Орталық Азиядағы ең кедей ел
Тәжіктің экономикасы туралы айтқанда, ең алдымен, Ресей телеарнасының тұрақты кейіпкеріне айналған Равшан мен Жәмшүд еске түседі. Жұбын жазбайтын екі сайыпқыранның ебедейсіз іс-қимылы жұртты қыран-топан күлкіге көміп тастайды. Равшанның орашолақ орысшасын, әсіресе, жастар жағы қайталап әлек. Күлкілі екеніне сөз жоқ, бірақ осы сайқымазақтың астарында тәжік халқының мүшкіл халі көрініп тұрған жоқ па?
Равшан мен Жәмшүд Ресейге жәутеңдейді
Ресей демекші, тәжіктің бас көтерер еркегінің нан табу үшін осылай қарай жөңкілгеніне біраз жыл. Олар бұған дейін ағылшынның З D, яғни (dirty, dangerous and difficult) әрпімен белгіленетін ең қауіпті, ең лас, ең төмен бағаланатын жұмысын істеп келді. «Бұған дейін» дейтін себебіміз, дағдарыс салқыны Ресейге жеткенде, былтыр талай тәжік түйіншегін арқалап еліне қайтқан. Бірақ туған жерінде құшақ жайып қарсы алатын ешкім жоқ. Отбасы тұрмақ, билік басындағылар азаматтарының сыртта ақша тауып жүре бергенін қалайды. Өйткені олардың шетелде тапқан табысы жалпы ішкі өнімнің 54 пайызын құрайды. Жұмыссыз қалғандардың көбі өткен жылдан бері елге ақша аудара алмай, онсыз да тұралаған ел экономикасын сансыратты. Ресей рублінің құнсыздануы да жағдайды ауырлатып жіберді.
Туған топырағында жұмыссыз сенделген тәжіктер көктем шыққалы Ресей жақтан жақсы хабар күтіп елеңдейді. Кейбіреулер буынып-түйініп, жолға шығуға дайын отыр. Үкімет те дәмелі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Шүкіржон Зұхұровтың айтуынша, өткен жылы Ресейде 800 мың тәжік еңбек етсе, биыл олардың 80 пайызынан астамы нәпақасыз қалған. «Көктемде 600 мыңға жуық адам тағы да Ресейге бағыт алмақ. Несі бар, о жақта да жұмыс күші керек боп қалар. Жолға шығатындар саны көбеюі де мүмкін» дейді министр. Ал осы елдің Президенті Эмомоли Рахмон жуырда «интернет-сайттарда елімізге қарсы қастандық науқаны жүріп жатыр» деп байбалам салып, жауды сырттан іздеуде. Оның айтуынша, кейбіреулерге тәжік халқының экономикалық және саяси дамуы тыныштық бермейтін көрінеді. «Жалпы, 2004-2007 жылдары түрлі сайттарда жарияланған мақалалардың 80 пайызы – жала жабу. Соңғы кезде Тәжікстанға қарсы ақпарат соғысы өршіп барады. Олардың мақсаты айқын, тәжік халқының болашаққа деген сенімін жоюдан басқа ештеңе емес» дейді Эмомоли Рахмон.
Дерипасканың шамы жанбай қалды
Халқы Президент сөзімен келісе ме, келіспей ме, ол жағы беймәлім. Бірақ наурыздың соңында «Сангтуд-1» электр стансысының құрылысшылары ереуілге шықты. Оқырманға түсінікті болу үшін стансы туралы аз-кем ақпарат берелік. «Сангтуд-1» құрылысы 1980 жылы басталып, 90-жылдардың басында тоқтап қалған. Себебі белгілі (бүкіл ТМД аумағындағы аласапыран кезеңді айтпағанда, 1992 жылдан бастау алып, бес жылға созылған азамат соғысы салдарынан Орталық Азиядағы ең кедей елге айналды). 2005 жылы ГЭС құрылысы қайта жанданды. Алғашқы үш су агрегаты 2007-2008 жылдары іске қосылған. «Сангтуд-1» бақылау пакетінің 66,4 пайызы Ресейдің қолында. 16,5 пайызы ғана тәжіктерде. Қазір құрылыс аяқталуға жақын. Соңғы, төртінші агрегат қаңтарда жұмысын бастауы керек еді. Алайда «Барки Точик» компаниясы бұларға қарыз болғандықтан, оның ашылуы кейінге шегерілді.
