2013 жылы Өскемен титан-магний комбинатында титан құймасының тағы бір түрін өндіретін жаңа зауыт пайдалануға берілмек. Осыдан бір күн бұрын «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ пен оңтүстіккореялық РОSСО компаниясының басшылары жаңа зауыттың іргетасын қалады. Жаңа жобаның тұсаукесер рәсіміне облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Корея Республикасының еліміздегі консулы Хан Сонг Джин да қатысты.
«Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ президенті Бағдат Шаяхметовтің сөзіне сенсек, Қазақстан экономикасының дамуына ерекше серпін беретін бұл айтулы шара – комбинаттың ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап отырған сыйы. Жаңа зауыттың ерекшелігі – титан құймасын электронды сәулелі әдіспен өндіреді. 50 миллион АҚШ доллары тұратын инновациялық жоба 2013 жылдың аяғында жүзеге асырылмақ. Өндіріс орнында жылына 5 мың тоннаға жуық титан құймалары шығарылады деп жоспарлануда.
Бердібек САПАРБАЕВ, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
– Өскемен титан-магний комбинаты – дүниежүзіндегі осы саладағы ең ірі металлургиялық өнеркәсіп орны. Еліміздің титан өндірісі қанатын кеңге жайып, комбинат Франция, Корея елдерімен бірлескен кәсіпорындар құрып, экономикалық-қаржылық дағдарыстарға қарамастан өркендеп, даму үстінде. Комбинат өнім көлемін ұлғайта отырып, жұмысшыларын қысқартуға жол берген жоқ. Былтыр ғана біз осында жылына 11 мың тонна өнім өндіретіндей қуаты бар титан құймалары мен қорытпаларын шығаратын жаңа өндірістің ашылғанына куә болдық. Ол зауытты іске қосуға 12 миллиардтан астам теңге жұмсалды. Сол жаңа өндірістің ашылуы арқасында бұл кәсіпорынға 300 адам жұмысқа орналасып, өткен он айдың ішінде өнім көлемі екі есеге өсіп, жұмысшылардың еңбекақысы қазір 150 мың теңгеге дейін жетіп отыр.
Өскеменде титанды сәулемен өндіреді
Последние статьи автора