Отандық кәмпиттерге де оттегі қажет
Кәмпитті тамақ деп санамасақ та, қонақ келгенде дастарқанымызда ең құрығанда бір уыс кәмпиттің тұрғанын жөн көретініміз рас. Кәмпит-печеньеміз жоқ болса, жомарттығымыз көрінбей қалатындай пұшайман күй кешетініміз тағы бар. Аңдасақ, нарықта отандық кәмпиттерге де оттегі керек екен. Өзгенің мәмпәсиін емес, өзіміздің кәмпитімізді тұтыну үшін...
Қазақстанда кондитерлік өнім өндірумен 200-ден астам кәсіпорын айналысатын көрінеді. Алайда деректер, негізінен, нарыққа «Рахат» АҚ, «Қарағанды кәмпиттері» АҚ, «Баян сұлу» АҚ, Ақтөбе кондитерлік фабрикасы, «Волна» кондитерлік фабрикасы ықпал ететіндігін көрсетіпті.
Халықтың қажеттілігін отандық өнімдер толық өтемейінше, импорттың үлесі кемімейінше, тамақ өнеркәсібі индустриясының дамымайтынын ғалымдар да, мемлекет те бүгінде ашық айтуда. Соның ішінде кондитерлік өнім саласы да бар. Өйткені қолда бар деректер кондитерлік өнімдердің импорты отандық өнімдердің өсіп-өркендеуіне мұрша бермейтіндігін көрсетеді.
Отандық кондитерлік өнімдердің адымын украиндік бәсекелес кәмпиттер аштырмай жүргені рас. Баршаға мәлім, бұдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанның кондитерлік қауымдастығы бұл туралы дабыл қаққан. Тұтыну нарығы да, ғылыми-зерттеулер де украиндық және ресейлік тәттілердің импортталуы 50 пайыздан аспаса, кем түспейтінін көрсетті. Аталмыш сала қауымдастығы Үкіметтен импортталатын тәттілерге белгілі бір тосқауыл қоюды өтінді де. Егер қателеспесек, ол тосқауыл қойылды да.
2011 жылы Экономикалық даму және сауда министрлігі арнайы қаулысына орай шетелден импортталатын тәттілерге арнайы салық салынатын болып шешілген-ді. Үш жылға қойылған тосқауыл арқылы отандық кондитерлердің тынысы ашылып, шатқаяқтаған шаруашылығы түзеледі деген болжам жасалған.
«Үш жылға арналған қорғау шараларын пайдаланып, біз өндірісіміздің қуатын арттырмақпыз. Жылына жалпы өніміміздің 4-7 пайызын ғана құрайтын экспорттық мүмкіндігімізді 30 пайызға дейін жеткізуді мақсат тұтамыз. Импорт көлемі 30 пайыздан асатын болса, ол мемлекет үшін аса қауіпті. Біз нарықтың 90 пайызын басқаруға тырысамыз. Өзіңіз ойлаңыз, жылына қанша ақша шетел асып кетеді. Ал осы қаржы өз кәсіпорындарымызды көтеріп, жаңа технологиялармен жабдықтауға кетсе, еліміздің экономикасы үшін де пайдалы болар еді», – деген болатын Қазақстан кондитерлік ассоциациясының президенті Людмила Константиниди.
Қазақстандық кәмпиттермен әлі де болса импорттық кәмпиттер текетіресте. Тіпті біздің кәмпиттерді басып кетіп тұр. Сөредегі импортты ысырып тастауға кәмпиттеріміздің шамасы жетпей жүр. Неге?
Экономистердің айтқанына жүгінейік. Зерттеулер отандық кондитер кәсіпорындары, негізінен, арзан жұмысшы күші мен шикізат сияқты төменгі дәрежедегі артықшылықтарға ғана ие дейді.
Қуандық ТӘШЕНОВ, экономист:
– Жоғары дәрежедегі артықшылықтарға қол жеткізу едәуір инвестицияны қажет етеді. Сол себепті компаниялар қаражаттың жетіспеушілігінен олардың барлығын пайдалана алмайды. Жаңа технологиялар енгізіліп жатыр, алайда тағы да сол қаржының жетіспеушілігінен олардың барлығын осы заманғы технологиямен ауыстырудың сәті түспей тұр. Бұл да – басты проблеманың бірі. Әртүрлі маркетингілік стратегияларды пайдалана отырып, өзінің бәсекелік артықшылықтарын одан әрі дамытуы тиіс.
Сондықтан кәмпиттердің қарқын алуына тек мемлекеттік қорғау шаралары ғана ықпал етпек емес. Бұған қоса, кондитерлік өніммен айналысатын кондитерлік фабрикалар да, қазақша айтқанда, ширауы тиіс. Технология барда құрал-жабдық бар. Екеуі егіз секілді. Бірінсіз-бірінің күні жоқ. Сондықтан қорғау шараларын пайдалана отырып, кондитерлеріміз де құлашын жаюға ұмтылуы тиіс.
Мәліметтер, тәтті өнімге сұраныс артқан сайын әлемдік кондитерлік өнім нарығы жылдан-жылға өркендеп өсу үстінде екенін көрсетіп отыр. АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Бельгия сияқты елдерде кондитерлік өнім нарығы молығып, осының нәтижесінде соңғы жылдары статистикалық (тең қалыпты) жағдай қалыптасты. Шығыс Еуропаның, Латын Америкасының, Үндістан мен Қытайдың нарықтары қарқынды дамып келеді. Еуропа шоколадтық кондитерлік өнімдердің ең ірі нарығы болып қалып отыр. Маркетингілік-талдамалы зерттеу орталығы (МТЗО) сарапшыларының деректері бойынша Данияның халқы жыл сайын жан басына шаққанда 21,8, ирландтықтар – 26,6, Нидерландия тұрғындары – 25,3, бельгиялықтар 23 келі тәтті жейді екен. Салыстыру үшін айтатын болсақ, орташа статистикалық америкалықтар жылына бар-жоғы 7 келі кондитерлік өнім тұтынады екен.
Қазақстандық кәмпиттер де елімізде сұранысқа ие. Әйткенмен толық нарықты жаулап алған жоқ. Өкінішке қарай, импортқа ілесе алмай келеді.