Қаржы пирамидаларынан қашан құтыламыз?
Жүгенсіз кеткен қаржы пирамидаларын тізгіндеу мүмкін болар емес. Бұл сұрақ құқық қорғау органдарының өзін тығырыққа тіреп тұр. «Заң арқылы шектеу қоймай ма?» дейтін де боларсыз. Бірақ пысықай қулар заңның өзін айналып өтіп, «аңқау елге арамза молда» болып жүр. Сөйтіп, Ресейде Мавроди компаниясымен өткен ғасырдың 60-жылдарында құрылған қаржы қитұрқысы қазір Қазақ елін де алаңдатып тұр. Тіпті еліміздің Парламентіндегі халық қалаулылары заңның шикі тұстарын өзгертуді ұсынуда. Қаржы полициясының ресми статистикасы қазақстандықтардың 1 миллиардтан астам теңгесі қаржы пирамидаларына салып жіберілгенін растады.
Дәл осындай күрделі мәселе күні кеше Парламент Мәжілісінің қарауына түсті. Депутаттар халықтың тірнектеп жиған теңгесін болашағы белгісіз пирамидаларға салып, аңқаулық жасайтынына алаңдаушылық білдірді. Ашынған халықтың тігерге тұяғы қалмаған. Көпшілігі тіпті қарызға кіріп, банктерден несие де алыпты. Сөйтіп, байлыққа белшеден батырамыз деген «пирамидаға» барын салып жіберген. Бірақ ақшасын тек сол пирамидалардың төбесіндегілерге өз қолымен беріп жатқанын білгенде ғана барып бармағын тістейді.
Қаржы полициясының мәліметіне қарағанда бүгінгі күнге дейін 5 мыңнан астам қазақстандық тақырға отырған. Бұл тек арыз бергендер ғана. Іштен тынып, қаржысын желге ұшырғандардың жалпы санын ешкім білмейді. Бұлай бола берсе, халықтың толқуы да болуы мүмкін, – дейді мамандар.
Осыны ескерген республикалық Қаржы полициясы агенттігі халық қалаулыларының алдында жаңа заңның жобасын ұсынды.
Жанат ЕЛИМАНОВ, ҚР Қаржы полициясының экономикалық және қаржылық қылмыстарды ашу жөніндегі департаментінің басшысы:
– Қаржы пирамидаларының жолын түбегейлі кесе алмай келеміз. Ең алдымен, оған еліміздегі заң баптары қолбайлау болып тұрған жайы бар. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің «алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғау да қолымыздан келмейді. Іс қозғау үшін нақты шығын немесе жәбірленушілердің арызы болуы қажет. Ал салған қаржысын өсімімен қайтарамын деген тәтті қиялдың жетегінде жүргендер арыз да жазбайды.
Қаржы полициясы департаменті басшысының айтуынша, олар қой терісін жамылған қасқырдың әрекетін жасайды. Яғни шағын несие беру ұйымдары ретінде тіркеліп, одан кейін халыққа қаржыны берудің орнына ақшасын алдап алуға кіріседі. Тек соңғы жылдары ғана Қаржы полициясының құрығына 23 қаржы пирамидасы түсіпті.
Өзекті жайды ой елегінен өткізген халық қалаулылары өз ойларын ортаға салды. Сөйтіп, қоғамға дендеп еніп кеткен қаржы пирамидаларының тамырына балта шабу керек десті.
Светлана РОМАНОВСКАЯ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Қанша мәрте алданып ауыздары күйсе де, халықтың қаржы пирамидаларының қармағына түсуі азаяр емес. Өйткені жыл өткен сайын олар түрлі механизмдер арқылы халықты тартудың жаңа жолдарын шығаруда. Көптеген жұрт пирамиданы желілік маркетингпен шатастырады.
Желілік маркетингтің жайылып кеткені сонша бейресми мәліметтер олардың елімізде жаңа жүйесі қалыптасқанын растады. Қаржы полициясының зерттеуінше ресейлік Мавродидің «МММ-2011-дің» – қазіргі күні 40 мыңнан астам салымшысы бар. Аталған компания сайты тіпті ақшаның қаржы пирамидасы тәртібінде беріліп, бұрын кірген салымшылардың табысы кейін кіргендердің есебінен болатынын ашық жариялапты. Бүгінгі күні «МММ-2011» қазақстандық өкілдігінің алаяқтық фактісі бойынша Алматы қалалық департаменті қылмыстық іс жүргізуде.
Қаржы пирамидасынан қан қақсаған жұрттың біразы Көкшетау және Ақмола облысының тұрғындары екені рас. Мұнда байлықтың көзін осылай таппақ болған Бақыт Әділова мен Маржан Мұқанова «ҚазРостИнвестПроект» атты пирамида жобасын шығарып, халықты алдаған. 20 мыңға жуық тұрғынның қалтасындағы қаржысын алаяқтықпен алған қос әйелдің ісі қазір сотпен шешіліп, іс сот орындаушыларының қолына келді.
Қайрат АЯҒАНОВ, Көкшетау қаласы аумақтық бөлімінің сот орындаушысы.
– Қазіргі күні қаржы пирамидасынан зардап шеккендер бойынша атқару құжаттары толықтай тіркелді. Бірақ қаржыны толықтай қайтару әзірге жүзеге асар емес. Оған себеп пирамида жасаушылардың тәркіленген мүліктерін сату мүмкін болмай отыр. Онсыз жәбірленушілердің қаражатын қайтара алмаймыз. Бір жағынан, жәбірленушілердің өздері де кінәлі. Қаржысын пирамидаға не үшін салады? Осынысымен-ақ заңды бұзып жатқан жоқ па?
Мұндай пікірмен Парламент Мәжілісінің бірқатар депутаттары да келісетінін білдірді. Тіпті жаңа заң жобасында пирамиданы жасаушылармен қатар, оның салымшыларын да әкімшілік жауапкершілікке тарту ұсынылды.
Ромин МАДИНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Қаржы пирамидасына қаржы құйған салымшыларды да жауапқа тарту қажет. Мен «қаржы пирамидасының қызметіне қарсы күрес мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына пирамидаға қатысушыларды да жауапқа тартуды ұсынамын.
Ұзақ сарапқа салынып, депутаттардың талап-тілектерінен кейін заң жобасы алдағы қараша айында қайта қарауға түспек.
Түйін
Аузы күйген үрлеп ішер. Десек те, заң жобасы жаңада ғана талданып жатыр. Ал көршілес Ресейде қаржы пирамидаларының қызметіне тосқауыл қою туралы заң қолданысқа енгізіліп те үлгерген. Оған Қаржы министрлігі де өзінің түзетулерін енгізіпті. Бір айта кетерлігі, Ресей заңында да қаржы пирамидасының ұйымдастырушыларымен қатар, қатысушылары да жауапқа тартылады. Ол үшін 10 жылға дейін жаза кесіледі. Бізде қалай болар екен? Оны, әрине, алдағы уақыт көрсетеді...