Қазақстан дағдарыстың жаңа толқынына дайын
«Әлемдік экономикадағы жағдай әлі де тұрақсыз. Беделді әлемдік сарапшылар экономикалық даму деңгейінің төмендеуіне байланысты өз болжамдарын қайта қарап шығуға мәжбүр. Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) қыркүйек айындағы болжамында 2011-2012 жылдары әлемдік экономиканың өсімі небәрі 4 пайызды құрайды деген болатын, бірақ ағымдағы жылдың қаңтар айында қор бұл болжамын тағы да төмендетті», – деп мәлімдейді ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов өзінің Facebook-тегі ресми бетінде.
Еуроодақтағы жағдай да көңіл көншітерлік емес, экономикалық өсімнің төмендейтіні, ал Одақтың бірқатар елінде рецессия болу ықтималдығы артып келеді. Әлемдік экономикадағы жағдайдың әрі қарай ушығуын ескере отырып, жаһандық дағдарыстың екінші толқынын пайымдауға болады. Бұл туралы Қазақстанның Премьер-министрі Кәрім Мәсімов бірнеше рет айтқан болатын. Және ондай жағдайға Қазақстан Үкіметінің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген «Б жоспары» дайын тұр.
Өткеннен алған сабақ өткелден аман өткізеді
Айта кету керек, әлемдік рецессияларды еңсеруде біздің еліміздің тәжірибесі баршылық. 2008-2009 жылдардағы қаржы дағдарысы жас та болса экономикасынан мол үміт күттіріп отырған Қазақстанды айналып өткен жоқ. Сол кезде ел Үкіметі президенттік жоспардың негізінде «5 батыл қадам» дағдарысқа қарсы бағдарламасын әзірлеп, жүзеге асырған болатын. Дүниежүзіндегі дағдарысқа қарсы ең тиімді бағдарламаның бірі болып табылған бұл құжат қаржы секторын тұрақтандыру, жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу, шағын және орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру сияқты бес басым бағытқа негізделді. Және бұл мақсаттарға Ұлттық қордан 10 млрд АҚШ доллары бөлінді.
Нәтиже күткендегіден асып түсті. Банк секторына айрықша қолдау көрсету арқылы елдегі болуы мүмкін қаржылық дағдарыстың жолы кесілді. Құрылыс секторында 53 мың үлескердің проблемалары шешілді. Шағын және орта бизнестің 3 мың субъектісіне жалпы сомасы 184,56 млрд теңгенің несиелері берілді және қайта қаржыландырылды (төмендетілген сыйақы мөлшерлемесі бойынша). Өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарында 34,7 млрд теңге соманың несиесі берілді.
Жұмыссыздықпен күрес Үкіметтің Дағдарысқа қарсы бағдарламасының басым бағыты болды және қазақстандықтар мемлекет дер кезінде қабылдаған шаралардың арқасында әлемдік дағдарыстың салдарын қатты сезінген жоқ. Үкімет еңбеккерлердің жаппай жұмыстан қысқартылуына жол бермеу үшін тау-кен және өңдеуші секторлардағы ірі компаниялармен меморандумдар бекітті. Оған қоса, өңір тұрғындарын жұмыспен қамту үшін Елбасының тапсырмасы бойынша арнайы бағдарлама – Жол картасы әзірленді. Бұл бағдарлама 191,5 млрд теңге сома қаржымен қамтамасыз етілді және ол қаражат дағдарыстан кейінгі орнықты дамуға жағдай жасауға және қосымша жұмыс орындарын құруға жұмсалды. Жол картасының аясында 5221 жоба жүзеге асырылды, 248 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды.
Ал жалпы сомасы 7,26 триллион теңге болатын 237 жоба енгізілген Индустрияландыру картасының ел экономикасының алдағы даму қарқынына ерекше дем беретіні даусыз. Сонымен бірге ел экономикасына шетел инвестицияларын тарту әлеуетінің мол екендігі де айқын. Алдын-ала жасалған есептеулер ҮИИДБ шеңберінде таяудағы төрт жыл ішінде экономиканың шикізаттық емес секторына кемінде 30 миллиард доллар инвестиция тартуға болатынын көрсетіп отыр. Бұл еліміздің әлемдік экономикаға үйлесімді кірігуіне, тек Бірыңғай экономикалық кеңістікте ғана емес, әлемдік деңгейде де бәсекелестіке қабілеттікке ие болу мүмкіндігін арттырмақ.
