Атам заманнан мал бағып көзін ашқан қазаққа ара баққызу әрине оңай да емес шығар. Дегенмен, осы кәсіпті де көзін тапса қыруар пайдаға кенелуге болатын көрінеді. Әсіресе, көк шалғыны мен алуан түрлі гүлдерге бай ауылды жерлерде ара кәсібін дөңгелетіп әкетуге әбден болады. Бірақ малдың сүмесімен күнелтіп, ол болмаса екі қолға бір күрек таппай жүргендер омарташылық кәсібіне үрке қарайтын сияқты. Көбінесе өзге ұлт өкілдері айналысып, сап-сары алтындай балдарын қоймаларынан қыстың қатал суығында алып шығып, ыстық шаймен сораптай ішетінін айтсаңшы... Ал қазақ баласы осы кәсіпке неге ұмтылмайды екен? Қызығушылық танытып, орыс арасында тұратын бірді-екілі қазақ болмаса омарта жасап араны да мал етіп баққан жан саусақпен санарлық. Әсіресе, еліміздің шығысында аса жоғары қарқынмен дамыған кәсіптің өңірдегі жайдайы туралы біліп, омарта кәсібінің неліктен орнынан қозғала алмай тұралап тұрғанының нақты себебін анықтауға тырысқан едік.
Қашан да өткенді еске алып салыстырып қараған қазақпыз ғой. Кеңестер уақытында Қазақстан бал шығару жөнінен Ресей, Украина және Белоруссиядан кейінгі төртінші орында болыпты. Тіпті, тәуелсіздік алғанға дейін қазақ елінен шыққан 50 мың тонна балды Жапония, Оңтүстік Корея, Германия елдеріне дейін тасымалданып, олардың таласа-тармаса алғаны туралы деректер бар.
Ал тоқсаныншы жылдардағы тоқырау басқа кәсіптермен бірге омарташылық кәсібін де дағдарысқа ұшыратып, бал шығарған ірі-ірі кәсіпорындар жабылып тынған. Ал, арнайы құрылғылары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткенге ұқсайды. Бас-аяғы жиырма жылда бал асырайтын бірді-екілі бақташылар мен омарташылар болмаса бал шаруашылығын дамудың орнына кері кеткен. Олай деуге себеп те бар. Табиғи таза бал бірді-екілі базарда өз қолдарымен жасаған балды банкіге салып сатып тұрған қарияларда болмаса, қаланың өзінен де шырақ алып іздесең де емге таба алмайсың. Бар болса тек Шығыс Қазақстан облысында ептеп жолға қойылған сияқты.
Жалпы бал шаруашылығы қазір әлем елдерін де тығырыққа тіреп отырған сыңайлы. Себеп, ара жәндігі азайып бұл гүлді өсімдіктің тозаңдануына да кері әсерін тигізіп отыр. Омартасы мен ұясынан гүл іздеп алысқа шыққан аралар жолшыбай жете алмай өліп те қалады. Бал араларының азаюы азуы алты қарыс Американы да аса қатты алаңдатқан сияқты. Өйткені, жыл сайын бал арасының азаюы себепті құрама штаттар 10-14 миллиард доллар көлемінде табыстан айырылады екен. Бал туралы атақты физик Альберт Эйнштейн «Егер бал арасы құритын болса, төрт-бес жылдан кейін адамзат баласы да жойылады» дегенді айтыпты. Еуропа ғалымдары еңбекқор аралардың өліміне Азиядан Еуропаға жүкпен жеткен Varroa атты кене себеп болады дейді.
Ара омартасына байқатпай шоғырланып алатын, тұрқы екі милиметрлік мұндай паразит ара мен оның тұқымдарын әбден жайратып салғаннан кейін ғана, тым кеш байқалады екен. Неміс ғалымдары «ұялы телефон мен түрлі қабылдағыш құрылғылардан шығатын сәуле араның бағыт айқындау жүйесін әлсіретеді» дейді. Сондықтан ара өз ұясын таба алмай, адасып өледі екен.
Дегенмен шетелдіктер біртіндеп болса да, бал шаруашылығын жолға қойып қомақты табыс табудың көзіне айналдырып үлгерген. Әлемде бал өндірісінде де көш басына Қытай жайғасыпты. Одан кейін Аргентина, Украина, Мексика, Түркия орналасқан. Үздік ондықты солтүстіктегі көршіміз Ресей түйіндепті.
