Қазақстан дағдарыстың жаңа толқынына дайын

«Әлемдік экономикадағы жағдай әлі де тұрақсыз. Беделді әлемдік сарапшылар экономикалық даму деңгейінің төмендеуіне байланысты өз болжамдарын қайта қарап шығуға мәжбүр. Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) қыркүйек айындағы болжамында 2011-2012 жылдары әлемдік экономиканың өсімі небәрі 4 пайызды құрайды деген болатын, бірақ ағымдағы жылдың қаңтар айында қор бұл болжамын тағы да төмендетті», – деп мәлімдейді ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов өзінің Facebook-тегі ресми бетінде.
Еуроодақтағы жағдай да көңіл көншітерлік емес, экономикалық өсімнің төмендейтіні, ал Одақтың бірқатар елінде рецессия болу ықтималдығы артып келеді. Әлемдік экономикадағы жағдайдың әрі қарай ушығуын ескере отырып, жаһандық дағдарыстың екінші толқынын пайымдауға болады. Бұл туралы Қазақстанның Премьер-министрі Кәрім Мәсімов бірнеше рет айтқан болатын. Және ондай жағдайға Қазақстан Үкіметінің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген «Б жоспары» дайын тұр.

Өткеннен алған сабақ өткелден аман өткізеді
Айта кету керек, әлемдік рецессияларды еңсеруде біздің еліміздің тәжірибесі бар­шылық. 2008-2009 жылдардағы қаржы дағдарысы жас та болса экономикасынан мол үміт күттіріп отырған Қазақстанды айналып өткен жоқ. Сол кезде ел Үкіметі президенттік жоспардың негізінде «5 батыл қадам» дағдарысқа қарсы бағдар­ламасын әзірлеп, жүзеге асырған болатын. Дүниежүзіндегі дағдарысқа қарсы ең тиімді бағдарламаның бірі болып табылған бұл құжат қаржы секторын тұрақтандыру, жылжымайтын мүлік нарығындағы проб­лемаларды шешу, шағын және орта биз­нес­ті қолдау, агроөнеркәсіптік кешенді да­мы­ту, инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру сияқты бес басым бағытқа негіз­дел­ді. Және бұл мақсаттарға Ұлттық қордан 10 млрд АҚШ доллары бөлінді.
Нәтиже күткендегіден асып түсті. Банк секторына айрықша қолдау көрсету арқы­лы елдегі болуы мүмкін қаржылық дағда­рыстың жолы кесілді. Құрылыс секторында 53 мың үлескердің пробле­малары шешіл­ді. Шағын және орта бизнестің 3 мың субъектісіне жалпы сомасы 184,56 млрд теңгенің несиелері берілді және қайта қаржыландырылды (төмендетілген сыйақы мөлшерлемесі бойынша). Өңдеу өнеркәсібінің кәсіп­орын­дарында 34,7 млрд теңге соманың не­сиесі берілді.
Жұмыссыздықпен күрес Үкіметтің Дағ­дарысқа қарсы бағдарламасының басым бағыты болды және қазақстандықтар мем­лекет дер кезінде қабылдаған шаралардың арқасын­да әлемдік дағдарыстың салда­рын қатты сезінген жоқ. Үкімет еңбеккер­лер­дің жаппай жұмыстан қысқартылуына жол бермеу үшін тау-кен және өңдеуші сек­торлардағы ірі компаниялармен мемо­рандумдар бекітті. Оған қоса, өңір тұрғын­дарын жұмыспен қамту үшін Елбасының тапсырмасы бойынша арнайы бағдарлама – Жол картасы әзірленді. Бұл бағдарлама 191,5 млрд теңге сома қаржымен қамта­масыз етілді және ол қаражат дағдарыстан кейінгі орнықты дамуға жағдай жасауға және қосымша жұмыс орындарын құруға жұмсалды. Жол картасының аясында 5221 жоба жүзеге асырылды, 248 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды.
Ал жалпы сомасы 7,26 триллион теңге болатын 237 жоба енгізілген Индустрия­ландыру картасының ел экономикасының алдағы даму қарқынына ерекше дем беретіні даусыз. Сонымен бірге ел экономикасына шетел инвестицияларын тарту әлеуетінің мол екендігі де айқын. Алдын-ала жасалған есептеулер ҮИИДБ шеңберінде таяудағы төрт жыл ішінде экономиканың шикізаттық емес секторына кемінде 30 миллиард доллар инвестиция тартуға болатынын көрсетіп отыр. Бұл еліміздің әлемдік экономикаға үйлесімді кірігуіне, тек Бірыңғай экономи­калық кеңістікте ғана емес, әлемдік деңгейде де бәсекелестіке қабілеттікке ие болу мүм­кіндігін арттырмақ.