Өткен ғаламдық дағдарыс қажырлы еңбектің, дұрыс таңдалған шешімдердің арқасында ғана тосылған болатын. Мәселен, 2009 жылы дағдарыс салдарынан АҚШ экономикасы – 2,6 пайыз, Ресей экономикасы – 7,9 пайыз, Украина экономикасы 15,1 пайызға құлдыраса, біздің елімізде бұл көрсеткіш 2,6 пайызға артты. Жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайызға дейін төмендеді. Ұлттық қордың қаржысы толайым жұмсалып кеткен жоқ, керісінше, 2007 жылғы 14,7 млрд доллардан 2011 жылы 40,3 млрд долларға дейін өсті.
Ендігі жерде Елбасының тапсырмасымен даярланған ел дамуының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары бес бағытты қамтып отыр:
– Экономиканы дағдарыстан кейінгі кезеңге даярлау;
– Ел экономикасын әртараптандыру арқылы оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету;
– Адам капиталын дамыту – болашаққа инвестиция салу;
– Ел халқын әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналды салада сапалы қызметпен қамтамасыз ету;
– Халықаралық қатынастардағы тұрақтылық пен ел ішіндегі ауызбіршілікті сақтау.
Бұл жоспар – мемлекеттік жобалау жүйесіндегі жаңа тұрғыдан бағдарланған алғашқы құжат. Стратегиялық жоспар ел дамуының негізгі мақсаттарын өлшемді индикаторлар арқылы бағалауға, еліміздің 2020 жылы қандай деңгейде болатынын болжауға мүмкіндік бермек.
Демек, ел Үкіметі дағдарыстың болуы мүмкін келесі толқынына соңғы жылдардағы жинақтаған үлкен тәжірибемен, зор дайындықпен келіп отыр. Ендігі мақсат – халық саны 170 миллион, ЖІӨ 2 триллион долларды құрайтын ғаламат экономикалық алаң – Біртұтас экономикалық кеңістікте бәсекеге төтеп беріп, түрлі дағдарыстар соққысына төзімді ұлттық экономиканың әлеуетін нығайтып, ғаламдық экономиканың белді субъектісіне айналу болмақ.
Банк секторы шетелдік кредиторлар алдында абыройын жақсы қорғап шықты
Банк жүйесі дегеніміз ел экономикасының күре тамыры іспеттес. Ғаламдық дағдарыс кезеңінде бүкіл ағзаға жан бітіріп тұрған осы сектордың жүйеқұраушы бірдей үш банкіне банкроттық қаупі төнді. Сол себепті мемлекет банк секторының бұл дағдарыстан шығуына көмек қолын созды. Үкімет шетелдік кредиторлармен бір жылға жуық келіссөздер жүргізіп, елдің қаржы саласы, оның тұтынушылары үшін оң нәтижеге қол жеткізді. Яғни үш банктің қайта құрылымдау қорытындысы бойынша 11 млрд АҚШ долларынан аса қаржы кешіріліп, шегерілді. Осылайша Үкімет БТА банктің, Альянс банктің, Халық банктің капиталына енді. Тағы бір жағынан еліміздегі ірі компаниялар мен қорлардың қаржысы олардағы депозитке орналастырылды. Осының бәрі банк секторын банкроттықтан құтқарып қалды. Сондықтан 2010 жыл коммерциялық банктердің банкроттықтан аман қалған сындарлы да сәтті жылы болды. Ұлттық қорға дағдарысқа қарсы шаралар үшін алынған 147,5 млрд теңге мерзімінен бұрын қайтырылды. Бір сөзбен айтқанда, бұл біздің банк секторының шетелдік кредиторлардың алдында өздерінің абыройын жақсы қорғап шыққан күрделі тапсырманы еңсеруі болды. Өйткені біздікі секілді үлкен көлемдегі қарызды қайта құрылымдау бұрын-соңды бүкіл әлем тәжірибесінде болмаған екен. Сондықтан мұны осы сала тарихындағы айрықша оқиға деп атауға болады. Бұл ретте Financial Times газетінің қаржылық шолушысы Джиллиан Теттің сыртқы қарыз бойынша қазақстандық қайта құрылымдау механизмін өте жоғары бағалағандығы мысал бола алады. Сол секілді біздің осы қайта құрылымдау тәжірибесі негізінде Германияда «Қайта құрылымдау туралы» Заң қабылданды. Бұл қазақстандық қайта құрылымдау моделін батыстық банктердің үлгі ретінде қабылдағанын көрсетеді. Осыдан-ақ жүйеқұраушы банктерді дағдарыстан алып шығу біздің Үкіметіміз үшін қандай қажырлы еңбекпен келгенін байқай беруге болады. Осының бәрі қиын-қыстау кезеңді басынан кешірген біздің банк секторының кәсіби біліктілігінің ұшталып келе жатқанын көрсетеді. Соның арқасында банк секторына халықтың және бизнес қауымдастықтың сенімі тұрақталып қалды.
