Өркениетті сауда елдің іскерлік беделін көтереді

Тауар биржасы – бұл ең әуелі делдалсыз сауда жүргізу, әділ баға құрау, баға тәуекелін сақтандыру. Компьютерлік технологиялар заманында тауар биржасындағы электронды алаңның артықшылығы дау тудырмайды. Бүгінде саудаға қатысушылар да, тауар тізімі де белгілі бір интернет парағынан табылады. Әлбетте, сауданың бұл түрі сатушының да, сатып алушының да уақытын үнемдейді. Сонымен қатар биржалық тетіктердің көмегімен ашық бағаны қалыптастыру өркениетті сауда мен нарық индикаторларын құрап қоймай, шетелдік қатысушылар алдында елдің іскерлік беделін де көтеретіні анық.

Биржа көбейсін
2007 жылғы шілде айында Елбасының тапсырмасымен биржа нарығын дамытуға бағыт алынған еді. 2009 жылы «Тауар биржасы туралы» Заңға қол қойылды. Сол кезде ел бизнесінде «брокер», «дилер», «клиринг орталығы», «есеп айырысу орта­лығы» сияқты ұғымдар пайда болды. Сөйтіп, осы заңнаманың арқасында тәуе­кел­ді қамтамасыз ету жүйесі мен онлайн-режимде сауда жасау сияқты халықаралық стандарттарға сай сауда технологиясы мен ережесі қалыптасты.
Дәл осы заң еліміздегі тауар биржа­сын­дағы сауданың өркендеуіне түрткі болды. Алайда бұл саладағы мамандардың ай­туынша, біздегі тауар биржасының дамуы – болашақтың еншісінде. Басқаны айтпа­ғанда, ресейлік биржалардың деңгейіне жету үшін біршама уақыт қажет. Бірақ, ең бастысы, тауар биржасын дамыту үшін тауар да жеткілікті, саудаға қажетті алаң да бар.
Бүгінде ел аумағында 13 тауар биржасы жұмыс істейді (өткен жылы – алтау). Осы­лар­дың ішіндегі ең ірісі саналатын «Еу­разия­­лық тауар жүйесі» (ЕТЖ) басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сергей Звягиннің айтуынша, биржаның көбеюіне белгілі бір өнім түрлерін тек биржа арқылы саудалауға міндеттейтін тауар тізімі әсер еткен көрінеді. «Тиісінше, осыны пайдала­нып, тез арада көп пайда тапқысы келе­тіндер көбейеді, яғни бұл алаңдар на­рықтың дамуына бас ауыртпайды, олар  жағдайды пайдаланып қалуға ұмтылған ойыншылар», – дейді ол. Екінші жағынан, тауар биржасының көбеюіне нарықты реттеу тетіктерінің жоқтығы да ықпалын тигізген. Демек, қор биржасы секілді тауар биржасының да қызметін реттеу қажет. Дегенмен, маманның пікірінше, отандық биржалардың өркендеуі олардың техно­логиялық жағынан даму деңгейіне, бәсекеге қабілетті қызмет ұсынуына және өндірушіні қызықтыра алуына байланысты болмақ. Сондықтан олардың саны келе­шекте азаюы да ықтимал.
Еліміздің ауыл шаруашылығы мен шикізат саласындағы әлеуеті зор екені белгілі. Осы екі сала үшін нарықтың биржалық жүйесі тиімді екенін мамандар айтып жүр. Биржа механизмі баға дем­пингіне жол бермейді және жасалатын келісімдердің ашықтығына кепілдік береді. Бұл орайда жоғарыда аталған ЕТЖ тәжіри­бесіне тоқталуға болады.
Келісім кепілдігі
