«Қыз-жігіттерді кеңсеге жұмысқа шақырамыз. Жасы, білімі, тәжірибесі маңызды емес. Айлығы – 150 мың теңге» деген іспетті жарнамаларды әр жерден көзі шалмаған адам кемде-кем шығар. Көп жағдайда адамдар мұның желілік маркетинг екенін бірден біле қояды. Сөйтеді де, мейлінше аулақ жүріп, бастарын ала қашады. Қайда қараса да қаптаған маркетингтен адамдар шынында да шаршаған.
Осы сипаттағы жарнамалар «Инстаграм» желісінде жетіп-артылады. Хабарласа қалсаңыз бітті, күн құрғатпай хал-жағдайыңызды біліп, қандай шешімге келгеніңізді сұрап әлек. Бірінен бас тартсаңыз, екіншісі нөміріңізді алып, хабарласа кетеді. Әрине, олардың жұмысы да сол – адам шақыру арқылы ақы алады.
Жалпы, «желілік маркетинг» дегенде көпшілік жұрт оны қаржылық пирамидамен шатастырып жатады. Шындығында, бұл екеуінің құрылымы ұқсас болғанымен, екеуі екі бөлек нәрсе.
Қаржылық пирамидалар ешқандай өнім немесе тауар ұсынбайды, айналымда тек ақша жүреді. Бұл жердегі іс-әрекет мынадай: сіз алдымен белгілі бір сомада ақшалай салым саласыз (неғұрлым көбірек болса, табыс та соғұрлым молырақ деген сөз), сонан соң артыңыздан тіркелген жандардың салымының есебінен пайыздық үлес алып отырасыз. Салымшылардың саны көбейген сайын табыс та еселене береді.
Аталған жүйеде бір нәрсе анық – пирамиданың басқы жағында тұрған салымшылардың қалтасы қалыңдайды да, соңғылары тақырға отырады. Көп жағдайда қаржылық пирамидалардың ғұмыры ұзақ болмайды. Ақша салудың ағыны тоқтағанда пирамида да құлдырайды.
Жалпы, мұндай компаниялар қомақты қаржыларды уәде еткенімен, оның қалтаңызға сап ете қалатынына ешқандай кепілдік бермейді. Сонымен қатар олар салымшылардың есебінен үстеме алатындықтан қорларында меншікті қаражат пен активтері болмайды. Тақырға отырушылар қатарының болуы да сол себепті. Мұндай ұжымдар біраз қаржыны қымқырып болған соң жабылады да, тайып тұрады.
Әлбетте мұндай компаниялар лицензиясыз жұмыс істейді. Себебі оның өкілдері өздерінің қызмет түріне мұндай қағаздың қажеттілігі жоқ деп сендіреді. Тіпті олар салық органдарына да тіркелмеуі мүмкін. Сондықтан аталмыш қаржылық пирамидаларға қаржы салу – тәуекелге бел буу деген сөз. Себебі сіздің қанжығаңыздың майлануы да немесе қалтаңыздың жұқаруы да мүмкін жағдай.
Ал желілік маркетингте жұмыс істейтіндердің қатарында «Орифлейм», «Фаберлик», «Эмвей», «Эйвон», «Мэри кэй», «НЛ» секілді косметикадан бастап, тұрмыстық химияға дейінгі түрлі өнімдерді ұсынатын компаниялар тұр. «МЛМ» (Multіlevel marketіng – көпдеңгейлі маркетинг) деп аталатын бұл жүйеде де миллиондаған ақшаны, керемет өмірді айтып ауыздың суын ағызады. Байлықтың ауылы қол созым жерде екенін сізге сызып тұрып көрсете алады. Мұнда да пирамидалық құрылым бар, яғни адамдар арты-артынан тіркеле береді. Мұнда да белгілі бір соманы саласыз (ол бір немесе бірнеше реттік болуы мүмкін), есесіне салған ақшаныңыздың орнына компания сізге өз тауарларын береді, яғни сатып аласыз деген сөз. Бірақ бұл жерде қаржылық пирамидадағыдай айналымда «ауа» емес, белгілі бір тауар түрі жүреді. Тауарлар делдалдар арқылы келмейді, зауыттан шыққан соң тікелей тұтынушылардың қолына тиеді. Желілік маркетингтің оңды тұсы да осында. Жұмыс жасағысы келген адам алдымен компаниямен келісім-шартқа отырады. Содан соң өз тобына адам жинау арқылы сатылап көтеріле береді. Неғұрлым биігірек көтерілген сайын табыс та соғұрлым молаятын болады.
«МЛМ»-де серіктестіктің үш түрі бар: тұтынушы, сатушы немесе жүйеде жұмыс жасаушы дистрибьютер. Бірақ осының ішіндегі аталған үшінші тұлға ғана ең табыстысы бола алады. Себебі дистрибьютердің мақсаты – тауарды сату емес, адам жинау және командалық тауар айналымды көбейту болып табылады.
Кей елдерде «МЛМ» компаниялардың қызметіне заңмен шектеу қойса, енді бірінде мүлде тыйым салынған. Ал біздің елімізде кейбір мемлекеттердегі секілді заңмен қорғалған. Бұл жөнінде ел Үкіметінің 2005-жылы «Желілік маркетинг, қоғамдық таратушылар, пошта арқылы және басқа да тәсілдермен сату жолымен сауда орындарынан тыс бөлшек сауда ережесін бекіту туралы» Қаулысы шыққан. Онда «Таратушылардың кірісі дербес сатудан және олар желіге тартқан басқа агенттердің сатуынан түскен комиссиялық кірістен тұрады» делінген.
