Несиені жабудың үш оңтайлы жолы
Мемлекеттің үлесі бар үш қазақстандық банк — «БТА Банкі» АҚ, «Альянс Банкі» АҚ, «Темірбанк» АҚ және «БТА Ипотека» Ипотекалық ұйымы» АҚ ипотекалық несиелеу нарығында жұмыс жүргізудің бірыңғай стандарттарын қабылдады. Оған несие алушылардың төлеу қабілеттілігінің төмендігі және қазақстандық банктердің несиелік портфельдері сапасының ары қарайғы нашарлауы себеп болып отыр.
Қайрат АЛТЫНБЕКОВ, «БТА Ипотека» Ипотекалық ұйымы» АҚ вице-президенті:
– Біз өз несиесін төлей алмай отырған клиенттерге арналған жүйелі шешімдердің үш пакетін жасап шығардық. Біріншісі – әлеуметтік жағынан қорғалмаған, ипотекаға сатып алған жалғыз тұрғын үйі бар несие алушыларға арналған. Несие алушылардың бұл тобына ипотекалық заемды қайта құрылымдау механизмі ұсынылатын болады. Бұған ағымдағы ай сайынғы төлемнің 10%-ға дейін уақытша азаюы және екі жылдық жеңілдік мерзімі кіреді. Яғни несие мерзімін ұзарту арқылы төлем пайызын азайту, сондай-ақ екі жылға демалыс уақыты беріледі. Ал екінші топтағы клиенттеріміз үшін ипотекаға сатып алынған тұрғын үйді жалға беру механизмі енгізілген. Бұл пакет объективті себептермен ағымдағы ай сайынғы төлемдердің 50 пайызынан астам сомасын төлей алмайтын несие алушылар тобына ұсынылады. Осы механизмді іске асыру несие алушылардан тұрғын үйді ағымдағы нарық бағасымен сатып алып, ары қарай екі жыл бойы жалға беруді көздейді. Осылай несие алушылардың бұл тобы тиімді шарттарда өз үйінде ары қарай тұра беру мүмкіндігін алады, ал ай сайынғы жалдау төлемі қазіргі несие өтемдерінің 50%-ынан аспайды. Екі жыл өткеннен кейін несие алушы үйді қайта сатып алу құқығына ие болады. Ал тұрғын үй бағасы клиенттің банк алдындағы қалған берешегіне теңеледі. Демек, несиесін төлей алмай отырғандар өз мүлкін банкке тапсыру арқылы өзінің мүлкін жалға алып, екі-үш жылдан соң жағдайы түзелгеннен кейін қайтып сатып алуға мүмкіндігі бар. Үшінші пакет туралы айтатын болсақ, ол үстемақы мөлшерлемесін азайту мүмкіндігі мен несиелеу мерзімін үш жылға ұзартуды қарастырады. Бұл дегеніміз – несие пайызын төмендетіп, төлейтін мерзімін созуға болады деген сөз. Айта кетейік, әрбір жағдай бойынша шешім жеке қабылданады. Демек, банк өкілдері әр клиентпен кездесіп, оның жағдайына қарай осы үш шешімнің бірін қабылдауға көмектеседі.
Мемлекеттің үлесі бар қазақстандық банктер ипотекалық несиелеу нарығында проблемаларды шешудің осындай кешенді тәсілді пайдалану тиімді және лайықты болатынына кәміл сеніп отыр. «Бұл шаралар ипотекалық несиелер бойынша бар берешекті шығынға жазуды білдірмейді, бұл ипотека нарығындағы жағдайды оңалтуға және қазақстандық несие алушыларының қарыз ауыртпалығын жеңілдетуге бағытталады», – дейді «БТА Банкі» АҚ-тың басқарушы директоры Күнсұлу Қапбасова.