Жалпы, мамандардың пайымдауынша, қазірде елімізде өнеркәсіптік тұрғыда ауаның ластану деңгейі де өсіп тұр. Мысалы, мына айрықша жайттарды тізбелеп көрсек:
* Қара металлургия ісінде 1 тонна шойынды балқыту кезінде 4,5 кг шаң, 2,7 кг күкіртті газ, 0,5-0,1 кг марганец бөлінеді. Онымен қоса қоршаған ортаға біраз мөлшерде мышьяк, фосфор, сурьма, қорғасын қосылыстары, сынап парлары, шайырлы заттар бөлінеді.
* Түсті металлургияда 1 тонна алюминий алу үшін электролиздердің түрі мен қуатына байланысты 33-47 кг фтор жұмсалып, оның 65 пайызы қоршаған ортаға тарайды.
* Көмір өнеркәсібінде терриконниктер - жыныстарда өздігінен жануынан ұзақ уақыт бойы көмір мен пириттің жануы жүреді. Нәтижесінде күкіртті газ, көміртегі оксиді, шайырлы заттардың қосылыстары бөлінеді.
* Құрылыс материалдары өнеркәсібінде - жартылай дайын өнімдерді, шикізаттарды майдалау, температуралық өндеу кезінде зиянды заттар бөлінеді.
* Химия өнеркәсібінде (пластмасса, майлайтын материалдар, тұрмыстық химия заттары және т.б.). IV валентті көміртегі оксиді, IV валентті азот оксиді, күкіртті ангидрид, аммиак, күкіртті сутек, хлорлы, фторлы қосылыстар бөлінеді.
Міне, осы жайттарды ескерсек, «болашақта экономикамызды жасылдандыру бағытын ұстанғанымыз жөн» деседі мамандар. Бұған қатысты өнеркәсіп саласындағы ірі компанияларға экологиялық талапты күшейту қажет дейтіндер де баршылық. Мәселен, экономист-сарапшы Мейрам Қабдрахманұлының айтуынша, Қытай елінде бір ғана өрттің туындауына себепші болған мемлекеттік компанияларға ірі көлемде айыппұл салынып үш жылдық мерзімде түскен түсімінің 40 пайызын мемлекет бюджетіне салық ретінде ауларып отыруына тура келеді. Осыдан болар Қытайда қазірде алпауыт компаниялар экологиялық талапты мықтап сақтайды. Ал біздің «Экологиялық кодекске» ірі компанияларды басқарушылар аса ден қойып салмақпен қарай бермейтінін сарапшыларымыз жасырмайды. Сондықтан «Экологиялық кодексті» қатаңдату қажет деседі отандық сарапшылар.