Ал дін өкілдері адамдарды жанама түрде болса да алыпсатарлыққа итермелеу және өнімді керек етпесе де қомақты табысты уәде ете отырып, бөтен өнімдерді алғызу секілді іс-әрекеттердің кездесетіндігін негізге алып, желілік маркетингтің жұмысы Исламға қайшы дегенді айтады. Дегенмен желілік жүйені жақтаушылар легінде көптеген бизнес кітаптардың авторы атанған Роберт Кийосаки, әлемдегі ең ірі инвестор Уоррен Баффет, АҚШ Президенті Дональд Трамп та бар. Тіпті Трамптың: «Бәрін басынан бастау керек болса, мен желілік маркетингтен бастар едім», – деген сөзі де бар.
Шындығында желілік маркетингте жай ғана жұмыс істеген бір басқа да, ал сол арқылы материалдық жағдайыңызды көтеру екінші бір дүние. Егер ай сайын қомақты қаржы ұстап, қалтаны қампайтамын десеңіз, сіз мұнда жан-тәніңізбен еңбек етуіңіз шарт. Сіз біршама адамдарды қоластыңызға тіркемелеп, компания ережесіне сай жұмыс істесеңіз, шынында да көлік алуға, ай сайын жалақы алуға, ойдағыдай табыс табуға, саяхаттауға, бизнес жасауға, тіпті бизнесіңізді мұраға қалдыруға да мүмкіндік бар. Тек адам шақырудың хас шебері болсаңыз жеткілікті. Оған қоса табандылық пен уақыт керек.
Өз басым осы компанияның өкілдерінің бірнешеуімен тіркелетін адамша тілдесіп те көрдім. Әрқайсысының маркетинг жоспары әртүрлі. Алатын табыс түрі де әрқалай.
Мысалы, косметикалық тауарларды ұсынатын «Орифлеймге» тіркелу тегін, тіркелушілерге 20 пайыз жеңілдік ұсынылады. Ары қарай жұмыс жасау үшін әрбір адам алдымен 35 мың теңгеге зат сатып алуы тиіс. Содан соң жинаған балыңызға қарай, саты бойынша 300 мың теңгеге дейін 21 күн сайынғы жалақыны алып отыруға болады.
Сұлулық пен денсаулыққа қатысты өнімдерді өндіретін ресейлік «NL Іnternatіonal» компаниясына да тегін тіркеу жасайды. Тіркелушілерге компания тарапынан жеңілдік қарастырылмаған. Мұнда табыс табудың үш түрлі жолы көрсетілген және сол жолға жету үшін салынатын салым 40 мың теңге шамасында.
Ал негізгі тауарлары майлық-сүлгілер болып табылатын «Гринвэйде» 6 түрлі табыс көзі бар. Соның бірі – тіркелген соң 24 мың теңге құю арқылы активация жасайсыз. Яғни нарыққа шығарып отырған өнімдерін сатып аласыз. Мұны тек бір рет қана саласыз, сонан соң дәл осылай артыңыздан осындай сомамен тіркелген әрбір тіркелуші үшін 4200 теңге есеп-шотыңызға түсіп отырады.
Франциялық табиғи өнімдер компаниясы «Биосиге» де тегін тіркелесіз және табыс табу үшін ай сайын 17 мың, 18 мың теңгеге өнім сатып алып тұрасыз. Есесіне әрбір тіркелушіге 33 – 50 пайыз аралығында жеңілдіктер мен көптеген акциялар, сыйлықтар, сыйақылар қарастырылған. Саты бойынша ай сайынғы қолға алып отыруға болатын айлық мөлшері – 150 мың теңгеге дейін.
Тұрмысқа қажетті сұйық заттар өндіретін қазақстандық жас компания – «Көркем-MG-ге» небәрі 7 мың теңгемен тіркелуге болады. Ары қарай жалақы алып отырамын десеңіз, ай сайынғы сатып алып отыруы тиіс өнім құны – 2300 теңге. Соған қоса көлік алуға арналған автобағдарлама мен баспана алуға құрылған «Мини Отау» бағдарламасы да қарастырылған.
Мұндағы аталған барлық компанияларда да және жоғарыда атап өткен қаржылық пирамидаларда да ең басты нәрсе – адам жинау болып табылады.
Көп жағдайда адамдар жоғарыда атап өткен маркетингтердің маңайындағы нәрселерге сенімсіз көзқараспен қарап жатады. Сондай-ақ «Аузы күйген үрлеп ішедінің» кебін кигендер де жетерлік. Сондықтан бақыттан бас айналдырар әңгімелерді естіп алып, бұйдасын ұстатқан бұзау секілденбеген дұрыс. Қандай да бір компанияға тіркелмес бұрын оның нақты қандай компания екенін толығырақ біліп, ара-жігін ажыратып барып тіркелген дұрыс.
Кім не десе де оңай жерде алтын жатпайтыны белгілі жайт. Ақшалы атану үшін де еңбекқорлық, табандылық, төзімділік секілді қасиеттер қажет-ақ. Ал одан арғысын өзіңіз байқай жатарсыз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – тәуекелге бел буып, желді күні қайыққа отырмағаныңыз жөн болар. Ал қандай да бір қайыққа отыра қалсаңыз, толқынның келер тұсын бағамдап барып жайғасқаныңыз дұрыс болар дегім келеді.
М. ИБРАЕВА.