Елімізде Түркістан облысы ең кедей өңір болып танылды. Сарапшылардың бағалауынша, облыстағы әрбір оныншы тұрғынның тұрмысы кедейлік шегінен төмен. Сонымен бірге бұл өңір - халық ең тығыз орналасқан аймақ.
2020 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысында жан басына шаққандағы өңірлік ішкі жалпы өнім 729,2 мың теңгені құрады деп хабарлайды Finprom.kz.
Облыс 2018 жылы құрылды. 2020 жылдың төртінші тоқсанындағы статистикаға сүйенсек, Түркістан облысында 2 миллионнан астам адам бар.
Сарапшылардың пікірінше, бұл жалпы Қазақстан халқының 10 пайызынан астамын құрайды. Сонымен бірге өңірде бала туу көрсеткіші де жоғары.
Алайда жан басына шаққандағы өңірлік ішкі жалпы өнім бойынша облыс елдегі ең төменгі көрсеткішке ие болып отыр.
Сарапшылардың есебі бойынша, бұл орташа республикалық көрсеткіштен 70,2 пайызға төмен көрсеткіш.
Сондай-ақ сарапшылар елдің барлық аймақтарында жұмыссыздық деңгейі өзгеріссіз қалып немесе төмендегенін, ал Түркістан облысында бұл көрсеткіш тоқсан ішінде өскенін атап өтті.
Өңірдегі кедейлік деңгейі ең жоғары деп саналады.
Есептеулер бойынша, облыста кірісі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 11,2 пайызды құраған. Бұл Қазақстан бойынша орташа деңгейден 2 есеге көп.
Түркістан облысында шамамен 230 мың адам кедейлік шегінен төмен өмір сүреді.
Скриншот: finprom.kz
Еске сала кетсек, Нұрфин журналистері ең төмен және ең жоғары табыс табатын қазақстандықтар қай өңірде екенін және бір жыл ішінде Қазақстанда кедейлік деңгейі қаншалықты өскенін анықтаған болатын. Тізімде Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстары көш бастаған еді.