Қауынды жұрт емес, құрт жеп жатыр
Қауынға қауіп төніп тұр. Оңтүстіктің тоғыз ауданындағы шаруашылықтан қауын көбелегі табылып отыр. Қауын көбелегі күнгейде алғаш Мақтаарал ауданында пайда болған еді. 2012 жылы жеті ауданның аумағына таралса, биыл 9 ауданның аумағына тарап отыр. Сол себепті бүгінде залалсыздандыру жұмыстары қауын көбелегі жайлаған аудандарда жаппай жүргізіліп жатыр.
Зиянкестердің таралуына диқандардың өздері себепші болып жатыр. Адамдар қауын көбелегімен күресу керек екендігін түсінсе де, пісіп тұрған қауындарын қимайды. Осылайша, ақша табамын деп құрттаған көкөністерді аудан ішінде ғана емес, басқа облыстарға да алып шығып жатыр.
Ибрагим БЕГАСЫЛОВ, Оңтүстік Қазақстан облысы аймақтық инспекция басшысының орынбасары:
– Өткен жылы қауын көбелегіне қарсы жүргізілген күрес кезінде 802 гектар жер залалсыздандырылса, биыл 2620 гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жылы Ордабасы және Бәйдібек аудандары қосылып отыр. Қауын көбелегі былтыр Қарағанды мен Астанада тіркелді. Неге? Диқандар қауынды түнде тасиды. Енді Қызылорда облысы мен оңтүстіктің тың егін жерлерін де жайлады.
Зиянкестердің жаңа жерлерге таралмауы үшін Астанадан 300 тоннаға жуық арнайы улы химикаттар жеткізілді. Тұтынушылар қауын сатып аларда абай болғаны жөн. Себебі ауру қауында ұсақ-ұсақ шұрық тесіктер болады. Өйткені қауын көбелектері қауынның қабығын тесіп, онда өз дернәсілдерін қалдырады. Жаңа дернәсіл қауынның жұмсағын жеп, кеміре-кеміре сыртқа шығып кетеді.