Өткен ғаламдық дағдарыс қажырлы еңбектің, дұрыс таңдалған шешімдердің арқасында ғана тосылған болатын. Мәсе­лен, 2009 жылы дағдарыс салдарынан АҚШ экономикасы – 2,6 пайыз, Ресей эко­но­микасы – 7,9 пайыз, Украина экономи­касы 15,1 пайызға құлдыраса, біздің еліміз­де бұл көр­сеткіш 2,6 пайызға артты. Жұмыс­сыздық деңгейі 5,5 пайызға дейін төмен­деді. Ұлттық қордың қаржысы тола­йым жұмсалып кеткен жоқ, керісінше, 2007 жылғы 14,7 млрд дол­лар­дан 2011 жылы 40,3 млрд долларға де­йін өсті.
Ендігі жерде Елбасының тапсырмасы­мен даярланған ел дамуының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары бес ба­ғытты қамтып отыр:
– Экономиканы дағдарыстан кейінгі ке­зеңге даярлау;
– Ел экономикасын әртараптандыру арқылы оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету;
– Адам капиталын дамыту – болашаққа инвестиция салу;
– Ел халқын әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналды салада сапалы қызметпен қамтамасыз ету;
– Халықаралық қатынастардағы тұрақ­ты­лық пен ел ішіндегі ауызбіршілікті сақтау.
Бұл жоспар – мемлекеттік жобалау жү­йесіндегі жаңа тұрғыдан бағдарланған ал­ғаш­қы құжат. Стратегиялық жоспар ел да­муының негізгі мақсаттарын өлшемді ин­дикаторлар арқылы бағалауға, еліміздің 2020 жылы қандай деңгейде болатынын болжауға мүмкіндік бермек.
Демек, ел Үкіметі дағдарыстың болуы мүмкін келесі толқынына соңғы жылдар­дағы жинақтаған үлкен тәжірибемен, зор дайындықпен келіп отыр. Ендігі мақсат – халық саны 170 миллион, ЖІӨ 2 триллион долларды құрайтын ғаламат экономикалық алаң – Біртұтас экономикалық кеңістікте бә­секеге төтеп беріп, түрлі дағдарыстар соқ­қы­сына төзімді ұлттық экономиканың әлеу­е­тін нығайтып, ғаламдық экономика­ның белді субъектісіне айналу болмақ.
Банк секторы шетелдік кредиторлар алдында абыройын жақсы қорғап шықты
Банк жүйесі дегеніміз ел экономика­сы­ның күре тамыры іспеттес. Ғаламдық дағ­дарыс кезеңінде бүкіл ағзаға жан бітіріп тұрған осы сектордың жүйеқұраушы бір­дей үш банкіне банкроттық қаупі төнді. Сол себепті мемлекет банк секторының бұл дағ­дарыстан шығуына көмек қолын созды. Үкі­мет шетелдік кредиторлармен бір жыл­ға жуық келіссөздер жүргізіп, елдің қаржы сала­сы, оның тұтынушылары үшін оң нәти­жеге қол жеткізді. Яғни үш банктің қайта құры­лымдау қорытындысы бойынша 11 млрд АҚШ долларынан аса қаржы кешіріліп, шегерілді. Осылайша Үкімет БТА банктің, Альянс банктің, Халық банктің капиталына енді. Тағы бір жағынан еліміз­дегі ірі компаниялар мен қорлардың қар­жысы олардағы депозитке орналасты­рыл­ды. Осының бәрі банк секторын банкрот­тық­тан құтқарып қалды. Сондықтан 2010 жыл коммерциялық банктердің банкрот­тық­тан аман қалған сындарлы да сәтті жылы болды. Ұлттық қорға дағдарысқа қарсы шаралар үшін алынған 147,5 млрд теңге мерзімінен бұрын қайтырылды. Бір сөзбен айтқанда, бұл біздің банк секто­рының шетелдік кредиторлардың алдында өздерінің абыройын жақсы қорғап шыққан күрделі тапсырманы еңсеруі болды. Өйткені біздікі секілді үлкен көлемдегі қарызды қайта құрылымдау бұрын-соңды бүкіл әлем тәжірибесінде болмаған екен. Сондықтан мұны осы сала тарихындағы айрықша оқиға деп атауға болады. Бұл ретте Financial Times газетінің қаржылық шолушысы Джиллиан Теттің сыртқы қарыз бойынша қазақстандық қайта құрылымдау механизмін өте жоғары бағалағандығы мысал бола алады. Сол секілді біздің осы қайта құрылымдау тәжірибесі негізінде Германияда «Қайта құрылымдау туралы» Заң қабылданды. Бұл қазақстандық қайта құрылымдау моделін батыстық банктердің үлгі ретінде қабылдағанын көрсетеді. Осы­дан-ақ жүйеқұраушы банктерді дағдарыс­тан алып шығу біздің Үкіметіміз үшін қан­дай қажырлы еңбекпен келгенін байқай беру­ге болады. Осының бәрі қиын-қыстау ке­зеңді басынан кешірген біздің банк сек­торының кәсіби біліктілігінің ұшталып келе жат­қанын көрсетеді. Соның арқасында банк секторына халықтың және бизнес қа­уым­дастықтың сенімі тұрақталып қалды.
