Қазақты суға жарытатын қуатты станса керек
Күні кеше ғана БҰҰ сарапшылары Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде «Орнықты даму жөніндегі» XVII сессиясында «ХХІ ғасыр – су тапшылығы белең алатын кезең» деген ақпарат таратты. Шетелдік сарапшылардың бағамдауынша, ХХІ ғасырда дүниежүзі елдері судың қадірін түсініп, тіпті су мәселесіне қатысты ірілі-ұсақты «алакөздік» пайда болуы да мүмкін. Осы ақпарат тарасымен Англия, Израиль, Жапония тәрізді өркениетті елдер етек-жеңін қымтап, су мәселесін шешуге кірісіп те кетті. Олардың қазіргі ұстанып отырған бағыты – суды үнемдеп пайдалану технологиясын жете меңгеру.
Ал қазақтар ше?
Өзге ел осылай қам жасап жатқанда, қазақтар су мәселесін шешуде не істеп жатыр? Бұл ретте аталмыш «Орнықты даму жөніндегі» сессияда Қазақ елінің атынан сөз сөйлеген БҰҰ жанындағы еліміздің тұрақты өкілі Бірғаным Әйтімова Қазақстанның мұндай шараларды еңсеруге өзіндік үлес қосып жатқанын, мемлекеттік қолдаудың арқасында су шаруашылығы секторы да тұрақты дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Ал ақиқатында солай ма?
Жалпы, Қазақстанда ауызсу «дағдарысы» басталғалы біраз уақыт болды. Содан бері су тапшылығын жою үшін бірқатар бағдарламалардың жобасын жасадық, дабырайтып тұрып «Су – тіршілік көзі!» деген қызылды-жасылды жарнамаларды көше бойына алаулатып-жалаулатып іліп тастадық. Арнайы заң қабылдадық. «Бірақ істеліп жатқан шаралардың «сіркесі су көтермей», халықтың игілігіне жарамай отырған жайы бар», – дейді арнаулы мамандар.
... Негізінде, ресми деректер бүгінде елді таза ауызсумен қамтамасыз ету үшін Үкімет тарапынан 120 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп отырғанын көрсетеді. Олардың ішінде жобалау-сметалық құралдары әзір тұрған, бірақ бөлінген қаржы жетпей, сырт қалған аймақтар да баршылық. Мұндай аймақтардың зарын бес саусақтай білетін тиісті орындар жыл сайын судан тарыққанды «суға жарытамыз» деп сырғытпа уәде беруден жалыққан емес.
Не істеу керек?
Бағамдасақ, Қазақстан барлық аймақтармен трансшекаралық өзендер арқылы байланысып жатыр. Қара Ертіске қытайлар көз тігіп отырса, Талас пен Шуға қырғыздар қызығады. Сырдарияға өзбектер емінеді. Осыдан кейін бізге су мәселесін мықтап тұрып ойлану қажеттігін ұғынасың.
Ал енді бұл мәселені шешудің түйіні бар ма? Бұл тұрғыда біз сауал қойған Гидрогеология және геофизика зерттеу институты директорының орынбасары, техника ғылымының докторы, профессор Тимур Махмұтов:
– Мәселені шешу үшін, ең алдымен, жерасты суларын көбейткеніміз жөн. Ол үшін біз технологиялық жағынан қуатты болуымыз керек. Біздің талай жыл бойғы зерттеулеріміз су тапшылығын жоюдың бірден-бір көзі – суды үнемді пайдалануға бағытталған жерасты құбырларын салу. Ағылшындар осы үрдіс арқылы халқын су тапшылығына ұрындырмады. Бізде осы іске бағытталған технологиялық жабдықталу кемшін. Егер біз суды үнемді пайдалану технологиясының халықаралық бағыттарын игеретін болсақ, сортаң жердің өзін сулы жерге айналдырар едік. Қазір Қазақстан халқының 40 пайызы су тапшылығын көрсе, «бұл көрсеткіш үш жыл ішінде 48 пайыздан асып жығылады» деген болжам бар. Сондықтан ауызсу бағдарламасына қатысты жобалар легін көбейтіп, түрлі нысандар сала беруден пайда жоқ. Ол үшін Қазақстанда жоғары технологиялық жабдықталған су электр стансасын салу қажет, – дейді.
Сөйтіп, маман пікірі «технологиялық қуатты су стансасын салу керек» дегенге саяды. Тіпті, қайсыбір мамандар мұндай стансалар салуға өзіміздің қарымымыз жетпесе, бұл міндетті шетелдік мамандарға жүктегеннің де артықшылығы болмайтынын алға тартады.
Гәп қайда жатыр?
Негізінде, біз су тапшылығын жоюдың технологиялық жөн-жобасынан ақсап жатқанымен, су тапшылығының неден туындап отырғанын жақсы білеміз. Оның басты себебін мамандар былай жіктейді:
а) күннің күрт жылынуының әлемдік құбылысқа айналып бара жатқаны;
ә) тау басындағы мұздақтардың еріп, жер бетінде қалдықтың көбеюі;
б) суды тұтынушылардың үнемсіздігі;
в) қоршаған ортаның шектен тыс ластануы.
Осы төрт түрлі себептен су тапшылығы туындап отыр. Мұның тағы бір астарын гидрогеологтарымыз суды пайдаланатын өндіріс орындарының азаюымен байланыстырады. Бұрын каналдардағы артық суларды өндіріс орындары пайдаланып отырса, қазір олардың орнын ірілі-ұсақты кәсіпорындар алмастырып отырғаны белгілі. Ал каналға жиналған лас сулар қоршаған ортаның бұзылуына ықпал етуде.
Түйін
«Біз су сұрайтын кезеңге тап келдік. Күні ертең бұл көрсеткіш еселеніп кетпес үшін бейтараптықты қойып, су тапшылығын жоюға әрекет жасауымыз қажет», – дейді мамандар.
Рас, бүгінде су мәселесі төңірегінде тиісті орындар жаңашылдыққа ұмтылып, халықаралық межеден көрінуді мақсат тұтып, халықты жаппай «суға жарытуға» талпынып-ақ жүр. Қазірде елде су тапшылығының алдын алу мақсатында су электр стансаларын салу жұмысы басталып та кетті. Ендігі міндет – самарқаулыққа салынбай, «қазақты суға жарытады» деген сол су электр стансаларын технологиялық қуатты, заманға сай әлеуетті етіп сала алсақ болғаны да...