Біз енді болашақта қазба байлықтарымызды да аукционға салатын болдық. Бұған дейін әлемдік тәжірибеге сүйеніп елімізде асыл тұқымды мал басын аукционға салып сауданы қыздырдық, одан соң мемлекеттік сатып алуларды аукцион арқылы жүргіздік, электронды сауданы аукциондау жүйесі де бізге таңсық емес. Ендігі кезек қазба байлықтарымызға келді. Бұдан былай «Жер қойнауы және Жер қойнауын пайдалану туралы» заңға сәйкес қазақ жерінің қазбаларын пайдалану, барлау және өндіру құқығы аукциондық негізде жүргізіледі. Үкіметтің заң жобасында ұсынған «бәсекелестік сауда» деген тіркесін халық қалаулылары мен Мәжілістің экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитеті «аукцион» деп алмастыруды жөн көріпті. Айтуларынша, бәсеке¬лес¬тік сауда кезінде бір сатып алушы және бірнеше сатушы болады. Нәтижесінде, өз қызметін анағұрлым арзан сатқанға таңдау түседі. Ал аукцион сөзінің мазмұнына жү¬гінсек, жер қойнауын пайдалану құқығы барынша қымбатқа сатып алғанға беріледі. Сондықтан заң жобасын жасаушылар «бұдан былай қазақтың жер қойнауындағы қазба байлықтарды инвесторларға қымбатқа сату үшін аукциондық жүйеге жүгінген дұрыс» деп отыр. Қазір бұл заң жобасын Үкімет пен Мәжіліс арасында құрылған жұмыс тобы мақұлдады. Ал заңды қабылдау-қабылдамау туралы соңғы шешім Мәжілістің жалпы отырысында белгілі болады. Міне, қазба байлықтарымызға қатысты осы іспетті заң жобасы күшіне енейін деп жатқан тұста бірқатар сарапшыларымыз «Алаш айнасына» өз пікірлерін алға тартуды жөн көрді.
Мамандардың біразы мұнай қадамның бізге қажеттігін айтып отыр. «Егер сауатты жүйелей алсақ, бұл қазба байлықтарымыздың инвесторларға тым арзанға қолды болмауынан сақтандыратын заң» деседі сарапшылар.
Жаңабай Алдабергенов, экономист-ғалым:
– Біз болашақта қазба байлықтарды аукцион арқылы сату жүйесін енгізер болсақ, бұл ел бюджетіне қомақты пайда әкелуі де мүмкін. Бұл жерде аукционнан түскен қаржының белгілі бір бөлігі салық ретінде мемлекеттік бюджетке аударылуы тиіс. Ең ұтымдысы, қазба байлықтарымыз тым арзанға кетпейді. Әлемдік тәжірибеде бар бұл дүниені бізге де енгізу ұтымды. Бірақ бұл жерде бір ескерілетіні, біз болашақта елдегі стратегиялық тау-кен орындарына мемлекеттік бақылау орнатуды қалт жіберіп алмауымыз керек. Мәселен, стратегиялық маңызы бар кен орындарының басым бөлігінде шетелдік инвесторлардың акциясы бар. Бір ғана уранымызды иеленушілер өте көп. Мысалы, соңғы жылдары еліміздің «Қазатомпром» ұлттық акционерлік қоғамы, Ресей, Канада, Франция, Жапония және Қытай елдерімен біріккен кәсіпорындар ашып, солармен бірге қазақ даласының кенін жаппай аршып тастап, уранын өндіруге кірісті. Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясының қарамағындағы «Атомредметзолото» компаниясы, елдегі «Energy» компаниясының илелігіндегі «Қаратаудың» біріккен кәсіпорынының - 50 пайыздық, ал «Ақбастаудың» 25 пайыздық акциясын сатып алып отыр. Бұдан соң уранға қатысты Қазақ-Жапон келісімі бар екенін де біз ұмытпауымыз керек. Бұл ретте елдегі елде «Аппақ» барлау кен орынының акциялық үлесінің 65 пайызы «Қазатомпромға» тиесілі болса, қалған акцияларының 25 пайызын Жапонияның «Sumitomo Corporation» компаниясы 10 пайызын «Kansai Electric Rower» компаниясы өз үлестеріне сатып алған. Елдегі «Хорасан – 1» және Хорасан – 2» деп аталатын уран кеніштерінің де 40 пайыздық үлесі жапондардың еншісінде. Канаданың «Cameco» компаниясымен бірігіп құрған, «Ульба Конверсия»жобасындағы «Қазатомпромның» үлесі – 51 пайыз, ал Camecoның үлесі – 49 пайызды құрайды. Сондай-ақ «Инкай» уран кенішінің акциясының 40 пайызы «Қазатомпромға» тиесілі болса, 60 пайызы тағы сол канадалықтардың үлесінде. Бұл арада біз ертең қазба байлықтарды аукционға салып пайда табамыз десек, алдымен осы стратегиялық маңызы бар кен орындарына мемлекеттік бақылауды күшейтуіміз керек.