Ал қазақ еліндегі бал өндірісі тіпті тоқырап кеткен. Тоқсаныншы жылдары 50 мың тонна болса, қазір мың тоннаға да жетпей қалыпты. Тіпті көршілес қырғыз елі де жылына 5 мың тоннадан астам бал өндіріп біздің алдымызды орап кеткен.
Біз өңірде және елімізде омарта шаруашылығымен айналысудың күрт азаюының себептерін тәжірибелі омарташылардан білуді ұйғардық. Бұл туралы бізге жетпістің бесеуіне шыққан Көкшетау қаласының тұрғыны, қарт омарташы Қалиқан Қалиасқарұлы әңгімелеп берді.
Бал ұстауды алғашқыда орыс жолдасымнан көргенмін. Қазір саяжайда өзім де ұстайтын болдым. Өкпе-бауырым ауыратын. Бал ішкелі бері ауруымнан құлантаза айыға бастадым. Тіпті, дәріні де қолданбадым десем де болады. Ара гүлді алыстан алуан түрлі гүлдердің шырынынан алады ғой. Сондықтан ағазаға өте пайдалы. Өкініштісі сол қазір ара өндірісі шынымен де азайып кетті, - дейді ол.
Ақсақалдың айтуынша қазір Ақмола өңірінде де омарта өндірісі қатты ақсап тұр. Бар жоғы екі-ақ ірі жауапкершілігі шектеулі серіктестік қалған. Қалғаны өзінің үйінің маңында аз-маз ұстап, өзінен артылғанын базарға апарып сататындар ғана. Бұлардың бәрі «Бал арасы» атты еліміздегі омарташылардың қауымдастығына кіретін көрінеді. Омарташылар өңірдегі бал шаруашылығы кәсібінің дамуына кедергі келтіріп тұрғаны мемлекеттің қолдауының аздығында дегенді де айтып қалды. Себебі, бал өндірісі тек жекеменшіктің иелігінде болғандықтан қолдау да аз болып отырған көрінеді. Сонымен қатар балға сұраныс та төмендеп кеткен.
Деректерге қарағанда Қазақстанда тоқсаныншы жылдары 500 мыңнан астам бал арасы семьялары болыпты. Тіпті, Шығыс Қазақстан облысында бал шаруашылығына мамандандырылған іргелі шаруашылықтар да болған көрінеді. Шағын шаруашылықтардың өзі 40 мың басқа дейін бал араларын ұстаған дейді омарташылар. Бал өндірісінің төмендеуіне аралар шырын жинайтын гүлді өсімдіктерді егудің азаюы да тосқауыл болған көрінеді.
Ақмолалық ара ұстаушылар негізінен Карпат араларын ұстайды екен. Украинадан әкелінетін бұл ара тұқымы маусымына 50 келіге дейін таза бал береді екен. Жергілікті омарташылар мемлекет тарапынан қолдаудың жоқтығы жігерді құм ететін көрінеді.
Өңірдегі омарташылар қауымдастығының белсенді мүшелерінің бірі Жеңіс Темірханның айтуынша бал өндірісіне кедергі келтіріп отырған ірі бір мәселе аралар қонатын гүлдердің өсірілмеуінде. Атап айтқанда, түйе бұршақ, жоңышқа, эспарцет сияқты да гүлді өсімдіктер аралардың балды көп беруіне ықпал етеді. Алайда, гүл өсіру ісі әлі де болса жолға қойылмаған. Мәселен, еліміздегі шөл және шөлейтті жерлерге айналып бара жатқан 40 пайыз жерге түйебұршақ тұқымын өсірсе, бал араларына таптырмас шырын табуға болатын көрінеді. Түйебұршақ бір жағынан жерді құнарландырып, 5-10 жыл ішінде жақсы түсім табуға да ықпал ете алатын көрінеді. Дегенмен, ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмайды. Ара шаруашылығымен айналысатын республикалық «Бал ара» қауымдастығы бірқатар шаруаның басын қайырғанға ұқсайды. Атап айтқанда Шығыс Қазақстан облысында жыл сайын дәстүрлі түрде бал фестивалі ұйымдастырылады екен. Аталған қауымдастық өздеріне 10 жыл ішінде қазақ елін әлемдегі бал шығаратын үздік ондыққа кіргізуді мақсат етсе керек.
Мақсаттары орындала ма? Оны алдағы уақыт көрсететін шығар. Дегенмен, істің оңға басуы үшін мемлекет тарапынан қолдаудың қажеттігі анық...
«Алаш айнасы»
Омарташылық кәсіп неге оңалмай тұр?
Последние статьи автора