«Еуразия тауар жүйесі» (ЕТЖ) Тауар биржасы» АҚ 2008 жылы құрылған. Тұң­ғыш саудасын 2009 жылдың наурызында өткізді. ЕТЖ саудасына қатысушылар – өнімнің ақырғы тұтынушылары, отандық және халықаралық брокерлер. Биржа ішкі және сыртқы сауда саласындағы мемлекет­тік реттеу тетіктерін жетілдіру, сауда опера­цияларының ашықтығын арттыру, сонымен бірге делдалдар тізбегін алып тастау арқы­лы ел ішінде ұйымдасқан көтерме нарықты дамыту мақсатында құрылған. Қазіргі кезде биржада споттық сауданың төрт секциясы жұмыс істейді: ауыл шаруа­шы­лық өнімдері, мұнай өнім­дері, металл және өнеркәсіп тауарлары, арнайы тауар­лар және жедел нарық секциясы.
Тауар биржасына жеке инвесторларды тарту мақсатында түрлі шаралар қолға алынған. Брокерлік компаниялардың оқу-жаттығу бағдарламасы шеңберінде алтын, күміс, мұнай, астық және мысқа қатысты бес жаңа жедел есеп айырысу келісімшарты айналымға түсті. Келісімшарттың дәл осы түріне инвесторлар ең әуелі қаржы бро­керлері қызығушылық танытты. Брокерлер мен трейдерлердің мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында биржа инфрақұрылымы жетілдірілді. Мәселен, брокерлік компа­нияларда баға белгілеуді қолдау бойынша автоматты сауда жасауға мүмкіндік беретін Netinvestor және QUIK секілді заманауи ақпараттық сауданың интернет-трейдинг жүйелері орнатылды.
Валерий Звягин, ЕТЖ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
– Біз жаңа инструменттерді іске қостық. Жасырын биржалық аукцион өн­дірушінің өз тауарын неғұрлым тиімді бағамен сатуына жағдай жасайды. Ең бастысы, келісімді биржа қамтамасыз етеді. Мә­селен, сатып алуға ниет білдір­гендер қандай да бір көлемдегі қаржысын депозитке салады. Бұл тауар ақысын төлеу міндеттемесінің орындалуына кепілдік есебінде жүреді. Анонимді биржалық аукцион – сауданың жаңа режимдегі түрі, яғни арадағы делдал атаулыдан құтылып, өндірушіден тікелей сатып алушыға жетуге мүмкіндік береді. Жасырын сауданың нәтижесінде объективті баға құралады. Қазір цемент саудасы жөнінен бірінші аукцион өтті. Нәтижесінде тауар тұтыну­шыға жеткізілуде. Біз, нарыққа қатысу­шылар, оның жемісті өткеніне ризамыз. Сондықтан оны әрмен қарай дамытып, жетілдіре береміз.
Айта кеткен жөн, арнайы аукциондар бұған дейін де өткізілген. Онда стандартты емес биржалық тауарларды сатып алу жүзеге асырылды. Сондықтан ЕТЖ тара­пынан мемлекеттік сатып алу шеңберінде стандартты емес тауар сатып алумен айналысатын компанияларды көптеп тартуға қадамдар жасалуда.
Сергей Овчаренко, ЕТЖ басқарма төрағасының орынбасары:
– Биржа бидайға қатысты стандартты келісімшартты іске қосу бойынша белсенді жұмыстарды атқаруды қолға алды. Бас­тапқы кезеңде бұл келісімдер экспорт­тық келісімдер болмақ. Биржа тапсырыстың орындалу кепілі ретінде қызмет етеді. Бұл қазақстандық өндірушілер үшін өткізу нарығын едәуір кеңейтіп, осы нарыққа шетелдік сатып алушылардың шығуына мүмкіндік беретін болады.

Еліміздегі биржа келісімдерінің жалпы көлемі:
2009 жыл – 55 млрд теңге
2010 жыл – 86,5 млрд теңге
Саудаға түскен спот-тауар көлемі:
2009 жыл – 94,5 млрд теңге
2010 жыл – 884 млрд теңге
Келісім саны:
2009 жыл – 1119
2010 жыл – 10 407
Тауар биржаларында жасалған келісімдер:
1. Өсімдік өнімдері, минералдық ру­далар (руда, отын, мұнай өнімдері) – 99,2 пайыз.
2. Машина, құрал-жабдық және меха­низмдер – 0,1 пайыз
Дерек көзі: Статистика агенттігі

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста