оң ықпал ететіні сөзсіз.
Елімізде бұған дейін жас отбасыларды, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер мен әлеуметтік сала мамандарын тұрғын үймен қамту жөніндегі бағдарламалар жүзеге асырылды. Ал қолданысқа енгізілген бағдарламада ұзақмерзімді жалға алу, кейін сатып алу мүмкіндігінің қарастырылуын өзіндік жетістік деп айтуға болады. Осы орайда, мемлекет дүниеге келген сәбиге байланысты жас отбасының жалға алған пәтерінің қарызын белгілі бір мөлшер бойынша қысқартуды өз мойнына алуы керек. Мұндай әдісті қолданып отырған мемлекеттердің тәжірибесін саралап, өзімізге енгізуге біздің де қаржылық мүмкіншілігіміз жеткілікті деп ойлаймын. Сонымен қатар жас отбасы деңгейінің жас ерекшелігін 29-дан 34-ке дейін ұлғайту жағын ойластырғанымыз жөн секілді. Себебі бұл жас мөлшері ел ертеңінің пісіп-жетілуіне, салмақты деңгейде қалыптасуына көп көмек болар еді.
Жалпы алғанда, қай жағынан қарасақ та, «Қолжетімді баспана–2020» бағдарламасы құрылыс саласының қарқынды дамуына әсер етеді. Тағы да жаңа жұмыс орындары ашылып, құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындары жұмыс істейді. Салық түсімдерінің көлемі ұлғаяды. Мұның бәрі түптің-түбінде өңірлерді де дамытуға ықпал етпек. Дегенмен бағдарламаға сай құрылысы жаңадан жүргізілетін тұрғын үйлерде азаматтардың жайлы өмір сүрулеріне барлық жағдай жасалынып, балалардың ойын алаңдарының көбеюіне, үй төңірегінің абаттандырылуына басынан назар аударылуы керек. Мектеп, балабақша, демалыс, сауда орындары да назардан тыс қалмауы қажет.
Соңғы 10 жылда дамудың даңғыл жолына түскен мемлекетіміздің құрылыс саласы табыстан құралақан емес. Сәулет өнерінің озық үлгісін қолдана отырып, Астана, Алматы және басқа да өңірлердің дамуына сән қосқан көптеген ғимарат бой көтеруде. Алдағы уақытта құрылыс жұмыстары жаңа биіктерге көтеріле түспек. Ал алып құрылыс алаңына айналып отырған елімізде бұл салада бағындырылған биіктермен қатар, жіберілген кемшіліктердің де болуы – ойланарлық жайт. Жергілікті атқарушы билік «бөлінген қаржыны уақтылы игердік, сапасы сан соқтырмайды» деп жар салғанымен, қарапайым халық басқаша айтады. Құрылыс жұмыстарын жүргізуші компаниялар қажетсіз жұмыстарды жүргізіп, ел арасында «черновой» атанып кеткен үйлерді пайдалануға беріп, халыққа артық күш салуда. Екі жақтың пікірі екі түрлі. Қорытындысы – бюджеттен бұл мақсатқа қомақты қаржы бөлініп, игерілгенімен, нәтиже ойдағыдай емес. Бұл туралы қаншама рет БАҚ-та айтылып, жиындарда сөз қозғалғанымен, құлағымыздың еті өліп, елеуден қалдык. Мұның соңы Қарағандыдағы «Бесоба» тұрғын кешеніндегідей апатқа әкеліп отыр. Аталған тұрғын үйді салу барысы өрескел қателіктерге бой алдыртып, «айқайдың» күшімен біткені бүгінде дүйім жұртқа белгілі болды. «Айранды ішкен құтылып», баспанасыз қалған елдің көз жасына бюджеттен берілетін қаржы тыйым болса игі. Барынан айырылғандарға қолдан келер көмек көрсетіліп, нақты жазықтылар заң алдында өз жазаларын алуы тиіс.
Мұндай кемшіліктер құрылыс сапасына бас-көз болатын Қазақстан Республикасы Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы агенттігінің ресурстық күшінің жетімсіз екенін дәлелдеп отыр. Өйткені былтырғы Жолдауында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Үкіметке қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған үш бірдей бағдарлама даярлап, оны жүзеге асыруды жүктеген болатын. Соның бірі – Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011 – 2020 жылдарға арналған бағдарламасы.
Бағдарламаның жүзеге асырылуына бірден-бір жауапты – ҚР Құрылыс істері және ТКШ агенттігі. Агенттіктің 2011 жылдың қорытындысы бойынша жасаған есебінде бағдарлама шеңберінде республикада 1,5 млн шаршы метрді құрайтын 373 көпқабатты үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Бағдарлама тұрғындар тарапынан қызу қолдау тауып, ағымдағы жылға үй жөндеуге мыңға жуық адамнан өтініш түскен. Жақсы бастаманың атқарылуын бақылау барысында атқарушы органдардың жұмысты дұрыс ұйымдастырмауынан да көптеген кемшіліктің орын алғаны анықталған. Сондай-ақ өткен жылдан бері аталған агенттік жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырып келген мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялаудың құзыреті мен өкілеттігін де өзіне жүктеп алды. Сондықтан бір басына шаш етектен функцияларды жүктеп алған агенттіктің күшімен қордаланған мәселелерді шешу, жұмысты алып жүру мүмкін емес деп санаймын. Осы орайда Министрлер кабинеті жедел түрде өз алдына Құрылыс істері жөніндегі жеке агенттік құрып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын одан бөлуді ойластырулары керек. Осындай қадамдарға бару арқылы ғана біз құрылыс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы істің сапасына бақылау жүргіземіз. Ең бастысы, басы даудан арылмайтын салаларды жіліктеп, жіктеп, қыруар шаруаны атқаруда қарапайым тұрғындармен біте-қайнаса жұмыс істеуге мүмкіндік аламыз.
Әр нәрсе ел игілігіне жасалу керек. Бізге осыны түсінетін кез жетті. Оған ең бірінші халықтың әлеуметтік мәселелерін шешіп беру арқылы жақындау өте маңызды. Сондықтан бұл бағытта атқарушы билікке халық жағына қарай ойысқан аса тиімді. Ал бұған Елбасының биылғы Жолдауы зор мүмкіндік беріп отырғанын жасыруға болмайды.
Қолжетімді баспана үміт сыйлар жасқа да
Последние статьи автора