Дағдарыстан кейінгі кезеңдегі банк секторындағы оң құбылыс ретінде несие­лен­дірудің қалыпқа келе бастауын айта кету керек. Егер 2010 жылдың қорытын­ды­сы бойынша екінші деңгейдегі банктер­дің ел экономикасын несиелендіру жағ­ы­нан белсенділігі төмендеп кеткен болса (-07%), ал 2011 жылы осы теріс тенден­ция­ны бұзуға мүмкіндік туындады. 2011 жыл­дың 10 айының қорытындысы бойын­ша несиелендіру өсімі 11,2 пайызды, яғни 8,4 трлн теңгені құрап, ол ел экономи­ка­сын­дағы дағдарыстық құбылыстарды еңсерудің көрсеткіші бола алды. Бұл арада ұлттық валюта сипатында несиелендіру үлесінің барынша артып келе жатқанын айрықша атау керек. 2010 жылдың жел­тоқсанында ұлттық валютадағы несиенің үлесі 57,7 пайызды құраса, ол 2011 жыл­дың қазан айында 63,7 пайызға жеткен.
Жалпы, әлемдік экономикада әлі де дағдарыс құбылыстары барына қарамас­тан, халықтың салымы мен жинағы күн өткен сайын артып келеді. Бұл отандық банк жүйесіне халықтың сенімі сақталып қалғанын байқатады. Мәселен, нағыз дағ­дарыс өршіп тұрған шақта – 2007 жылдың аяғында екінші деңгейдегі банктердің депозитіндегі жинақ 3,9 трлн теңгені қамтыса, 2011 жылдың 10 айғы мұндай жинақ көлемі 8,6 трлн теңгеге жеткен. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 16,7 пайызға өскен. Сондай-ақ заңды тұлғалар­дың депозиті – 16, халықтың салымы 16,9 па­йызға артқан.

Алтын-валюта қоры көлемі ұлттық валюта тұрақтылығынан сипат береді
Ұлттық валюта тұрақтылығы да ел экономикасының тұрақтылығынан сипат береді. Ал бүгіндері теңге курсын бір қа­лыпта ұстауға Ұлттық банктің алтын валюта резер­ві жеткілікті.
Жалпы, алтын валюта қоры түгесілгенде, девальвация қаупі туындайды. Ал біздің еліміздің алтын валюта қоры қазір 76 млрд долларды қамтиды. Халықаралық стандарт бойынша, мұндай қор 3,5 айлықтан астам импорт көлемін құрауы керек. Ал біздің алтын валюта қоры сегіз айдың көлемінен асып жығылады.
Сол секілді Елбасының тапсырмасы бойынша 2012 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап Ұлттық банк еліміздегі тазартылған алтынның бәрін сатып ала бастауы тиіс. Ұлттық банк жоспары бойынша, бұл тен­денция кем дегенде алдағы екі-үш жыл бойында сақталады.
Ұлттық қор елімізді сыртқы жағымсыз факторлардан қорғай білді
Қазіргі таңда Қазақстанның Ұлттық қорына қаржы жинау белсенді жүріп жатыр. Ғаламдық дағдарыс кезеңінде ел экономикасының тұрақтылығын сақтау үшін Ұлттық қордан қомақты қаражат тартылғанына қарамастан, бүгіндері мұндағы активтер азайған жоқ, керісінше, молая түскен. 2011 жылдың желтоқсанын­дағы мәлімет бойынша, Ұлттық қордың көлемі 43,3 млрд долларды құраған.