Дағдарыстан кейінгі кезеңдегі банк секторындағы оң құбылыс ретінде несиелендірудің қалыпқа келе бастауын айта кету керек. Егер 2010 жылдың қорытындысы бойынша екінші деңгейдегі банктердің ел экономикасын несиелендіру жағынан белсенділігі төмендеп кеткен болса (-07%), ал 2011 жылы осы теріс тенденцияны бұзуға мүмкіндік туындады. 2011 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша несиелендіру өсімі 11,2 пайызды, яғни 8,4 трлн теңгені құрап, ол ел экономикасындағы дағдарыстық құбылыстарды еңсерудің көрсеткіші бола алды. Бұл арада ұлттық валюта сипатында несиелендіру үлесінің барынша артып келе жатқанын айрықша атау керек. 2010 жылдың желтоқсанында ұлттық валютадағы несиенің үлесі 57,7 пайызды құраса, ол 2011 жылдың қазан айында 63,7 пайызға жеткен.
Жалпы, әлемдік экономикада әлі де дағдарыс құбылыстары барына қарамастан, халықтың салымы мен жинағы күн өткен сайын артып келеді. Бұл отандық банк жүйесіне халықтың сенімі сақталып қалғанын байқатады. Мәселен, нағыз дағдарыс өршіп тұрған шақта – 2007 жылдың аяғында екінші деңгейдегі банктердің депозитіндегі жинақ 3,9 трлн теңгені қамтыса, 2011 жылдың 10 айғы мұндай жинақ көлемі 8,6 трлн теңгеге жеткен. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 16,7 пайызға өскен. Сондай-ақ заңды тұлғалардың депозиті – 16, халықтың салымы 16,9 пайызға артқан.
Алтын-валюта қоры көлемі ұлттық валюта тұрақтылығынан сипат береді
Ұлттық валюта тұрақтылығы да ел экономикасының тұрақтылығынан сипат береді. Ал бүгіндері теңге курсын бір қалыпта ұстауға Ұлттық банктің алтын валюта резерві жеткілікті.
Жалпы, алтын валюта қоры түгесілгенде, девальвация қаупі туындайды. Ал біздің еліміздің алтын валюта қоры қазір 76 млрд долларды қамтиды. Халықаралық стандарт бойынша, мұндай қор 3,5 айлықтан астам импорт көлемін құрауы керек. Ал біздің алтын валюта қоры сегіз айдың көлемінен асып жығылады.
Сол секілді Елбасының тапсырмасы бойынша 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық банк еліміздегі тазартылған алтынның бәрін сатып ала бастауы тиіс. Ұлттық банк жоспары бойынша, бұл тенденция кем дегенде алдағы екі-үш жыл бойында сақталады.
Ұлттық қор елімізді сыртқы жағымсыз факторлардан қорғай білді
Қазіргі таңда Қазақстанның Ұлттық қорына қаржы жинау белсенді жүріп жатыр. Ғаламдық дағдарыс кезеңінде ел экономикасының тұрақтылығын сақтау үшін Ұлттық қордан қомақты қаражат тартылғанына қарамастан, бүгіндері мұндағы активтер азайған жоқ, керісінше, молая түскен. 2011 жылдың желтоқсанындағы мәлімет бойынша, Ұлттық қордың көлемі 43,3 млрд долларды құраған.
