Өндіріс өңірдің өрісін кеңейтеді
Елімізде индустриялық-инновациялық дамуға ерекше мән беріліп отыр. Қай аймақта да сан алуан игілікті істер қолға алынуда. Бұл Қазақстанның алдағы уақыттағы жарқын келешегінің негізі болмақ. Кешегі кеңестік кезеңнің салқыны шығар, сол жылдарда біздің елімізде іргелі өндіріс орындары санаулы-ақ еді. Оның өзінде олардың көбісі сыртқа тәуелді болып келді. Соның салдарынан өндіріс орны ырғақты жұмыс жасау үшін оған қажетті дүниелерді өзге елдерден тасуға тура келгені жасырын емес. Ал 90-жылдардың басынан сондай кәсіпорындар мен зауыттардың аяғына тұсау түсіп, кейбірі жабылып қалса, тағы бірі ілдалдамен тірлігін жалғастырды. Әрине, мұндай тіршілік ауаны Қазақстанның адымын аштыруға кедергісін тигізіп жатқаны жасырын емес.
Шындығын айтқанда, күнделікті тұрмыста қарапайым ғана зат есебінде саналатын шеге мен балғаны да сырттан жеткізетін жағдай басымыздан өтті. 90-жылдарға дейін тек қана шикізаттық өндірістен әріге аса алмаған біздің еліміз үшін жаңадан өндіріс орындарын ашып, онда халыққа қажетті дүниелерді шығару күн тәртібінен түспей жүргенін әрбіріміз жақсы білеміз.
Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында қазір Қазақстанда серпінді істер бар. Оның әрқайсысы да тәуелсіз мемлекетіміздің, әрбір өңірдің, әрбір кәсіпорынның тыныс-тіршілігіне елеулі өзгеріс енгізе алады. Бұрынғы жылдарда тек қана ауыл шаруашылығы саласына арқа сүйеп келген Сыр өңірінде де осындай іргелі жұмыстарға көңіл бөлініп келеді. Биылғы жылдың беделінде Қызылорда облысында индустрияландыру картасы шеңберінде төрт жоба елдің игілігіне айналады деп күтілуде. Оның бірі – Қорқыт ата зиярат ету орталығы кешенінің құрылысы. Атақты абыз бабамыздың жамбасы жерге тиген орында келешекте жұмыс істейтін орталықтың жобалық құны 220 млн теңгеге жуықтайды. Бүгінгі таңда онда құрылыс жұмыстары қолға алынған. Алдағы уақытта жергілікті еңбекшілер комбикорм өндірісі жобасының игілігін көрмек. Осы күндері қажетті құрал-жабдықтар Германиядан жеткізілуде. Онда болашақта тәулігіне 80 тонна өнім шығарылмақ. Сондай-ақ агроөнеркәсіп саласы үшін қажетті нәрсе – органикалық тыңайтқыштар шығару да жоспарда бар.
Сыр өңірінде алдағы кезеңде қолға алынатын басқа да жобалар іріктелуде. Бүгінгі таңда қала, аудан әкімдіктері мен жекелеген кәсіпкерлердің ізденісі нәтижесінде индустрияландыру картасына енгізу мақсатында біршама жобалар таразыланып жатыр. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мамандарының айтуынша, жыл басынан бері қыркүйек айына дейін 13 жоба келіп түскен екен. Оның ішінде алтауы бойынша құжаттар толық түгенделді. Олар сарапшы комиссия өкілдерінің талқысына жолданған. Аталмыш комиссия мүшелері бес жобаға оң бағасын берді. Ал біреуі қосымша зерттеу үшін кері қайтарылған.
Ардагер АҚЖІГІТОВ, Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы:
– Аймақтық үйлестіру кеңесіне ұсынылған бес жоба бойынша айтар болсақ, оның алғашқысы «Тазартылған суды арнайы ыдысқа құю цехын жаңғырту» саналады. Бұл жұмыс облыстың Қармақшы ауданында жасалады. Оны «Мир-2001» ЖШС қолға алмақшы. Бұл жоба жүзеге асырылғаннан кейін Қармақшы және оған көршілес жатқан Жалағаш, Қазалы, Арал аудандары тазартылған сумен қамтамасыз етілетін болады. Бұл жоба келер жылдың орта шеніне таман елдің игілігіне айналады деп күтілуде. Сондай-ақ осы серіктестік бетон бұйымдары цехына заманауи технология өндіру арқылы жаңғырту ісіне де мән беруді көздеп отыр. Қазірдің өзінде олардың дайындаған өнімдері облыста зор сұранысқа ие болып отыр. Ал Қазалы ауданындағы «Игіліков» жеке кәсіпкерлігі балықты өңдеу цехын кеңейтуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар Сырдария ауданында газ әзірлеу түйінінің құрылысы жобасы қолға алынбақ. Оның жобалық құны 1 млрд теңгеден асады. Жоба өңірдің газ өндіру саласын дамытуға өз үлесін қосатын болады. Бұл игілікті істі қолға алған «Құмкөл транссервис» ЖШС оған қажетті қаржыны өз есебінен шығарады. Ал бесінші жоба «Мұнай әзірлеу түйінінің құрылысына» қатысты.
Сыр өңірі жылдан-жылға индустриялық-инновациялық даму бағытында тиянақты істерді атқарып келеді. Әрине, ілгеріде еліміз бойынша өнеркәсібі өркен жая қоймаған өңір болмағандықтан, әлі де қолға алатын жұмыстар жеткілікті екеніне көз жеткізу қиын болмас.
Рас, өнеркәсіп әрбір елдің экономикалық әлеуетін жақсарта түсетіні белгілі жайт. Бұл бағытта Қазақстанда қолға алынып отырған игілікті істер күні ертең халықтың жағдайының жақсаруына өз септігін тигізе алады. Сол себепті еліміздегі индустриялық-инновациялық жобалар бағытындағы жұмыстар келешекте мемлекетіміздің айбынын асқақтата түсері анық.