Президенттің тапсырмасымен 2000 жылы құрылған Қазақстанның Ұлттық қоры болашақ ұрпақ үшін қаржы сақтап қа­на қоймай, ұлттық экономиканың сырт­қы жағымсыз факторларға тәуелділігін тө­ме­ндетеді. Оған табиғи ресурстардан кел­ген кіріс жиналады.
Мысалға, 2008-2009 жылдардағы әлем­дік экономикалық дағдарыс кезеңінде Қазақстан экономикасының тұрақтылығын сақтау үшін Ұлттық қордың 10 млрд дол­лар көлемінде қаражаты тартылған.
Экономикалық даму және сауда министрлігінің болжамынша, 2015 жылға қарай Ұлттық қор активтері 72,5 млрд АҚШ долларына дейін жетуі керек
Сондай-ақ естеріңізде болса, 2010 жылы Ұлттық қордың жаңа тұжырымда­масы қабылданған болатын. Ол Ұлттық қор жинағын ары қарай қордаландыруды, республикалық бюджеттің тепе-теңдігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуді және мұнай табыстарын буындарға дұрыс тара­туды көздейді.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету назардан тыс қалмайды
Дағдарыс кезінде ел билігі қолданған күрес тәсілі бүгінде ең тиімділердің бірі са­налады. Мемлекет ең алдымен жылжы­май­тын мүлік нарығындағы күйзелісті ең­серді. 2007 жылдың күзінен бастап ел­дегі құрылыс саласы тығырыққа тірелген кезде, ел Үкіметі шұғыл шараларды қолға алған бо­латын.
Еске түсірсек, 2009 жылы Дағдарысқа қар­сы бағдарлама шеңберінде тұрғындар­дың ипотекалық заемдарын қайта қар­жы­ландыруға мемлекет 795 млн доллар ша­масында қаржы бөлді. Оны жүзеге асыра бас­тағаннан кейінгі алғашқы айларда-ақ 1,5 мыңнан астам үлескер жеке пәтерге қол жеткізді.
Астана, Алматыда, сондай-ақ Ақмола және Алматы облыстарында жылжымайтын мүлік нарығындағы түйткілдерді шешу мақсатында «Самұрық-Қазына» қоры арқылы арнайы ипотекалық несиелеу және тұрғын үй саласын дамыту бағдар­ла­масы іске қосылды. «Самұрық-Қазына» АҚ аясында жылжымайтын мүлік қоры құрылды. Сөй­тіп, ол құрылысы аяқталған тұрғын үй­лер мен өзге де ғимараттарды, құрылысы аяқ­талмаған тұрғын үй нысан­дарын өз қанатына алды.
«Үлескерлік құрылысқа қатысушылар­ды қорғау үшін 440 млрд теңге, соның ішінде Ұлттық қор қаржысынан 290 млрд теңге жұмсалды. 389 құрылыс нысанын­дағы 53 мыңнан астам үлескердің мәселесі шешілді. Ипотекалық заемдарды қайта қаржыландыру есебінен 32 мың үлескер ипотека бойынша бұрынғыдан 30 пайызға кем төлеуге қол жеткізді», – деді Премьер-министр Кәрім Мәсімов.
Осылайша Үкіметтің дағдарысқа қарсы «5 шұғыл қадам» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 2008-2009 жылдары жылжымайтын мүлік нарығындағы күрделі түйіндер өз шешімін тапты. Қазір Үкімет Пре­­зидент Нұрсұлтан Назарбаевтың тап­сыр­м­асымен осы саланы қолдау шара­ла­рын жалғастыруда. Алдағы төрт жылдың ішінде тұрғын үй-құрылыс жинақтарын пайдалану есебінен 24300 мың текше метр арзан тұрғын үй салынбақ.
Бүгінгі күні Үкіметтің міндеті тұрғын үй құрылысына мемлекеттік қолдау шара­ларын жалғастыру болып отыр: мемлекеттік тұрғын үйді енгізу көлемін сақтау, тұрғын үй құрылысы жинағы жүйесінің әлеуетін кеңінен қолдану, инженерлік-коммуни­ка­циялық инфрақұрылым құрылысын жал­ғастыру, тұрғын үй құрылысына жеке инвес­тицияларды тарту.
