Қазақстан – жаңартылатын қуат пен таза технологияға негізделген «жасыл экономиканы» келешек дамудың басымдығы ретінде ұстанатын ел. Әлгіндей пәрменді тапсырманы Парламент сессиясын ашып тұрып Президент те жүктеген болатын. Ал мұндай мәселеге маңызды қадам ауаға таралатын парникті газдардың ауқымын азайтудан басталатыны да белгілі. Осыған орай, кеше Мәжілісте «Киото хаттамасын Қазақстанда жүзеге асыру механизмдері» тақырыбында конференция болып өтті.
1999 жылы Киото хаттамасына қол қойған Қазақстан әлгі құжатты дәл он жылдан соң, 2009 жылы толыққанды ратификациялаған болатын. Жалпы, ауа кеңістігінің өзгеруін реттейтін Киото хаттамасына қосыла салу жеңіл болғанымен, ондағы халықаралық талаптардың, жүктелген міндеттемелердің атқарылуы оңай шаруа емес. Дегенмен ондай міндеттемелерсіз «жасыл дамуға» жету жеңіл болмайтыны да аян. Осыған орай, мәжілісмендер Киото хаттамасының аясындағы Қазақстан міндеттемелерінің орындалуына қызығушылық білдіріп, қоршаған ортаны одан әрі заң арқылы «аялаудың» тетіктерін талқылауға мүдделілік танытқан-ды.
«Қазіргі таңда жаһан мемлекеттері әлемдік орташа температураның 2 градусқа көтерілуін болдыртпауға жан-жақты талпынып жатыр. Жалпы, парниктік газдардың шығарындыларын шектеу арқылы экономикалық жүйелердің ұлттық және халықаралық деңгейде өзара әрекеттесуін ретке келтіру оңай шаруа емес. Дегенмен осы мәселені һәм парниктік газдарының шығарындыларын реттеу және шектеу қажеттігін ескере отырып, Қазақстан квоталардың ішкі сауда жүйесін реттеуге келтірді», – дейді алқалы жиын барысында сөз алған қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров. Осыған орай, министр Киото хаттамасы аясында былтырдан бері бірқатар заңға өзгерістер енгізілгенін, нәтижесінде парниктік газдар шығарындыларын шектеу және квоталарын бөлу мәселелері жолға қойыла бастағанын алға тартады. Бұдан бөлек, үлгі ретінде халықаралық үздік тәжірибелер сараланып, парниктік газдар шығарындылары үшін кәсіпорындарға қосымша салық салудың орнына, квоталарды саудалау жүйесін құру ұйғарылған екен. Министр салықтан босатып, оның орнына квоталық сауда жүйесін енгізудің де өрісі кең екенін айтады. «Шындығында, парник газ үшін қосымша салық салу жолы көп жағдайда өндіріс секторы мен мемлекеттік жүйе арасында түсініспеушілік тудырып келіп еді. Ол бір жағынан өнеркәсіптің дамуына да шектеу қойды. Сондықтан да біз Қазақстанда парник газдарының шығарындылары үшін квота саудасының Ұлттық жүйесін қалыптастыруды қолға алдық. Бұл Еуропалық одақта жүзеге асырылған үлгі бойынша құрылып отыр. Оның артықшылықтарын айтудың қажеті шамалы. Бір ғана сандық көрсеткішпен түйіндесем, еуропалық көміртектік нарықтың көлемі биылдың өзінде 120 млрд долларды құрап отыр», – дейді министр Нұрлан Жамбылұлы.
Сөз арасында министр квоталау мен сауда жүйесін енгізу 2013 жылы басталатынын, яғни келесі жылы парниктік газдар бойынша квота саудалаудың пилоттық жүйесі ретінде қарастырылатынын жеткізді. Соған орай, еліміздегі табиғатты пайдаланушылар айыппұл санкцияларының мерзімін ұзарту немесе кейінге шегеру мүмкіндігіне, сондай-ақ жеңілдетілген тәртіппен квота алуға да қатысатын болады. Осы пилоттық жыл шеңберінде кәсіпорындардың 2010 жылғы шығарындылар мөлшерлеріне орай, тегін квоталар бөлу шаралары да көзделеді. Мүдделілік танытқан, ұқыптылықты ұстанған табиғатты пайдаланушылар тарапы мемлекеттік тегін квотаға да иеленуді жоққа шығарылмайды. Бұл да қоршаған ортаны қорғаудың нақты ынталандыру тетігі болса керек.
Нұрлан ҚАППАРОВ, ҚР қоршаған ортаны қорғау министрі:
– Парниктік газ шығарындыларын шектеу – экономиканың барлық салаларымен өзара байланысты дүние. Ал Қазақстан ТМД аумағында парниктік газдардың таралуын болдырмауға қатысты теңдессіз қадамдарға барып отыр. Мәселен, біз бірінші болып парниктік газдар шығарындыларын саудалау квоталарының ұлттық жүйесін енгізіп отырмыз. Біле-білген адамға бұл – өзіндік бір инновация. Шындығына келсек, экономикасы өрлеп, қуатты дамып отырған мемлекетте шығарындыны шектеу жүйесін енгізу қиынның-қиыны. Соған қарамастан, біз осыны қолға алдық. Өйткені артынан орын алу мүмкін фактіге бетпе-бет келіп, халықаралық қауымдастықтың қатаң талаптарына мәжбүрленбес бұрын, сондай-ақ жақын келешектегі ауқымды өзгерістерге даярлықсыз отырмаудың қамымен мұндай үдерісті бүгін бастауды жөн санадық. Ал жайбарақат отырудың ақыры саяси, экономикалық һәм экологиялық салдарға ұрындыруы бек мүмкін.
Парниктік газдарды саудалау квотасының ұлттық жүйесі құрылды
Последние статьи автора