Қазақтың көк сағызы әлемдік нарыққа шығады
Баяғыда үндістер өз жерінде өсетін гевея өсімдігінің ақ түсті шырынын неше түрлі бұйымдар жасауға пайдаланатын. Қарайып, ауада қатып қалатын осы шырынды үндістер «каучу» деп атаған. Сонда «кау» ағаш, «учу» жылау деген мағынаны білдіреді. Үндістер каучуктан су өтпейтін мата, аяқкиім, су құятын ыдыс, балалар ойыншығын жасайтын.
XX ғасырдың басында көптеген елде жергілікті өсімдіктер зерттелді. Кеңес Одағында 1930 жылдары каучук жасауға жарамды өсімдік іздеу жүйелі түрде жүргізілді. Мұндай өсімдіктің 903 түрі табылған. Бәрінен тиімдісі Тянь-Шань көксағызы екені анықталды. Ол Ресей, Украина және Қазақстан даласында өсірілетін. Сол кезде каучук айыру зауыттары жұмыс істеді. Сапасы жағынан ол гевея каучугынан кем түспейтін. 1950 жылдары синтетикалық каучуктың шыққанына байланысты табиғи каучук өндірісі тоқтатылған еді.
«Енді елімізде «көк сағыз» каучугын өндіру ісі қолға алынады» деген сөз шықты. Әлемдегі ірі автомобиль дөңгелектерін шығарушылар асыға күткен жоба дайындалып жатыр. Әйтсе де, бұл бүгін шыққан әңгіме емес. Еске түсірсек, 2008 жылы Еуроодақ елімізге өзімізде өсетін бақ-бақтан жасалатын каучук қасиетін зерттеуге 8 млн евро көлемінде грант бөлген. Бақ-бақтан әзірленген табиғи каучуктан сол кезде дөңгелек те, биялай және өзге де бұйымдар жасалған болатын. Сондықтан сыртқа бақ-бақтың тамырын емес, дайын өнім – каучукты шығару әлдеқайда тиімді болары сөзсіз.