Өткен жылғы наурызда Қазақстан Республикасының 2011-2014 жылдарға ар­налған тұрғын үй құрылысы бағдар­ла­масы бекітілді. Оны жүзеге асырудың нәтижесінде жылына 6 млн текше метр тұрғын үй салынатыны жоспарланған. Өт­кен жылдың 11 айында тұрғын үй құры­лысына 361,5 млрд инвестиция салынды. 5,4 млн текше метр жалпы тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының жалғасы іспетті. Ол бойынша 19,7 млн текше метр тұ­р­ғын үй пайдалануға беріліп, 535 мың қа­зақстандық үй жағдайын жақ­сартқан еді.
Сонымен бірге 2010 жылы Үкімет та­рапынан Тұрғын үй-коммуналдық шар­уа­шылығын кең көлемде модернизациялау бағдарламасы бекітілді. Онда электр, газ және жылумен жабдықтау желілері мен құрылыстарын жөндеу және қайта құру, қуат үнемдейтін технологияларды жаппай енгізу, тұрғын үй қорының жағдайын жақсарту, тариф құрауды жетілдіру сияқты маңызды міндеттер енген.
Сонымен, елімізде құрылыс саласының дамуы қалпына келтірілді. Былтыр 2010 жылмен салыстырғанда, өсім 2,7 пайызды құрады.
Жұмыспен қамту – күн тәртібіндегі өзекті мәселе
«Ел экономикасы рецессия шегінде тұр­ды, мұны 1990 жылдардың басындағы экономиканың құлдырауымен салыстыруға болатын. Біздің бағалауымызша, экономи­ка­лық дамудың күрт төмен түсуі 2009 жыл­­дың басында-ақ жұмыссыздар қата­рын 1 миллионға жеткізер еді. Осы сынға біздің жауабымыз 2009-2010 жылдарға арналған экономика мен қаржы саласын тұрақтандыру бойынша Үкімет, Ұлттық банк және Қаржылық бақылау агенттігі бірігіп қимылдаған жоспар мен Аймақтық жұмыспен қамту және мамандарды қайта даярлау стратегиясы – «Жол картасы» болды», – деген болатын Премьер-ми­нистр К.Мәсімов.
Дағдарысқа қарсы бағдарлама шеңбе­рін­де елімізде жұмыссыздық деңгейінің күрт өспеуіне қарсы бірқатар шара қолға алын­ды. Аймақтық жұмыспен қамту стра­тегиясын («Жол картасы») жүзеге асыру шең­берінде 2009 жылы 258,6 мың жұмыс ор­ны құрылды, 247,8 мың адам жұмыспен қам­тылды, 2010 жылы 133 мың жұмыс ор­ны ашылып, 129,5 мың адам жұмысқа тұр­ғызылды.
2011 жылғы 1 шілдеден бастап еліміз­дің барлық өңірлерінде Елбасының тап­сыр­масымен «Жұмыспен қамту – 2020 бағ­дарламасы» іске қосылды. Өткен жыл­дың нәтижесі бойынша, оған 56 мың адам қа­тыса бастады. Бұл бағдарламаның ерек­ше­лігі сол: жұмыс беру мен қайта маман­дан­дырудан басқа, К.Мәсімовтің Үкіметі азаматтарға өз ісін ашуға жағдай жасап, шағын несие ұсынады. Тағы бір жаңалық – экономикалық әлеуеті төмен аумақтардан эко­номикалық белсенділігі жоғары аймақ­тар­ға ерікті түрде көшуге көмек көрсетіледі. Бү­гінде 10 аймақта көшуге бел байлағ­ан­дар­ға арналған 847 жеке үй және 64 көп­қабатты үйдің құрылысы басталып кетті.
Елбасы халыққа Жолдауында да, «Нұр Отан» партиясының съезінде де жұмыспен қамтуды ең өзекті мәселе деп көрсетті. Осы орайда Үкімет облыс әкімдерінің назарын жұмыспен қамту мәселесіне аудартты. Көптеген елде күрделі ахуал қалыптасып отырған жағдайда тұрғындарды жұмыспен қамту басты мәселе болып қала беретіні сөзсіз.

Осындай шаралардың нәтижесінде Қазақстан жалпы ішкі өнімді «психологиялық плюс» деңгейінде сақтай алды. Атап айтқанда, 2008 жылы экономи­каның өсімі 3,1 пайызды құраса, 2009 жылы 1,2 пайыз болды. Оған қоса, Қазақстан дағдарысқа дейінгі экономикалық өсудің шегіне оралды: 2010 жылы ЖІӨ – 7 пайызға, 2011 жылы 7,5 пайызға жетті. Осылайша республикада макроэко­номи­ка­лық тұрақтылық және орнықты экономикалық өсу қамтамасыз етіліп отыр.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста