Бір кездері ит тұмсығы батпайды дейтін ну орман енді, шынымен, ертегіге айналғандай. Өйткені жыл сайын оталған, от жалмаған жасыл желек жоғалып барады. Онымен бірге, әрине, өсімдіктер дүниесі мен аң-құс та азайып бара жатқаны түсінікті. Экологтер мен орман шаруашылығы мамандары қанша мәрте дабыл қақса да, қордаланған мәселе орнынан жылжыр емес. Есесіне, соңғы ондаған жыл ішінде бірнеше есе азайып кеткені қынжылтады.
Қынжылтпай қайтсін?! Бүгінгі күні барлық қазақ жерінің тек 7 пайызына ғана жетер-жетпес орман алқаптары қалған. Жылына пәленбай мың гектардан отқа оранған, онымен қоса, ағаш сатумен айналысатындардың отауынан да ағаш біткен жоғалып барады. Мұнымен қоса енді қолда бар жасыл желек ауруға ұшыраған деген де мәлімет бар. Ал ағаш өнімдерін сырт елдерге сатушылардан түсетін шығын көлемі ешкімнің есебінде жоқ.
Осыдан он жыл бұрын қазақтың ағашын шетелдерге сатуға тыйым салынған еді. Мұның бір көмегі болар, орманымыз оталмаса, аз жылда орнына келер деген табиғат жанашырлары бөркін аспанға атқан. Алайда бұл қуаныш та ұзаққа бармады. Заңға қайшы болса да, ағаш біткенді аяусыз сұлатқан браконьерлермен күресуге орманшылардың шамасы жетпеді. Техника жеткіліксіз, кадрлар тапшы. Осындай олқылық салдарынан орманымыз оталды, оталмағаны орасан жылдамдықпен отқа оранып, омақаса құлады. Ондаған гектар орманды жалғыз күзеткен орманшының ойбайына кім құлақ ассын? Жоғарыдағы шенеунік біткен жергілікті билікке қанша шүйліксе де, шешімін таппай шерменде болған қара орманның жағдайы қалыпқа келмей тұр.
Алтайдағы орман арманға айнала ма?
Қазақ жеріндегі бар орманның 40 пайыздан астамын алып жатқан Алтай бөктеріндегі ахуал да алаңдатарлық. Жыл сайын мыңдаған гектар орман өрттен зардап шегуде. Ал оны қауіптен құтқарарлық қауқар болмай тұр.
«Әсіресе таудың етегінен бастап ұшар биігіне дейін қаулап өскен қалың қарағай мен шыршаның бүгінгі халі мүшкіл, экологиялық апатты жағдайда» дейді мамандар. Орманшылардың айтуынша, мың жылдарды артқа тастаған ағаштарды қазір ауру меңдеген. Шеттерінен шіріп, өліп барады. Ресми деректерге қарағанда, қазіргі таңда Алтай шыңындағы ағаштардың 80-90 пайызы шіріп, ауруға айнала бастаған. Яғни осы уақытқа дейін орманның оталуына, өрттен құтқаруға бөлінген мемлекеттің қомақты қаражатының көзіне су құйылған.
Ауру ағаштан орман шаруашылықтары да өндіртіп ағаш өңдей алмай тұр. Мәселен, осыдан 20-25 жыл бұрын, орман шаруашылығы өнеркәсіптері 2 миллион куб ағаштың жартысын іске жаратса, қазіргі таңда бұл 200 мың шаршы кубқа да жетпейді екен. Яғни қалың қарағайдың жартысынан көбі шіріп кеткен.
Владимир РЕЗАНОВ, Шығыс Қазақстанның ағаш өңдеу, жиһаз және орман ассоциациясының президенті:
– Бүгінде жартылай шіріп кеткен ағаш ешкімге де қажет болмай қалды. Шенеуніктер ағашты сатуға тыйым салсақ, оны сақтап қаламыз деген жаңсақ пікірде болды. Сөйтіп, қазақ ағашын сатуға мүлдем тыйым салынған. Бірақ енді бармағын шайнауға мәжбүр. Еуразиялық экономикалық қауымдастық комиссиясы биылғы жылдың наурызында бұл мораторийді алып тастаған. Оған сәйкес кез келген ағаштан жасалған есік-терезелерді енді сыртқа шығаруға болады. Алайда енді шығарарлық та ештеңе қалмады. Өйткені қолда бар ағаштың бәрін ауру меңдеген. Кезінде тек осы аймақта ғана 400-ге тарта ағаш өңдейтін кәсіпорындар болған. Қазір соның тек алтауы ғана қалды. Соның тек үшеуі ғана барынша өңдеуге қабілетті. Мәселен, орман шаруашылығындағы әлемдік державалардың бірі –Финляндияда 1 куб дайын өнім үшін 1,2 куб шикізат жұмсалса, біздегі ағаш сапасыз болғандықтан, кемінде 2,5-3 куб ағаш жұмсауға тура келеді.
Тығырықтан шығудың жалғыз жолы – ағаш үй құрылыстарының республикалық және аймақтық бағдарламаларын шығару, – дейді ассоциация президенті. Бұлай болмаған жағдайда кәсіпкерлер Сібір ормандарына кетіп, Ресей экономикасының өсуіне үлес қосады дейді маман. Ағаш шикізатының әлемдегі жағдайы бізге қарағанда едәуір тәуір. Мәселен, Канада жылына 227 миллион куб орман кессе, соның тек 2 пайызы ғана сапасыз. Ресейліктер орманшылар отаған 180 миллион куб орманның – 30 пайызы, Швейцарияның 6 миллион кубының 1,5 пайызы ғана жарамсыз болса, ал Қазақстан кескен 200 мың куб ағаштың 70 пайызы отынға айналатын көрінеді.