Президенттің тапсырмасымен 2000 жылы құрылған Қазақстанның Ұлттық қоры болашақ ұрпақ үшін қаржы сақтап қана қоймай, ұлттық экономиканың сыртқы жағымсыз факторларға тәуелділігін төмендетеді. Оған табиғи ресурстардан келген кіріс жиналады.
Мысалға, 2008-2009 жылдардағы әлемдік экономикалық дағдарыс кезеңінде Қазақстан экономикасының тұрақтылығын сақтау үшін Ұлттық қордың 10 млрд доллар көлемінде қаражаты тартылған.
Экономикалық даму және сауда министрлігінің болжамынша, 2015 жылға қарай Ұлттық қор активтері 72,5 млрд АҚШ долларына дейін жетуі керек
Сондай-ақ естеріңізде болса, 2010 жылы Ұлттық қордың жаңа тұжырымдамасы қабылданған болатын. Ол Ұлттық қор жинағын ары қарай қордаландыруды, республикалық бюджеттің тепе-теңдігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуді және мұнай табыстарын буындарға дұрыс таратуды көздейді.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету назардан тыс қалмайды
Дағдарыс кезінде ел билігі қолданған күрес тәсілі бүгінде ең тиімділердің бірі саналады. Мемлекет ең алдымен жылжымайтын мүлік нарығындағы күйзелісті еңсерді. 2007 жылдың күзінен бастап елдегі құрылыс саласы тығырыққа тірелген кезде, ел Үкіметі шұғыл шараларды қолға алған болатын.
Еске түсірсек, 2009 жылы Дағдарысқа қарсы бағдарлама шеңберінде тұрғындардың ипотекалық заемдарын қайта қаржыландыруға мемлекет 795 млн доллар шамасында қаржы бөлді. Оны жүзеге асыра бастағаннан кейінгі алғашқы айларда-ақ 1,5 мыңнан астам үлескер жеке пәтерге қол жеткізді.
Астана, Алматыда, сондай-ақ Ақмола және Алматы облыстарында жылжымайтын мүлік нарығындағы түйткілдерді шешу мақсатында «Самұрық-Қазына» қоры арқылы арнайы ипотекалық несиелеу және тұрғын үй саласын дамыту бағдарламасы іске қосылды. «Самұрық-Қазына» АҚ аясында жылжымайтын мүлік қоры құрылды. Сөйтіп, ол құрылысы аяқталған тұрғын үйлер мен өзге де ғимараттарды, құрылысы аяқталмаған тұрғын үй нысандарын өз қанатына алды.
«Үлескерлік құрылысқа қатысушыларды қорғау үшін 440 млрд теңге, соның ішінде Ұлттық қор қаржысынан 290 млрд теңге жұмсалды. 389 құрылыс нысанындағы 53 мыңнан астам үлескердің мәселесі шешілді. Ипотекалық заемдарды қайта қаржыландыру есебінен 32 мың үлескер ипотека бойынша бұрынғыдан 30 пайызға кем төлеуге қол жеткізді», – деді Премьер-министр Кәрім Мәсімов.
Осылайша Үкіметтің дағдарысқа қарсы «5 шұғыл қадам» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 2008-2009 жылдары жылжымайтын мүлік нарығындағы күрделі түйіндер өз шешімін тапты. Қазір Үкімет Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен осы саланы қолдау шараларын жалғастыруда. Алдағы төрт жылдың ішінде тұрғын үй-құрылыс жинақтарын пайдалану есебінен 24300 мың текше метр арзан тұрғын үй салынбақ.
Бүгінгі күні Үкіметтің міндеті тұрғын үй құрылысына мемлекеттік қолдау шараларын жалғастыру болып отыр: мемлекеттік тұрғын үйді енгізу көлемін сақтау, тұрғын үй құрылысы жинағы жүйесінің әлеуетін кеңінен қолдану, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысын жалғастыру, тұрғын үй құрылысына жеке инвестицияларды тарту.
