Қазір несиесі жоқ адам аз. Тіпті бір басына бірнеше несие алып, төлеуге келгенде шақшадай басы шарадай боп жүргендер жетіп артылады. Әрине, банктен қарыз алма деп ақыл айту оңай. Дегенмен, халықтың бүгінгі тыныс-тіршілігіне, жалақысына қарасаң қарыз алмай өмір сүру өте қиын.
Ешкімге жайлы өмір сүрме деп тиым сала алмайсың. Біреуге, баспана керек, екінші біреу тұрмыстық техника, көлік алғысы келеді. Ұлды үйлендіріп, қызды ұзатып, той жасауға да біраз ақша жұмсалады. Бұл банктерге тиімді. Несиені оңды-солды оңай береді. Ақшасы жоқ адам оның пайыздық үстемесіне қарамайды. Тегін балық үлестіргендей ала салады. Ақыры мұның соңы көп жағдайда несиені төлей алмауға әкеліп соқтырады.
Бір мысал. Автобустан жақында отау құрған танысымды кездестіріп қалдым. «Менің қазір бір ғана мақсатым бар. Ол – банктен алған несиені төлеу» дейді ол мұңайып. Ата-анасы той жасауға миллион теңге алған екен. Төрт жылда оны 1 миллион 800 мың теңге қылып қайтаруы тиіс. «Алғашқы екі жыл бойы жалақымды түгел несиеге беріп келдім. Зайыбымның табысына өмір сүрдік. Өмір сүрдік деген аты ғана. Барлығын үнемдедік, етті тек мерекелерде ғана жеп жүрдік. Киім-кешек туралы ойламадық десе болады. Сөйтіп жүргенде жұмыстан қысқарып қалдым. Осы аралықта сәбиіміз дүниеге келіп, келіншегім демалысқа шықты. Айтып-айтпай не керек, банкке үш айлық қарыз жиналып қалды. Олар күнде телефон шалады, қорқытып-үркітеді, қарызды төлеуді талап етеді. Қысылғанда кім ақша береді? Ата-анам зейнеткер, ағам мен інімнің банкте өздерінің несиесі бар. Қарызымды төлеу үшін жұмыс іздеп шықтым. Кез – келген жұмысты істеуге әзірмін» - дейді танысым.
Иә, осылайша қуанышты оқиғаға, салтанатты жағдайға байланысты алынған несие қарызы бара-бара бір шаңырақтың іргесін шайқалтып кетпесе игі.
Халық кедейленіп, банктер байыды
2012 жылы Батыс Қазақстан облысының тұрғындары екінші деңгейлі банктерден 69,7 миллиард теңге несие алған болса, 2013 жылы оның мөлшері 88,6 миллиард теңгеге жеткен. Биылғы халықтың бережағы 103,4 миллиард теңге. Соның ішінде жарты жылдан бері төленбегені, яғни пайызы өсіп жатқаны 7 миллард теңге құрайды.
«ҚР Ұлттық банкі» ММ БҚО филиалы директорының міндетін атқарушы Сергей Родиннің айтуынша, биылғы проблемалық несиелердің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 35 пайызға артқан. Осыны ескерген қаржы институттары тұтыну несиесін сақтықпен бере бастаған. Кейбірі несие беру шартын қатайтып, ақшаны жылжымайтын мүлікті кепілге қою арқылы немесе автокөлік алуға ғана беруде. «Соған қарамастан, банктердің 92 пайызы жыл аяғына дейін тұрғындар берешегін өтейді деп сенеді», – дейді С.Родин мырза.
БҚО бас банкирінің берген дерегі бойынша, облыста ипотекаға сұраныс аз да болса артыпты. Бірақ, бұл халықтың жағдайы жақсарғандығының белгісі емес. Бар болғаны өткен жылғы теңге бағамын түзетуден кейін жүзеге асқан шаруа. Яғни, баспана алуға долларлап ақша жинағандар девальвациядан соң доллар қымбаттай түсе ме деп біраз күтті. Алайда бағам одан әрі аспандамаған соң олар жинаған ақшаларын ипотекаға жұмсауда көрінеді. Осы екі ортада банктер тарапынан ипотека талабы қатайған. Пәтер аламын деп тұрған клиенттің төлем қабілетін асқан мұқияттылықпен тексеру, бастапқы жарнаны көтеріп ұстау әдеттегі дағыдға айналған. Ұлттық банк жүргізген сараптамаға сәйкес, таяу уақытта Қазақстандағы банктердің 78 пайызы несие саясатын бұрынғыша қалдыруға, 9 пайызы қатаңдатуға, тек 12 пайызы ғана жұмсартуға ниетті болып отыр. Халық қанша қаласа да пайыздық несие ставкасы әзірше төмендемейтін түрі бар. Күні бүгін ипотеканың орташа пайыздық ставкасы 12 – 13 пайыз, ал тұтыну несиесі бойынша 19-20 пайыз мөлшерінде.
Ипотека халыққа қолжетімді емес
Бұл тәуелсіз сарапшы, экономика ғылымдарының кандидаты Бибігүл Суханбердинаның пікірі. «Соңғы төрт-бес жылдан бері отандық несие нарығында өсім жоқ, керісінше төмендеу бар. Мысалы 2006 жылдары халыққалаған затын несиеге де, қолма қол ақшаға да сатып ала беретін. 2009 жылғы жаһандық дағдарыс бізге де қатты зиянын тигізді. Тұрмыс деңгейі төмендеді. Ал соңғы үш жылда, менің ойымша, халық мүлде қайыршыланып барады. Мұның дәлелі - алынған несиелердің үштен бірінің кері қайтпай отырғандығы» - дейді сарапшы.
Суханбердина ханымның пікірінше, қарапйым адамдарда несиені төлейтін ақша жоқ. Сондықтан, несие нарығында жағдай күрт жақсарып кетеді деуге де негіз байқалмайды. Әрине, жекелеген адамдар әлі де қысқа мерзімге тұтыну несиесін алып жатыр (жиһаз, телефон, теледидар, өзге де тұрмыстық техника алуға). Бірақ, күні бүгін ипотека алып, оны кешіктірмей уақытында төлейтіндер саны некен-саяқ. Рас, қаржы-қаражаты бар ауқатты адамдар элиталық үйлерді бұдан әрі де сатып ала бермек. Оған еш кедергі жоқ.
«Қазір риэлторларда алып бара жатқан жұмыс жоқ. Жақын арада доллар арзандамайды, яғни пәтер бағасы да түспейді. Күннен күнге бәрі қымбаттауда. Бұл жағдайда ипотека туралы әңгіме қозғаудың өзі қисынсыз» - дейді Б.Суханбердина.