Қоян шаруашылығы агросектордағы ең кірісті саланың бірі болуы тиіс. Расында жылдар күткізбей жылдам өнім беретін өндірісті дамыту керектігін дәлелдеудің қажеті жоқ. Қалқанқұлақтардың көл-көсір табыс көзі екеніне енді көз жетіп, қолға алына бастағанына көп уақыт өте қойған жоқ.. Кезінде қоян өсірумен айналысқан адамдар бұл саланың экономикалық тұрғыдан өте тиімді екендігін айтады.
Қоян шаруашылығына қолдау қажет...
Расында жылына 3-4 мәрте төлдейтін қоянның еті де терісі де тиімді, яғни, «басынан бақайшағына» дейін тұнып тұрған ақша. Қоян шаруашылығының тағы бір артықшылығы егер жаңа технологиямен өңдесе, қоян терісі құнды шикізатқа айналады. Одан түрлі сырт киімдер тігуге болады. Осылайша «бір оқпен екі қоянды атып алуға» болады. Демек, «Бір жылға қоянның терісі де жарайды» деген қазекемнің ескілікті көзқарасының күні өткен. Бүгінде Алматының түбіндегі «Қоян» ЖШС-ның ісмерлері қоян терісінен балалар тонын тігуді меңгергендігі соның айғағы іспетті. Қоян терісінен тігілген тондардың қай кезеңде де сәннен қалмайтынын ескерген де артықтық етпес...
Бүгінде Дүниежүзінде қояндар мен кроликтер тұқымдасының 11 тобы тіркелген. Әлем бойынша салпаң құлақтардың 100-ге тарта түрі мекендейтін көрінеді. Қоянға қатысты мақал-мәтел шығарудан алдына қара салмайтын қазекемнің «Қоянның өзін көр де қалжасынан түңіл» деген нақылы бүгінгі күнге жүрмейді. Расында қалжаға қарап қапа болуға болмайды. Тез көбейетін, жылына үш мәрте көжектеп, әр жолы 6-дан 14-ке дейін көжек табатын өсімтал жануарға бет бұрып, мол табыс тауып отырған шарауашылықтар бар бүгінде. Осы орайда оңтүстікте қолға алынып жатқан ілкімді істер баршылық. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында қолға алынған тың жаңалықтың бірі қоян шаруашылығы жуырда өзінің рекордтық көрсеткішін жария етпек. Олай болатын да жөні бар. Бес айдың ішінде қоян «отары» жеті есеге өскен. Көптен бері сұраныссыз мамандықтардың қатарынан орын алған зоотехниктер де осында екі қолға бір күрек тауып отыр. Құнды да диеталық етпен оңтүстікқазақстандықтарды ғана емес, өзге өңірлерді де толық қамтуға мүмкіндік бар дейді мұндағылар. Әзірдің өзінде бірлесе жұмыс жасауға Италия, Франция, Финляндия, Германиядан ұсыныстар түсіпті. 28 қосымша құнарлы дәрумендер қосылған жемді Алматы облысынан сатып алады. Оны алыстан арбаламай-ақ, жақыннан дорбалауға мүмкіндік бар, осында-ақ өндіруге болады. Бірақ қолдау болмай тұр. Сапалы әрі экологиялық таза өнімге сусап отырған шақта қоян еті таптырмайтын деликатес болары сөзсіз. «Халал» стандарты бойынша диеталық өніммен демалыс орындары, балалар бақшасы, ауруханаларды қамтамасыз етуге болады. Балаларға арналған тағамдардың қосымша өндіріс ошағын ашуға да болар еді. Өйткені дәрігерлер бала 6 айға толғаннан кейін қоян етін беру қажет деп есептейді. Мұнда акселерациялық қояндардың «Ақ алып», «Кеңестік шиншилла» және «Күміс түсті» деп аталатын түрлері өткен жылдың қараша айында Қазан қаласынан жеткізіліпті. Мамандар «МИАКРО» технологиясы бойынша оқып, білімдерін жетілдіріп келіпті. Мұндағы жұмыстың басым бөлігін «ақылды автоматтар» атқарады. Сондай-ақ, облыс аумағындағы Түлкібас ауданына қарасты Керейт ауылында да биылдан бастап қоян өсіру қолға алынды. Бұл өзге бизнес түріне қарағанда аса табысты іс. Экологиялық таза ет болған соң емдік қасиеті де мол. Аталмыш шаруашылық «Оңтүстiк» ӘКК жанындағы «Оңтүстiк» асыл тұқымды шаруашылығы» ЖШС-інің ықпал етуімен ашылған. Бұл қояндар бұрынғы қояндардан өзгешерек, 3 есе жылдам көбейеді. Ретро-қоянның бiр жылда қосатын 4-6 келi салмағын акселераттар 4 айда жинайды екен. Бұл дегенің аз ғана уақыт ішінде ет өндірісін жолға қоюға болады деген сөз. Қалқанқұлақ қояндардың бір ерекшелігі – ешқашан ауырмайтындығында. Вакцина салынбайды. Яғни, артық шығын шығарылмайды. Ал етiнiң дәмді болатыны да сол дәрі «жемегендіктен».