Өткен жылғы наурызда Қазақстан Республикасының 2011-2014 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бекітілді. Оны жүзеге асырудың нәтижесінде жылына 6 млн текше метр тұрғын үй салынатыны жоспарланған. Өткен жылдың 11 айында тұрғын үй құрылысына 361,5 млрд инвестиция салынды. 5,4 млн текше метр жалпы тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының жалғасы іспетті. Ол бойынша 19,7 млн текше метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 535 мың қазақстандық үй жағдайын жақсартқан еді.
Сонымен бірге 2010 жылы Үкімет тарапынан Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын кең көлемде модернизациялау бағдарламасы бекітілді. Онда электр, газ және жылумен жабдықтау желілері мен құрылыстарын жөндеу және қайта құру, қуат үнемдейтін технологияларды жаппай енгізу, тұрғын үй қорының жағдайын жақсарту, тариф құрауды жетілдіру сияқты маңызды міндеттер енген.
Сонымен, елімізде құрылыс саласының дамуы қалпына келтірілді. Былтыр 2010 жылмен салыстырғанда, өсім 2,7 пайызды құрады.
Жұмыспен қамту – күн тәртібіндегі өзекті мәселе
«Ел экономикасы рецессия шегінде тұрды, мұны 1990 жылдардың басындағы экономиканың құлдырауымен салыстыруға болатын. Біздің бағалауымызша, экономикалық дамудың күрт төмен түсуі 2009 жылдың басында-ақ жұмыссыздар қатарын 1 миллионға жеткізер еді. Осы сынға біздің жауабымыз 2009-2010 жылдарға арналған экономика мен қаржы саласын тұрақтандыру бойынша Үкімет, Ұлттық банк және Қаржылық бақылау агенттігі бірігіп қимылдаған жоспар мен Аймақтық жұмыспен қамту және мамандарды қайта даярлау стратегиясы – «Жол картасы» болды», – деген болатын Премьер-министр К.Мәсімов.
Дағдарысқа қарсы бағдарлама шеңберінде елімізде жұмыссыздық деңгейінің күрт өспеуіне қарсы бірқатар шара қолға алынды. Аймақтық жұмыспен қамту стратегиясын («Жол картасы») жүзеге асыру шеңберінде 2009 жылы 258,6 мың жұмыс орны құрылды, 247,8 мың адам жұмыспен қамтылды, 2010 жылы 133 мың жұмыс орны ашылып, 129,5 мың адам жұмысқа тұрғызылды.
2011 жылғы 1 шілдеден бастап еліміздің барлық өңірлерінде Елбасының тапсырмасымен «Жұмыспен қамту – 2020 бағдарламасы» іске қосылды. Өткен жылдың нәтижесі бойынша, оған 56 мың адам қатыса бастады. Бұл бағдарламаның ерекшелігі сол: жұмыс беру мен қайта мамандандырудан басқа, К.Мәсімовтің Үкіметі азаматтарға өз ісін ашуға жағдай жасап, шағын несие ұсынады. Тағы бір жаңалық – экономикалық әлеуеті төмен аумақтардан экономикалық белсенділігі жоғары аймақтарға ерікті түрде көшуге көмек көрсетіледі. Бүгінде 10 аймақта көшуге бел байлағандарға арналған 847 жеке үй және 64 көпқабатты үйдің құрылысы басталып кетті.
Елбасы халыққа Жолдауында да, «Нұр Отан» партиясының съезінде де жұмыспен қамтуды ең өзекті мәселе деп көрсетті. Осы орайда Үкімет облыс әкімдерінің назарын жұмыспен қамту мәселесіне аудартты. Көптеген елде күрделі ахуал қалыптасып отырған жағдайда тұрғындарды жұмыспен қамту басты мәселе болып қала беретіні сөзсіз.
Осындай шаралардың нәтижесінде Қазақстан жалпы ішкі өнімді «психологиялық плюс» деңгейінде сақтай алды. Атап айтқанда, 2008 жылы экономиканың өсімі 3,1 пайызды құраса, 2009 жылы 1,2 пайыз болды. Оған қоса, Қазақстан дағдарысқа дейінгі экономикалық өсудің шегіне оралды: 2010 жылы ЖІӨ – 7 пайызға, 2011 жылы 7,5 пайызға жетті. Осылайша республикада макроэкономикалық тұрақтылық және орнықты экономикалық өсу қамтамасыз етіліп отыр.