Осы орайда Тәжікстандағы тағы бір «сақалды» құрылыс Рогун ГЭС-іне тоқталған жөн. Оның төңірегінде қазір дау-дамай өршіп тұр. «Душанбе мен Мәскеу арасындағы стратегиялық әріптестіктің символы» деп атаған осы құрылысты ресейлік «РУСАЛ» компаниясы қолына алмақшы еді. Олег Дерипасканың әу бастағы ниеті түзу болатын. 2004 жылғы күзде 2 млрд доллар инвестиция құюға уәде берді. Орыстардың өз есебі бар – құрылыс аяқталған соң Рогунды өз бақылауында ұстағысы келді. Бірақ келісімге қол қойылғанымен, Дерипасканың компаниясы өз міндеттемесін орындамапты. Әзірге қуат тапшылығынан Президент Рахмон жақында бүкіл елде жарық үнемдейтін шамға көшуге мәжбүрлейтін жарлыққа қол қойды. Ал Ташкент 325 метрлік бөгет Душанбеге өзбек даласын суаратын өзендерді бақылауға мүмкіндік беріп, сол арқылы қысым жасайды деп сескенеді.
Енді Тәжікстан «аңызға» айналған Рогунды қайтсе де іске қосу мақсатымен халықаралық консорциум құрмақшы. Әзірге шама-шарқынша құрылысты өз күшімен жүргізіп келеді. Биыл оған бюджеттен 150 млн доллар бөлінген. Бірақ ол аз. Сондықтан Душанбе шетелден инвестор іздеуге мәжбүр. Бастапқыда жобаға ниет танытқан Пәкстан жалғыз өзі қалтасынан қаржы шығаруға батпай, жеме-жемге келгенде тайқып кетті. Кейбір сарапшылар тәжік үкіметі енді АҚШ-тан үміт күтеді деген пікірде. Әзірге АҚШ Пяндж өзенінің үстінен өтетін екі көпір салып берді. Өзбектер Рогунға қарсылық ретінде өз бағытындағы жолға тосқауыл қойған, содан көпір тәжіктерге қажет-ақ. Алайда осы көпір арқылы Ауғанстаннан Еуропаға жөнелтілетін есірткі көлемі артып келеді деп байбалам салушылар да көп. Мазасыз ауған елінен төнген көші-қон, есірткі, лаңкестік қаупі Тәжікстанды күшті одақтас іздеуге мәжбүрлейді.
Мақта мәселесі майшаммен қаралды
Тәжікстан бюджетіне кіріс әкелетін, негізінен, мақта мен алюминий. Тұрсынзада қаласындағы алюминий зауытының жылдық қуаты – 517 мың тонна. Қазіргі шамасы 300 мың тонна төңірегінде.