Яғни шығыстағы орман жағдайы шиеленісіп тұр. Сонда қайтпек керек? Бағдарламалар қабылданса да, олардың орындалып, ауру меңдеген ағаштарды айықтыратынына кепілдік бар ма? Таласқа түскен даулы мәселе төңірегіндегі түрлі тексерістер де тыйылмай келеді. Әсіресе прокурорлық қадағалау оқиғалары. Бұлар орманның жанында орын алған орасан қылмыстарды ауыздықтауға себеп болатыны анық. Алайда бұдан басқа да былық-шылықтың беті ашылмай қалады дейді орманшылар.
Ержан ДАЙРАБЕКОВ, орманшы:
– Жақында ғана прокурорлар 800 куб шамасында кесілген ағаш үшін дау-дамай көтерді. «Заңға сәйкес браконьерлердің жолы кесіледі», – деп даурықты. Ал бірақ мұнда миллиондаған ағаштар қынадай құрып, тіпті аурудан шіріп жатқанымен ешкімнің шаруасы жоқ. Олар тіпті ешқайда іске алғысыз күйде қалуда. Орманды ғылыми-зерттеуге қаражаттың жоқтығын да ешкім ауызға алмайды. Ал орманшы мамандарға жылына 600 литр жанармай ғана беріледі! Осыдан кейін не айтуға болады?
Маман демекші, орман шаруашылығына қажет мамандар да бүгінде қасқалдақтың қанынан қат. Мемлекеттік бағдарламалар шығарылып, қаражат бөлінгенімен, оны игеріп кетер маман табылар емес. Ресми статистикалық деректерге қарағанда, соңғы жылдарда орман шаруашылығындағы мамандар саны 8,5 мың адамнан 1,5 мыңға дейін қысқарған. «Караван» газетіндегі «Поселки пустеют на глазах» атты мақалада Зырян ауданында бір шаруашылық серіктестігін маманмен қамту үшін сол маңдағы бес ауылдан маман іздеу қажет болғанын тілге тиек етіпті.
Бұл жағдай бүкіл республикаға тән екені айтпаса да түсінікті. Яғни шығыспен қатар орман алқаптары көбірек шоғырланған Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының да бас ауруына айналғалы қашан.
Әнуарбек САҒИТОВ, Ақмола облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы:
– Әрине, орманды көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманат етіп қалдыру қажеттігін айтудай-ақ айтып келеміз. Бірақ бюджеттің бұл салаға бөлетін қаражат көлемі көбеймей, мәселенің шешілетін түрі көрінбейді. Біздегі орман және аң шаруашылықтарында біртіндеп болса да жас өскін тал мен бұталар өсіріліп жатыр. Алайда бұл әрекет жыл сайын миллиондап оталатын ағаш пен орман өртіне төтеп бере алар емес.
Яғни басқарма мамандарының берген мәліметтеріне қарағанда, Ақмола облысында былтырғы жылдың өзінде ғана 805 гектар жерге ағаш отырғызылды. Сондай-ақ осы жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүктеген тапсырмасына орай, Бурабай – Астана күре жолының қос қапталындағы 1827 гектар жерге де ағаш егу көзделген-ді. Осы мақсатқа бюджет қоржынынан 2 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлініпті. Ішті аздап болса да жылытқандай болған бұл сандардың жалынымен жайпап келе жатқан орман өртіне жұқ та болмайтыны ойландырады.
Тағы статистикаға жүгінсек, қазіргі таңда Қазақстанда 115 орман ағашының түрлері өседі. Тіпті оның кейбірі әлемде кездеспейді де. Сонда өртке оранып, арамен оталып жатқан орманның орны қайтіп толмақ?
Өрт демекші, тек биылғы жылы ғана Қазақстанда 200-ден астам ірілі-ұсақты өрт тіркеліпті. Бұл туралы қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров мәлімдеді. ИА-новости–Казахстан арнасына сұхбат берген министр былай деп тұжырымдапты.
Нұрлан ҚАППАРОВ, ҚР қоршаған ортаны қорғау министрі:
– Осы жылы мемлекеттік орман қорында жалпы аумағы 1112 гектар жерді шарпыған 246 мемлекеттік орман қоры өртке оранды. Шығын көлемі 11 миллион теңгеге жетті. Жалпы, осы жыл ішінде еліміздің 69 мың гектар орман алқабына жас өскін егілмек. Ал 2020 жылы орман егу алқаптарын жылына 80 мың гектар егуге жеткізу көзделіп отыр.
Министр осылай деп ағынан жарылса да, оттегін беретін орманның ойсырай оталуы тыйылмай тұр. Ең ауыры – қолда барының ауыр тозаққа тап болғандығы. Қайтпек керек? Бәлкім, мемлекеттік деңгейде қабылданар бір ауқымды шара қажет шығар. Тек сонда ғана Елбасының «Жасыл ел» атты бағдарламасы шынымен елімізді жасыл желекке бөлер ме еді деген ойдамыз.
Оталған ормандардың ертеңі не болмақ?
Последние статьи автора