Негізінен, қазба байлықтарға қатысты мамандардың қайсыбірі кен орындары өз алдына, жер асты қазба байлығының әр грамына бақылауды күшейту қажеттігін де алға тартуда. «Күні ертең біздің елімізде де өндіріс орындары көбейеді. Еліміз өсіп өнеді. Осындай сәтте шикізат көзі таусылып қалмауы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңға енгізілер тапалаптарды күшейту қажет» дейді мамандар. Аңдасақ, бұл сөздердің жаны бар тәрізді. Мысалы, Лондондағы дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың мәліметінше, 2016 жылға қарай жер бетінде жұмыс істеп тұрған 435 атом электр стансаларынан бөлек 153 нысан салу қажет болады. Осыған байланысты енді төрт-бес жылдық межеде қазба байлықтарға деген сұраныс өсе бастайды. «Сондықтан бізге қазба байлықтарды шикізат күйінше шетелдіктерге арзан бағаға ұсына бермей ең негізгі қорды сақтауды, қазба ресурстарын саудалағанда қымбатқа сатуды осы бастан ойластырған жөн» дейді мамандар.
Мейрам Қабдрахманұлы, экономист-сарапшы:
– Бізде инвесторларға барлық жағдай жасалған. Инвесторларды біз 10 жылға дейін салықтан босатып отырмыз. Инвесторлар осы уақытқа дейін жеріміздің байлығын қалауынша көсіп-көсіп алды да, қазақ жерінің байлығының арқасында шылқып байыған үстіне байыды. Ал біз дайын өнім өндіру саласында сол бетінше ештеңе үйрене алмай дал болып қала береміз. Сондықтан бұл жерде мәселені байыппен шешу керек. Ойлап қарасақ, қазір әлем елдерінің басым бөлігінде мұнайдан кір жуғыш заттары, әртүрлі пластикалық заттар, кеңсе заттары, үй жиһаздарына дейін алынады. Ал біз шикі мұнайды сыртқа сатқанымызға ғана мақтана аламыз. Бүкіл әлем қазірде шикізаттан алынатын өнім көрсеткішін 92-94 пайызға дейін жеткізуге талпынып жатыр. Біз керісінше, 90 пайыз қазба байлықты шикі күйінше экспорттап жатырмыз. Бұл – өте үлкен олқылық. Мәселен, көп кеніштерде ілеспе газ ашық аспанда еш пайдаланылмай жанып жатыр. Ал бұл газды ұқсатсақ, елде көгілдір отынның бағасы су тегін болар еді. Өз басым «Жер қойнауы және жер қойнауы қазбаларын пайдалану туралы» заңдағы «бәсекелестік сауда» деген тіркесті «аукцион» деген сөзбен алмастыруды дұрыс деп санаймын. Себебі бұл саладағы арзанға саудаланып жатқан қазба байлықтарымызды қымбат бағаға аукциондайтын кезең жетті. Бұл салықтан босатылып отырған инвесторлардан пайда көрудің бірден-бір тәсілі. Өз байлығымызды қымбатқа бағалап пайда табудың көзі осы. Қашанғы шетелдік алпауыттар қазақ байлығының арқасында миллиардтаған көк қағаздарды айналымға салуы керек. Ендеше бұл арада қазба байлықтарды қымбатқа бағалау, бақылауды күшейту, ұтымды ұқсата білу біз үшін өте өзекті мәселе.
Қазба байлықтарымызды аукционға салатын болдық
Последние статьи автора