Елдегі 7 млн тұрғынның тең жартысы мақта өсірумен айналысады. 80-жылдардың аяғында диқандар 1 млн тоннадай «ақ алтын» жинайтын. Қазір көрсеткіш 2-3 есе түсіп кетті. Мұндағы мақта шаруашылығы тарихында ең аз өнім былтыр алынды. Базарға жеткен дақыл белгіленген жоспардың 67 пайызын ғана құраған. Әрі «ақ алтынның» әлемдік нарықтағы бағасы да арзандады. Өткен жылы үкімет ауыл шаруашылығын комбанктер арқылы қаржыландыруды қолдаған еді. Сөйтіп, банктерге 41млн доллар бөліп, диқанға 12-18 пайызбен несие беру жүзеге асырылды. Бірақ фермер биыл қарызын қайтара алмай отыр. Себебі мақта зауыттары әр фермерге 10-20 мың доллар берешек. Осылайша, биылғы мақта науқаны қыл үстінде. Бірақ республика басшылығы бұл мәселені басқаша шешкенге ұқсайды. Кейбір аудандарды құқық қорғау қызметкерлері бақылауға алып, қайтсе де мақта егуге мәжбүрлейді деген сыбыс бар. Қазір мақта шаруашылығын қаржыландыру төңірегіндегі айқай-шу толастар емес. Ernst&Young аудиторлық компаниясы Ұлттық банк төрағасы Муродәли Әлимардонның 850 млн долларды «сіңіріп» кеткенін хабарлады. 90-жылдардың ортасынан бері мұндағы мақта өнеркәсібі фьючерстік компаниялардың қызметіне арқа сүйеп келеді. Олар диқанды тұқым, тыңайтқыш, құрал-жабдық, жанар-жағармаймен қамтамасыз етіп, шыққан өнімге өздері ие болатын. Биліктегілермен ауыз жаласып алған бұл компаниялар алаяқтық жасаудан да тайынбаған, яғни түсім көлемін қағаз жүзінде асырып көрсеткен. Өткен жылдың басында Халықаралық валюта қоры тәжік үкіметінің өз активтерін бұрмалап көрсеткенін әшкереледі. Халықаралық қаржы ұйымдары үкіметке «мақта мәселесін шешу» үшін миллиондаған грант пен мен қомақты несие берген. Қаржының басым бөлігі шетелдіктер мен жергілікті кеңесшілердің қалтасына құйылады. Олар жай адам түсінбес күрделі схеманы шимайлап, есеп жазумен айналысады. Ал берешек өсіп барады. Жыртығын қалай жамарын білмей басы қатқан үкімет халықаралық донор мемлекеттерден 240 млн доллар сұрауға мәжбүр. Өйткені бюджет қазіргі дағдарыстың салдарынан 932 млн сомониден қағылғалы тұр. Жалпы, тәжіктердің сыртқы мемлекеттік қарызы – 1 млрд 366 млн доллар.
Елдегі әлеуметтік ахуалдың қиындауына жемқорлық та септігін тигізуде. Еуроодақ миссиясының кеңесшісі дон Ван Аттаның айтуынша, лауазымды шенеуніктер осы кезге дейін жеке бастың қамын күйттеп, қалтасын қампайтуды ғана білген. 1990 жылы мақта алқаптарын жекешелендіру бір-бірімен жең ұшынан байланысқандарға осы саладан қыруар табыс тауып, қаржыны өз қалтасына сүңгітуге жағдай жасады. «Үш немесе төрт тәжік шенеунігі жымқырған ақша бүкіл ауыл шаруашылығын қалпына келтіруге не болмаса Рогун құрылысын аяқтауға жетер еді. Бірақ өйту үшін халықтың тағдырына жаны ашуы қажет» деген еді бір тәжік оппозициясының өкілі.
Артықшылығы:
Су электр энергетикасы – экономиканың негізгі саласының бірі. Мұнда бес ГЭС бар. Оның ішінде Нүрек әлемдегі ең ірі 30 ГЭС-тің қатарында. Мақта шаруашылығына басымдық берілген. Алюминий, тау-кен, алтын өндірісінен басқа, тоқыма саласы жақсы дамыған.
Әлсіз жақтары:
Ресейге тәуелділік. Қолдағы барды ұқсата алмау. Орташа жалақы 50 доллар шамасында. Ең төменгі жалақы – 17 доллар.
P.S.
Жуырда Тәжікстан Жастар одағының ІХ съезінде Президенттің баласы Рустами Эмомоли елдегі ықпалды жастар ұйымы төрағасының орынбасары болып сайланды. Президенттің ұлы одаққа жаңа тыныс, тәуелсіздік әкеледі деп қуанушылар көп. Әйтсе де жұрттың көбі дүдамал күйде. Шынымен, Президент Рахмон орнына ұлын қалдыру үшін қамданып жатыр ма деседі. Ал Тәжікстан Конституциясы бойынша Президент жасы 35-тен кем болмауы керек. Рустами ондай тарихи сәтті әлі 13 жыл күтуге тиіс.