Соңғы жылдары Мақтарал ауданында мақта алқабы қысқарғанымен көкөніс, жеміс-жидектерді өсіру жұмыстары қарқынды дамуда. Себебі, шаруалар істің көзін тапса, нақ осы күндері бұл тиімді жұмыс деп санайды.
Айта кетер жайт жеміс жидек өсірушілерге мемлекеттен көмек ретінде қомақты қаржы да берілуде. Мәселен, 2014 жылы 25400 гектар жерде бау-бақша өнімдері жүзім мен жеміс-жидектер бар болса, ол 2015 жылы тағы 5 гектарға ұлғайтылған. Бұл үшін шаруаларға өткен 2015 жылдың өзінде 2,7 млрд теңге субсидия бөлінген. 2016 жылы бұл мөлшер тіпті жоғарылап, күнгейдегі шаруалар жеміс-жидек өнімдерін өсіруге ынталылық танытқан.
Қазір билік шаруалардың шаруасын дөңгелетуде субсидиядан бөлек жаңа бір пилоттық жүйені ендіруді қолға алмақшы. Бұл 6-7 пайызбен диқандарға несие беру жобасы. Ол егіс көлемі аз шаруа қожалықтарды ірі қожалықтармен ерікті түрде біріктіріп, несие беруді көздейді. Алайда, мұның жүзеге асуы уақыт еншісінде. Осы орайда айта кетер жайт Мақтаралдан бөлек Түлкібас ауданы да жеміс жидек өсіруге ынта танытқан. Мәселен биылғы жылы аталмыш аудан 2955 гектар жерге жеміс жидек ексе, оның орташа түсімділігі 118 центнерді құраған. Осылайша барлығы 27120 тонна өнім алынған. Ал 763 гектар аймаққа жүзім егілсе, гектарына 110 центнерден өнім алынып, 7200 тонна өнім алынған. Оңтүстіктің қай аймағы болсын алдағы уақытта жеміс жидек егуге ден қойып отырғаны байқалады. Өйткені егілетін өнім көлемі жыл өткен сайын артып, дихандардың жеміс жидек егуге деген ынты ықыласы байқалады.