Өткен жексенбіде еліміздің төрт қаласында "Дұрыс таңда. Қазақстан өнімін сатып ал. Ұлтжанды бол!" республикалық акциясы бір мезетте басталды. Отандық өндірушілерді қолдауға шақырған бұл акция ҚР Индустрия және сауда министрлігі, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы мен «Кaznex» экспортты дамыту және алға бастыру корпорациясының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Атыраудағы «Дұрыс таңдау» акциясының өту барысына қатысқан Индустрия және сауда министрлігінің «Kaznex» экспортты дамыту және алға бастыру корпорациясының өкілі Шыңғыс Шүкібаев министріліктің отандық өнімдерді сатуды жолға қоюда бірқатар жобаларды жасақтағанын айтты. Қазір елімізде индустриялық даму бағытында инновациялық өндіріс жобасы жүзеге асуда. Бұл азық-түлік өнімдерін көптеп шығаруды ғана емес, оны өзге елдің рыноктарында ұсынуды көздеген жобалар. Біздің білуімізше, бұл жобаларға шетелдік инвесторлар да тартылып жатқан көрінеді. Өйткені біздің отандық өнім шетелдік нарыққа экспортқа шықпайынша, Қазақстанның өз ішінде де бәсекеге қабілетті бола алмайды. Сол себепті сала министрліктері мен тиісті құрылымдар қазіргі күні қазақстандық өнімдеріміздің экспорттық тауар ретінде танылуына назар аударып отыр.
Отандық өнімдерді сатып алу арқылы қазақстандық кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді мақсат еткен акция жергілікті тұтынушылар сауаттылығын арттыруға да бағытталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, халық отандық кәсіпкерлерді қолдау мен олардың өндірген өнімдерін сатып алу арқылы салықтың өз елімізде қалуына жағдай жасап, ел экономикасының тұрақты дамуына сүбелі үлесін қосатын болады. Әрине, бұл тек әрбір азамат өзін ұлтжанды етіп көрсете алғанда ғана жүзеге аспақ.
Атырау қаласы бойынша осы акцияны өткізуге бел буған «Атырау» сауда-ойын кешенінде орналасқан «Идеал» супермаркеті жұрт көп баратын сауда орыны. Мұнда «Дұрыс таңдау» акциясы бойынша отандық өнімдердің барлығы 30 қарашаға дейін 15 пайыздық жеңілдікпен сатылады. Осы кезеңде отандық тауарға 2500 теңгеге сауда жасаған адам арнайы сыйлыққа ие болып, 100 мың теңге ұтыс ойынына қатысуға мүмкіндік ала алады.
«Идеал» супермаркеттер желісінің құрылтайшысы Талғат Бекеновтың айтуынша, бұл акция еліміздегі қаражаттың өзге елдерге кетуіне тосқауыл болатын бірден-бір шара. Өйткені негізінен шикізаты ғана экспортқа шығатын біздің елде өзге тауар түрін айтпағанда күнделікті тұтынатын азық-түліктің өзі көршілес елдерден тасымалданады.
Жалпы, «Идеал» сауда желісі бойынша сатылымға қойылған отандық тауар үлесі – 40 пайыз. Ал оның өтімі орташа. Талғат Сахабиденұлының айтуынша, Атырауда көршілес Ресейдің өнімі өтімділік жағынан өзгелерге дес бермей келеді екен.
Қазақстандық тауардың сапасы жақсы болғанымен, өнімдердің қаптамасы, жалпы дизайны мен өнімді жарнамалау жағынан біздерде кемшіліктер жетерлік. Өзге елдер бұл жағынан әбден әккіленіп алған. Қазақстандық өнімдерден нан мен макарон өнімдері, «Айналайын» маркасындағы сүттердің түрі мен шырындар ғана бар. Ал мыңғырған малы бар елімізде сүттен өндірілген тауарлар мүлде аз. Сол себепті мұнайлы өңірге айран өнімдері Ресей елінен тасымалданады.
Қазір «Идеал» сауда нүктелері 100-ден аса отандық тауар өндірушілермен тығыз байланыста. Оның ішінде жергілікті «Заман-нан» мен «Атырау-балық» та бар.