Ғани Қарабеков, «Оңтүстiк» ӘКК басқарушы директоры:
– Бұрынғы қояндармен салыстырғанда, акселераттың терiсi өте сапалы. Етін сатуға жіберсек, терiсiн Тараздағы өңдеу зауытына жөнелтiп, балаларға және жастарға арналған сәндi сырт киiмдер, көрпе және тұрмыстық заттар тiгудi жоспарлап отырмыз.
Бұл жобаның жалпы құны — 191, 836 миллион теңгені құрайды. Соны шаруашылықтың тағы бір тиімді жағы ауыл тұрғындарына да жұмыс тауып беріп отыр. Корпорация аталмыш ферма жанынан инкубаторлық-өндiрiстiк станса ашты. Жоспар бойынша бiр жылда 24 тонна қоян етi, 9600 қоян терiсiн және 180 мың көжек алынады деп күтiлуде. Жалпы есеп бойынша жоба үш жылда өзiн толық ақтап шығады. Осылайша жұмыссыздық мәселесіне нүкте қойып отыр. Бір қоянның өзі қаншама отбасының дастарханын молайтып, нанын тауып жеуіне сеп болуда....
Қоян етінен шұжық дайындау қажет
Мамандардың айтуынша асқазандарының құрылысына қарай қояндардың аузы жемнен құрғамауы керек екен. Оларды тәулігіне 80 рет жемдеу қажет. Күніне 2-3-рет ауқаттандырса аштан қатуы әбден мүмкін. Еттердің барлық түрі бойынша қоян еті белок, дәрумендердің молдығы бойынша бірінші орын алады. Қоянның еті адамның ас қорыту жүйесінде 95-96 пайыз қорытылады екен. Ал қазекең тым жиі тұтынатын қой мен сиыр етінің адам ағзасына сіңімділік көрсеткіші 50 пайыздың төңірегінде көрінеді. Сондай-ақ, аллергияға қарсы көрсетілімі бар. Әдетте аналығы жылына төрт рет 6 – 12 көжек туады. Ал еті мен тері үшін өсірілетін шаруашылықтарда қоян 20-ға жуық көжек туады, олардың бір тобынан 40 – 50 келі ет алынады. Түбіт алу үшін өсірілетін шаруашылықтарда әрбір ірі қояннан жылына 350 – 500 грамм түбіт алынады. Аналығы көжектеген кезде азығы мол болмаса жаңа туған көжектерін жеп қояды...
Қоян етінен шұжық дайындау ісі бүгінде түрілмеген тың болып тұр. Алдағы уақытта жеңсік асты қолға алатындар табылып қалар деген де үміт бар. Сондай-ақ, бұл саланың да күнгейінен гөрі көлеңкесі де баршылық. Қытай елі қоян шаруашылығын мемлекеттік бағдарламаға енгізген. Ал бізде… Өндіріс қуаттылығын арттырып, мини ферма сатып алу үшін құрылыс пен жемдеу цехын жарақтандыру үшін мемлекет тарапынан субсидия мен жеңілдетілген несие алуды қарастыру керек дейді мамандар.
Қоян-тарих
Атақты Лувр мұражайында тұрған ақ мәрмәр қоян статуясы біздің дәуірімізге дейінгі VI ғасырда жасалыныпты. Ол гректердің Самос аралынан табылған. Ежелгі тұрғындар қылмысын мойындап, Құдай алдына бас иген күнәһарды қоян образына теңеген екен. Оның «қорқақ» атағы осы теңеуден шықты ма деген болжам да бар.
Қоян-дәру
Ғалымдар үй қояны жеті айлығына дейін ядролық қалдықтарды, сондай-ақ гербицид пен пестицидті бойына сіңірмейтінін дәлелдеді. Қоян етінде холестерин мүлдем жоқ. Есесіне қоян еті ақуызға, витамин мен минералға бай. Қоян еті гипертония мен тағам аллергиясына шалдыққандарға, ішек құрылысы мен өт жолдары ауыратындарға таптырмайтын тағам. Әрі иммунитетті көтеретін қасиеті бар.
Қоян-табыс
Қоян шаруашылығы қолға алынбай тұрып ақ үйде өсіріп, сатып пайдаға кенеліп отырғандар баршылық. Мәселен 20 бас қоянды сатып алсаңыз, барлық шығын жемімен қоса есептегенде 260 мың теңгеге жетуі мүмкін. Ал түскен табыс екі үш есе. Терісіне дейін ақша. 523 мың теңге таза табыс табуға болады.